Саясат

Батыс зерттеушілері: Қытай инвестицияның көбін Қазақстанға құйып жатыр

Қытай пайданы қалайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Бір белдеу – бір жол» жобасына құйылып жатқан Қытай инвестициясының ең көп бөлігі Қазақстанға берілуде, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы DW.com басылымына сілтеме жасап. Аталмыш басылым немістің Бертельсман қорының есептеп берген зерттеулеріне, неміс экономистерінің пікірлеріне сүйеніп, тұжырымдар жасайды.

ЕуроОдақты ұмытпаған жөн

Батыс пен шығысты жалғап «Бір белдеу – бір жол» жобасына қытаймен бірге Батыс елдері де инвестиция құйып жатқаны белгілі. Алайда батыс зерттеушілері бұл дүниежүзілік жобаны тек Қытай елі ғана қаржыландырып жатыр деген түсініктің белең алғанына қапалы болып отыр.

- Алайда Батыс елдері де, оның ішінде ЕуроОдақ елдерінің де бұл жобаға құйып жатқан инвестициясы Қытайдан кем емес, - деп жазады аталмыш басылым.

Қазіргі уақытта бұл дүниежүзілік жобаға 25 мемлекет қатысып жатыр. Олардың арасында Орталық және Шығыс Азия елдерімен бірген Африка және шығыс Еуропа елдері де бар.

Поскеңестік елдерден тоғыз мемлекет осы жобаға жұмылдырылған.

«Бір белдеу – бір жол» жобасына құйылған инвестициялардың барлығын есептеп шыққан Бертельсман қоры батыс инвестициясының басым бөлігі 16 мемлекетке, ал қытай инвестициясының басым бөлігі 5 мемлекетке беріліп жатқанын жеткізді.

Әсіресе, қытайдың инвестициясының ең көп бөлігі Қазақстан мен Пәкістанға, Лаос пен Беларуссияға, ал батыс елдерінің инвестициясының көп бөлігі Әзірбайжан мен Өзбекстанға, Түркіменстан мен Арменияға құйылып жатқан көрінеді. Батыс елдері деп мұнда ЕуроОдақ елдерімен бірге АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Корея елдері зерттеуге алынып отыр.

 Қытай неге Қазақстанды таңдап алды?

Зерттеу деректеріне сүйенетін болсақ, Қытайдың «бір белдеуге» құйып жатқан инвестициясының бір бөлігі емес, басым бөлігі дәл осы Қазақстанға енгізіліп жатыр екен.

- Меніңше, Қазақстанның батыстан теріс айналып, Қытайдың ықпалына түсіп, құрығына ілініп қалу қаупі басым. Сондықтан қазақстан қоғамы қытайдың қарымды ықпалына тойтарыс беруі қажет. Ал Батыс елдері Қазақстанға баламалы жол ұсына білгені жөн, - дейді бұған қатысты Дуйсбург-Эссен университетінің Шығыс Азия және Қытай экономикасы кафедрасының жетекшісі, профессор Маркус Таубе.


Ғалымның айтуынша, Қазақстанда батыс елдерінің қолдауы жоқ болғандықтан, Қытай үшін қазақ елі игерілмеген ашық алаңға айналып отыр.

- Мәселен, Өзбекстанға құйылып жатқан қытай инвестициясы өте аз. Себебі бұл елде АҚШ-тың ірі әскери базасы орналасқан. Сондықтан батыстың ықпалы басым әрі бұл қытайдың мүддесіне тұсау салып отыр, - дейді профессор.

Басылымның жазуынша, Қытайдың Қазақстанға қол салуына себеп болып отырған тағы бір нәрсе – ол қазақ елінде орнаған авторитарлы саяси басқару жүйесі. Бұл – қытайдың емін-еркін жылыстауына таптырмас мүмкіндік.

 Одан бөлек, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы да оны тырп еткізбей отыр. Дүниежүзілік экономикалық институттың есептеуінше, Қазақстанның қытай алдындағы қарызы ішкі жалпы өнімнің 5%-ына жуығын құрайды.

- Алайда Қытай мемлекеті дүниежүзі елдеріне берген несиесін, оның сомасын барынша құпия ұстап отыр. Шын мәнінде, Қытай әлем елдеріне берген несиенің басым бөлігін Орталық Азия мемлекеттеріне «салған» болуы мүмкін, - деп хабарлайды аталмыш институт.


Қытай мен Батыс инвестициясының айырмашылығы қандай?

Мәселе ниетте болып отыр. Батыс елдері инвестицияны аймақты дамыту үшін, әл-ауқатын жақсарту үшін құйса, Қытай, негізінен, өзінің жеке мақсат-мүддесі мен пайдасы үшін қаржы құяды.

- Батыс берген көмектің белгілі бір талаптары бар. Мәселен, мемлекеттік басқаруды өзгерту, адам құқығын қорғау сынды талаптар қояды. Ал бұл сол елдің азаматтары мен тұрғындарының өмірін жақсарту үшін қажет. Мысалы, Қытай салып берген жолды тек өзінің компаниялары ғана қолдану үшін қолдан келгенін жасайды, - дейді Таубе.

Сондықтан да басылымның жазуынша, Батыс елдері қытайдың ықпалы күшейіп бара жатқан аймақтарға мән беруге, сол елдерге баламалы жобаларды ұсынуға тырысуы керек.