Спорт

Бокстағы әділетсіздіктер: Өткеннен бүгінге дейін

Жеңіп тұрып жеңілген боксшылар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионаты мәреге жақындаған сайын боксшылар тарапынан наразылықтар өрши түсуде. Алдымен ширек финалдық жекпе-жекте 91+ салмақта ағылшын боксшысы Эдвард Кларк ресейлік Максим Бабанинді жеңсе, кейіннен орыстың наразылығын зерттей келе, жеңісті алаң иелеріне қайтарып берді. 

Ал кеше жанкүйерлер дәл осы салмақта алтыннан басты үміткер жерлесіміз Василий Левит эквадорлық Хулио Кастильоны қалпақпен ұрып алады деп сенген. Алайда 3 раундтан соң, төрешілер жеңісті Оңтүстік Америкалык өренге беріп, таңғалдырды. Иә, бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, Левит көресіні дәл осы әуесқойда (Рио Олимпиадасының финалында ресейлік Тищенкодан даулы жеңілісі) көріп келіп жатыр. Дегенмен бұл жайт әуесқой бокстағы жалғыз жайт емес...

-  1984 жылғы жазғы Олимпиада ойындары. ХХ ғасырдың ең үздік боксшыларының бірі Майк Тайсонды 2 рет жеңген Эвандер Холифилд әуесқой бокста әділетсіздікке жолыққан. Лос-Анджелестегі Олимпиадада жартылай финалына еш қиналмай шыққан америка жұлдызы финалға берер жолдаманы сарапқа салар кездесуде жаңа зеландиялық Кевин Барриді 1 раундта-ақ бір рет нокдаунға жіберіп, жеңімпаз кім екендігі белгілі болғандай көрінген. Тіпті, 2-ші раундтың соңында қарсыласын нокаутқа да жіберді. Бірақ төрешінің пікірінше, ол соққыны «стоп» деген бұйрықтан соң, ұрды деп Холифилдты жарыстан шеттетіп жіберді. Кей сыбыстарға сенсек, Югославиялық бас төреші америкалықты финалға шығармауды қалаған. Оған басты себеп, жекпе-жектің жеңімпазы финалда Балқан өкілі Антон Новичичпен шығуы керек болатын. Бұл әділетсіздікке налыған Эвандер Олимпиададан кейін кәсіпқой боксқа жол тартты.

-  1988 жылғы жазғы Олимпиада ойындары. Оңтүстік Кореяда өткен бокс жарысында көрермендер атақты Рой Джонсты ешкім тоқтата алмайды деп ойлаған. Алайда финалдық жекпе-жекте жергілікті елдің боксшысын 3 раунд бойы қуып сабаса да(Рой Джонс 95 рет дәл соққы, корей боксшысы 32 дәл соққы), төрешілер жеңісті алаң иесіне берді. Қазылар алқасы америка тарапы наразылықты дәл уақытында бермеді деп кездесу нәтижесін қайта қараудан да бас тартты.

-  1996 жылғы жазғы Олимпиада ойындары. Кәсіпқой бокстың патшасы Флойд Мейвезер де әуесқой бокста төрешілер сынына ұшыраған. Жарыс барысында басты фавориттердің бірі кубалық Лоренс Арагонды жеңген соң, жартылай финалда күтпеген жерден болгариялық Серафим Тодоровқа жол берді. Көз көргендердің айтуынша, Мейвезер ол жекпе-жекте қарсыластан қарағанда, жеңіл әрі ширақ қимылдаса да, жеңіске жете алмапты. Дәл осы даулы кездесу Мейвезердің әуесқой бокстағы ең соңғы жеңілісі ретінде тіркелген.

-  2011 жылғы Әлем чемпионаты. Кәсіпқой бокста қарсылас шақ келтірмей жүрген Украин жұлдызы Василий Ломаченконы да қырсық шалды. 1/8 финалда бразилиялық Робсон Консейсаомен жұдырықтасқан сәтте, қарсыласын 1 рет нокдаунға жібергеніне қарамастан, төрешілер 20:19 есебімен Консейсаоның қолын көтерді. Алайда бокс ұйымдастырушылары артынша украинның наразылығын ескеріп, жеңісті қайта берді. Нәтижесінде Ломаченко әлем чемпионы атанды.

2016 жылғы Рио Олимпиадасы. Ширек финалдық жекпе-жекте алтынға басты үміткер ирландиялық Майкл Конлан ресейлік Владимир Никитиннен жеңілді. Жеңілісін мойындамаған Конлан ринг төрінде төрешілерге сұқ саусағын көрсетіп, жемқорлар деп атады. Бұндай әділетсіздік барда, әуесқой бокста жұдырықтасудың еш нәтижесі жоқ деген Майкл кәсіпқой бокске ауысты.