Саясат

Тоқаевқа билікті ұстап тұру үшін өзі жасақтаған қарулы күш қажет

АҚШ-тағы Федералды тергеу бюросы сынды тәуелсіз құрылым қажет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси-экономикалық бастамаларының арқасында елге де, әлемге де біршама танылып қалды. Елдегі, әлемдегі өзекті, қиюы қашып тұрған мәселелерге шынайы қарап, оны шешудің әділ жолдарын ұсына білді. Тоқаевтың сөйлеген сөздері халықтың да көңілінен шығып жатқаны байқалады. Алайда Тоқаевқа толық жұмыс жасау үшін команда керек екендігі түсінікті. 

Әсіресе, оның идеологиялық ойларын жүзеге асыратын саяси партия мен оның идеологиялық құндылықтарын қорғайтын әскери күш қажет.

Тоқаевтың ары таза

Жалпы, Тоқаевтың ел алдында ұялар теріс қылығы жоқ адам. Мемлекеттік шенеуніктердің арасында тараған ең үлкен қылмыс – бұл пара алу мен жемқорлық, мемлекет қаржысын жымқыру. Алайда Тоқаевтың пара алды, жемқорлықпен байланысы бар деген бірде-бір деректі таба алмаймыз. Бұл жағынан Тоқаев басқа саяси лидерлерге қарағанда біршама таза. Соған қарағанда, Тоқаев материалдық дүниеге қарағанда зияткерлік пен идеологияны жоғары қоятын адамға ұқсайды.

Сондықтан Тоқаевтың имиджін қалыптастыру оңайырақ. Оның үстіне, елдің және қоғамның дамуына қатысты айтқан ойлары дұрыс бағытта келе жатыр. Саяси сананы либералдандыру, экономикалық бағытты басқа жаққа бұру мен мемлекеттік аппаратты жасақтау, мемлекеттік холдингтердің мәселесін шешу, салығын түгендеу, қоғамдық күштермен байланыс орнату, әлеуметтік мәселелерге мән беру сынды бастамалары, әзірше, қоғамның оң жамбасына келуде.

Сыртқы саясатты да біршама түгендеп үлгерді. АҚШ-пен, Қытаймен байланыс орнатып, Ресейді де кенже қалдырған жоқ. Басты келісімшарттарға қол қойып, оны орындауға кірісті. Сыртқы саясатта сенім – басты көрсеткіш екендігін дәлелдей алды. Әрі сыртта жасаған келісімдерін елге келген соң, орындауға кірісті. Бұл көз тігіп отырған елдердің көңіліне сенім ұялатары хақ.

Жоғарыда айтқандарды ескере келе, Тоқаевтың артынан еретін элитаның, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, пайда болатынын аңғаруға болады. Ал Тоқаевтың міндеті – солардың арасынан өзіне сенімділерін таңдап алу.

Дәрігердің ісі мен күштік құрылым құрудың маңызы 

Әсіресе, маңына қарулы күштерді топтастыру алудың маңызы зор. Олай болмаса, Тоқаевтың абыройымен ойнаушылар көбеймек. Ондай жағдай жақында ғана болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте жүріп дәрігер Қанат Тезекбаевқа араша түскен кезде, ішкі істер органдары мен басқа да мүдделі топтардың арасында отандық медициналық нашар екендігі жайында БАҚ-та сериялы мақалалар жариялана бастады. Яғни, ақылы мақалалар шықты. Мұның барлығы медициналық қызметкерлерге қатысты қылмыстық істің орынды екендігін көрсету мақсатында жазылған дүниелер болатын. Сол арқылы дәрігерлердің неге сотталғанын қоғамға түсіндіріп беру оңай болмақ.

Осы сәтте құқық қорғау органдары арасында Тоқаевқа қарсы адамдардың бар екендігі білініп қалды. Олардың бірі, кейбір басылымдардың айтып жүргені адамы – экс-министр Қалмұханбет Қасымов.

Енді Тоқаевтың алдында екі жол тұр: бірі – жаңа әскери қызметкерлер табу болса, екіншісі – жаңа күштік құрылым құру. Яғни, Ресейдегі Тергеу комитеті мен АҚШ-тағы Федералды тергеу бюросы сынды күштік құрылымды жасақтау.

Тоқаев Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде құқық қорғау органдары мен сотты реформалайтынын мәлімдеген болатын. Бұл күштік құрылымды жасақтаудың жолы болса керек. Өйткені мұндай реформаны жүзеге асыру үшін "біреулерді" ұстап, сотқа тартып не қылмыстық іс ашу қажет болады. Ал оны жасайтын жаңа күштік құрылым болуы тиіс. Мұндай қызметке жинақталған адамдардың ойлау санасы өзгеше, менталитеті бөлек болары сөзсіз.

Ведомости Казахстана