Саясат

Ресей сатылмай жатқан ұшақтарын Қазақстанға сатпақшы

ЕАЭО-қа мүше елдердің барлығы Қазақстанды қолдап отыр, бірақ Ресей қарсы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей Қазақстан ұсынған Кедендік одақ комиссиясының №130 шешімін 2032 жылға дейін ұзартуды қолдамай отыр.

Бұл шешім ЕАЭО-қа А320/Boeing-737, А330/Boeing-767 ұшақтарын кедендік алымсыз, жеңілдікпен кіргізуге мүмкіндік береді.  А320 бойынша жеңілдік 2023 жылы, А330 бойынша 2025 жылы аяқталады.  Ал 2032 жылға дейін қазақстандық Air Astana мен SCAT-қа 60 жаңа ұшақ қажет. Осы мақсатпен Қазақстан жеңілдікті 2032 жылға дейін ұзартуға тырысуда. Егер жеңілдік болмаса ұшақ құнына қосымша $500 млн төлеуге тура келеді. Оның салдарынан әуе билеті  қымбаттауы мүмкін.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, ЕАЭО-қа мүше елдердің  барлығы Қазақстанның ұсынысын қолдайды. Алайда жалғыз Ресей қарсы. Себебі  ЕАЭО-елдеріне Sukhoi Superjet 100 ұшағын сатқысы келеді.

Олар SSJ-100 ұшағының 15 VIP данасын мемлекеттік органдарға лизангке алуды ұсынған. Одан бөлек ресейлік компания  мен қазақстандық SCAT 2015 жылдан бері  15 ұшақ сатып алу туралы келіссөз жүргізіп келеді. Алайда 4 жыл бойы нақты келісімге келмеді. Қазақстандық БАҚ-ның жазуынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі SCAT-тың  жоспарында жақын арада Sukhoi Superjet 100 сатып алу жоспары жоғын мәлімдеген.

1 қазанда қазақстандық бірқатар компаниялар «Сухойдың азаматтық ұшақтары» АҚ өкілдерімен кездесіп, Sukhoi Superjet 100 ұшақтарымен танысқан. 15 қазанда Нұр-Сұлтанда өткен үкіметаралық комиссия отырысында осы екі мәселе талқыланған. Келіссөз кезінде Ресей жеңілдік уақытын созуға қарсы екенін айтып, 2020 жылы талқылауды ұсынған. 

Ал қазақстан тарапы жеңілдік 2032 жылға дейін ұзартылса  15 дана Sukhoi Superjet 100 ұшағын SCAT-тың сатып алуына рұқсат беруге көніп отырған көрінеді.

Айта кетейік, ресейлік Sukhoi Superjet 100 ұшағының сатылымы 2019 жылы төмендеп кеткен. 2018 жылмен салыстырғанда сатылым 30% аз. Төмендеу соңғы 7 жылдан бері байқалады. Биыл зауыт 1-ақ ұшақ сатқан, 15-ақ ұшақты бұрынғы келісімдер бойынша жеткізуі тиіс.

Ұшақ қазір Ресейдің ішкі нарығында ғана сатылуда. Бұған дейін шетелдік сатып алушылар жаппай бас тартқан еді. Қазір ресейлік ұшақты тек мексикалық InterJet қана қолданады. Алайда олардың өзі қаржылық қиындыққа тап болғандықтан ұшақты сатуға ниеттенгені туралы бірнеше ақпарат шыққан. Сонымен қатар мексикалық компанияның 12 ұшақ сатып алу үшін Airbus-пен келіссөз жүргізе бастағаны белгілі болды.

Биыл ресейлік өндіруші Африкаға бір ұшақ сатуға келіскенімен, кейін сатып алушы қаражат таппағандықтан кейінге шегерілген. Норвегиялық Norwegian Air Shuttle 40 ұшақ сатып алады деген ақпарат тараған еді, алайда әуе компаниясы мұны жоққа шығарды.

Жыл басынан бері словениялық Adria Airways, бельгиялық Brussels Airlines пен ирландиялық CityJet сатып алудан бас тартқан. Басты себеп — ұшақтар сенімсіз. Сатып алған компаниялар бөлшек жеткізу мен жөндеудің күрделі екендігіне шағымданған. bbc.com жазуынша

Sukhoi SuperJet 100 ұшақтарының 3/1 бөлігінің 6 күннен артық ұшпауы байқалған.

Әуе компанияларынан бөлек жолаушылар да ұшудан бас тартады. bbc.com жазуынша ресейдің өзінде ірі компаниялардың ТОП менеджерлері Sukhoi SuperJet 100-ке билет алмауды тапсырады екен. Ресейлік БАҚ бұл ұшақ туралы жаңалықты «ешкімге керексіз» ұшақ деп көзге шұқып, атап отырады.

Жалпы бұл ұшақтың алғашқы сапарының өзі сәтсіз басталған еді. 2012 жылдың 9 мамырында Индонезияда таныстыру үшін әуеге көтерілген ұшақ 25 минуттан кейін Салак тауына соғылып, ұшақ бортындағы 45 адам қаза болды.

Бұдан кейін аталған ұшақ 2013 жылы, 2018 жылы 2 рет апатқа ұшырады. Соңғы рет 2019 жылдың 5 мамырында Шереметево әуежайына қонғаннан кейін өртеніп, 40 жолаушы мен 1 экипаж мүшесі қаза тапты.

Қазіргі кезде ұшақты шығарушы «Гражданские самолёты Сухого» АҚ қаржылық жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. 2018 жылы компанияның таза шығыны 4,5 есеге өскен. 2019 жылдың сәуір айында таза шығыны 4,94 млрд рубльді құрады.

7kun.kz