Weekend

7 қарашада шығатын кинопремьералар

Бүгін Стивен Кингтің «Доктор Ұйқы» романының экранизациясы шықты. Бұл - танымал «Шұғыланың» жалғасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сонымен қатар Нұртас Адамбайдың жаңа комедиясы, Джонни Депп ойнаған драма және басқа да қызықты жобалар бар.

«Доктор Ұйқы» Доктор Сон» / «Doctor Sleep») [18+]: Стивен Кингтің аттас романына негізделген үрейлі триллер. Ал «Доктор Ұйқы» шығармасы - автордың 1977 жылы шыққан «Шұғыла» кітабының жалғасы. «Шұғыланы» Стэнли Кубрик 1980 жылы экранға шығарды, онда басты рөлде Джек Николсон ойнады.

«Доктор Ұйқының» сюжеті бірінші фильмдегі басты кейіпкер - Джек Торрэнстің ұлы Дэнни төңірегінде өрбиді. Отелдегі қанды оқиғадан аман қалған ұл ержетіп, Нью-Йорк түбіндегі хосписке жұмысқа тұрады. Бала кезінде басынан өткізген оқиға оның психикасына қатты әсер еткен. Қорқынышты естелігін және бойында байқалған мистикалық қабілетті тұншықтыру үшін алкоголге құмар. Бірде ол ерекше қабілеті бар қызды кездестіреді.

Фильмде басты рөлдерде Юэн МакГрегор мен Ребекка Фергюсон ойнайды.

«Әкім» («Аким») [12+]: Әмбебап киномейкер Нұртас Адамбайдың жаңа режиссерлік, актерлік, сценарийшілік және продюсерлік жұмысы.

Комедия қала өмірінің жайлы өміріне үйренген Азамат есімді жас мажор туралы баяндайды. Ол алыстағы Тазабұлақ ауылына әкім болып тағайындалады. Жаңа әкімді ұялы байланысы жоқ, әжетханасы мен душы далада болатын, электрі жиі сөнетін елді мекен күтіп тұр еді. Мұндай өмір оның болмысына жат, сол себепті тезірек қалаға оралуды ойлайды.

«Профессор» («Во всё тяжкое» / «The Professor») [16+]: Басты рөлде Джонни Депп ойнайтын драма.

Сюжет колледжде сабақ беретін профессор төңірегінде өрбиді. Бір күні ол ауыр дертке шалдыққанын, көп кешікпей бұл өмірмен қоштасатынын біледі. Осы сәттен бастап барлық тыйым мен ұятты ұмытып, ойындағының бәрін іске асыруға талпынады.

Жұмақ белестері («Райские холмы» / «Paradise Hills») [16+]: Эмма Робертс, Аквафина, Милла Йовович секілді жұлдыздар басын қосқан фэнтези. Фильм көпшілікке алғаш рет биыл «Сандэнс» кинофестивалінде таныстырылды.

Фильмде ауқатты отбасынан шыққан Ума есімді бойжеткен туралы баяндалады. Ата-анасы оны еркінен тыс тұрмысқа береді. Қыздың қарсылығын басу үшін оны жұрт көзінен тасада орналасқан «Жұмақ белестері» пансионына жібереді. Ума осылайша құпияға толы мекенге тап болады.

Сонымен қатар биылғы Канн кинофестивалінің лауреаты - «Портрет девушки в огне» («Portrait de la jeune fille en feu») француз драмасы, Милен Фармердің киноконцерті шектеулі прокатпен шықты және ресейлік «Девятая» үрейлі триллері жарық көрді.