Weekend

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан 5 генерал

Тарих таңбасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қазақ жауынгерлері де көзсіз ерлік көрсеті. Майдан даласында кеудесін оққа төсеген әскерлер, полк пен взводтарды басқарған командирлерде болды. Ұлы Отан соғысының ақиқаты әлі ашыла қоймады. Қазақтан бұл соғыс өртінен қаншама Кеңес Одағының батырлары мен генералдары шығатыны анық еді. Солақай саясаттың, шовинистік көзқарастың салдарынан қазақтың мақтаныштары да зардап шекті. Десе де бұндай қысаң саясаттың салдарына көнбей, қазақтың батырлары генерал шенін алды. Ауыз толтырып айта алмасақ та, генерал болған қазақ батырлары жетерлік. Осы тұста екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қазақтан шыққан тұңғыш 5 генералға тоқталып өтпекпіз. 

Шәкір Жексенбаев (1943) 

Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең алғашқы қазақ генералы ретінде Шәкір Жексенбаевты толық айта аламыз. Ол қызметін Ордадағы қазақ атты әскер полкінде курсант болып бастап, кейін жоғары әскери кавалерия курсын бітірді. Курстанттан бастап, командир, взвод басшысы, эскадрон командирінің көмекшісі болды. Екінші дүниежүзілік соғысты Шәкір Жексенбаев Ленинград әскери округінің хи­миялық қызметінің бастығы болып қарсы алды. Ленинград шебі­­нің құрамындағы аласапыран со­ғыс­тан кейінгі екі жылдан соң Шәкір Жек­сенбаевқа 1943 жылғы қазанда генерал-майор әскери атағы берілді. 

 

Сабыр Рахымов (1943) 

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында екінші генерал атағын алған Сабыр Рахымов. Ұзақ уақыт бойы генерал Сабыр Рахымовты Өзбек­стан­­ның өкілі деп есептеп келді. Кейін оның ұлтының қазақ екені анықталды. 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Сабырды анасы Өзбекстанға алып кеткен. Баку қаласындағы әскери училищені үздік бітірген. Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясындағы полктің взвод командирі, эскадрон командирі қызметтерін атқарған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, ерен ерлік көрсетеді. 1943 жылы Сабыр Рахимовке жоғары әскери дәреже генерал-майор атағы берілді. 

 

Зайсан Мүдәрісұлы (1944) 

Мүдәріс Зайсанов - Моңғолия қарулы күштерінде қызмет атқарған қазақ азаматы, генерал-майор. 1910 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан өңірінде дүниеге келген. 1925 жылы Зайсан жақтан Моңғол еліне өтіп кеткен. Содан 1932 жылы Монғол елі атынан Кеңес елінің Орынбордағы ұшқыштар даярлайтын училищені тәмамдайды. Халхин-Гол шайқасы кезіндегі ерліктері үшін Моңғолияның және Кеңес Одағының ең жоғарғы наградаларының бірі - «Қызыл ту» орденімен марапатталады. 1937-1939 жылдары өзі оқыған Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қалып қояды. 1944 жылдың сәуір айында Ұлы Құрылтайдың № 22 жарлығымен оған генерал-мойор шені берілді. 

 

Дәлелхан Сүгірбай (1947) 

Қазақ жұртының жалынды азаматтарының бірі – Дәлелхан Сүгірбаевтың өмір тарихы әрқилы. 1906 жылы Монғолия жерінде дүниеге келген. 1928 жылы Ұлан-батыр қаласында өткен кезекті Құрылтайға барып қатысады. Құрылтайда байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу мәселесі сөз болады. Содан секем алған Дәлелхан бір түнде қашып, Қытай еліне өтіп кетеді. Кеңес елі Д. Сүгірбаевты Алматыда оқытып-тоқытып, 1944 жылы Ресей арқылы Монғолияның батысындағы Бай-өлке аймағына жеткізіп, одан ары Оспан бастаған көтерілісшілерге қосады. 1945 жылы үш аймақ көтерілісінен пайда болған Шығыс Түркістан республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, мемлекет басшысы Әлихан төренің жарлығымен генерал-майор шенін алады. 1947 жылдың ақпан айында Алтай аймағының генерал-губернаторы болады. 

 

Нұрлы Байкенов (1962) 

Қазақтан шыққан генералдардың бестігін генерал-майор Нұрлы Байкенов қорытындылайды. Нұрлы Байкенұлы 1915 жылы Ресейдің Омбы облысында дүниеге келеді. Омбы педагогика институтын бітіріп, Мәскеудің әскери-саяси академиясын тәмамдайды. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысып, рота басшысы қызметінен бастап командир орынбасары, полк командирі басшылығына дейін көтеріледі. Соғыс біткеннен кейін еліне келіп қызмет атқарып, 1960-1980-жылдары Қазақ КСР-інің әскери комиссары болып қызмет етті. Нұрлы Байкеновке 1962 жылы генерал-майор атағы берілді. 

Дайындаған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Дереккөз:National Digital History