Саясат

Өзекте – бес бүлдіршіннің мүрдесі...

Аза жыры...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кешегі жантүршігерлік ауыр қаза бүкіл елдің қабырғасын қаусатты. Бұл бір отбасының ғана емес, барша қазақтың қайғысы деп білеміз. Айтарға сөз жоқ... Тек үнсіз отырып жылай бергің келеді... Қазақ ақындарының аза жырымен ғана жұбанамыз...

*** 
Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз, 
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із. 
Жер бетінен жайлы орын таба алмай, 
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз! 

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан, 
Өміріміз тар бөлмеде басталған. 
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші, 
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан! 

Қастарыңда болсын дайым анаңыз, 
Әкетайың болсын дайым панаңыз, 
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те, 
Ұжымақта зәулім сарай саламыз! 

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын, 
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын, 
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы, 
Отанымда еш жамандық болмасын! 

Кеңшілік Тышқанұлы

ШАПАҒАТШЫ 

…Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі, 
(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!) 
Бес Періште – жасыл қанат бес Сәби, 
Көкке ұшып кете барды түн іші. 

Үркер қайда – 
Төбеде ме? 
Батыста? 
Не жорамал – бүк түсіп бұл жатысқа?! 
Кете барды бес Періште – бес Сәби, 
Қала алмады жалын қамап, 
От ұстап. 

Жыла, жүрек, 
Жүде, көңіл, оязып, 
Берер ме екен Күн емшегін, 
Ай азық? 
Ұстап қала алмады ғой арқаның 
Ақ шалмалы аязы. 

Енді оралмас, 
Мекен болмас кір ғалам – 
Мың бояулы дүниесін бұлдаған. 
Еске салып егілтеді біздерді, 
Күл орнына өскен райxан гүл ғана. 

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын, 
Еліктірмес «Үйшік-үйшік» ойыны. 
Терезеден жаутаң қағып жанарлар, 
Тас қаладан іздемейді мейірім… 

Азам -ауыр, 
Қайғым – қалың, 
Ой – терең, 
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК… 
Бұтағыңа қонақтайтын балапан, 
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?! 

Жұмақ кірер – 
Сарай, 
Хауыз, 
Кіл шағыи, 
Ертегілер әлеміндей тұмса күй. 
…алақанын жайып маған талпынып, 
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби. 

Мен де мұңды, 
Туған өлкем жырақта, 
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта. 
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап, 
Жуындырам көзден аққан бұлаққа… 

Бес Періште тәмамдалмас сапары, 
Шырақ жағып жүрер түнге от алып. 
…Шапағатшы болсын саған Сәбилер, 
Менің сорлы, 
Менің ұлы Отаным! 

Мұрат Шаймаран


***
Үй емес, менің өзегім өртенді,
От құшты жастық, көрпемді...
Бес қаруы сай батыр-ажалға жүгірдім,
Бес бүлдіршіннің орнына қи деп желкемді...

Сұп-суық төгеді аспан нұр,
Бес күннің көшерін ескертіп бастан бір...
Теледидарда - мерекелік отшашу,
Жеркепеде - отқа оранған бес тал гүл.

Арсыздың алшыдан асығы,
Дұрысым қате боп - руһым жасыды...
Сол жағалауда - бес жұлдызды қонақүй,
Оң жағалауда - бес бүлдіршіннің лашығы.

Флешмоб.
Форум.
Шоу.
Жыр кеші.
Керегін білмедім солардың кімге осы?!
Газетте - бес әлеуметтік бастама,
Өзекте - бес бүлдіршіннің мүрдесі.

Мирас Асан

*** 
Қауырсындай қалықтап 
Аспанға ұшып барады... 
Қол ұстасқан бесеуі 
Қимай төмен қарады... 

Қол бұлғаған ата-ана 
Жерде қалып барады... 
Терілмеген қызғалдақ 
Белде қалып барады... 

Ойналмаған ойыншық 
Үйде қалып барады... 
Баспанасы өртенген 
Күйде қалып барады... 

Ата менен Анасы 
Түнде қалып барады... 
...Өртенген үй орнында 
Күлде қалып барады... 

Әбиірбек Тінәлі


*** 
Көрген күннің айнасы осы деп біл, 
Жанарыма ызаның жасы кеп тұр! 
Бар қазақтың қайғысы бұл қасірет, 
Әр қазақтың қайғысы қасірет бұл! 

Тоқ ұқпайды қарыны ашты әрине, 
Ол басқаша әлемде, басқа күйде! 
Қай қалталы түнімен нан тауыпты, 
Бесіктегі баласын тастап үйге! 

Айлалылар ақыры ақ атанып, 
Айыптайды әлсізді тағы апарып. 
Алатынды алатын алаяқтар, 
Көресіні көретін қара халық! 

Есіл елдің боялып беті қанға, 
Шенділер жүр оларға жекіп анда! 
Бәрі ғажап әкімнің есебінде, 
Бәрі ғажап көгілдір экранда! 

Өрт сөнгенмен, жанған от өшпеді іште, 
Тағы көндік амалсыз өткен іске. 
Жаратушы жәннаттың төрін берсін, 
Кешіріңдер біздерді, бес періште! 
Кешіріңдер біздерді, бес періште! 

Рахат Әбдірахманов

***
Жарық күнім Түнге айналды, 
Шаттық үнім Мұңға айналды. 
Аппақ Арман күлге айналды, 
Үміт, Сенім құмға айналды... 

Бес Күн Тірлік...Бес күндігім... 
Кешірместі кештім бүгін! 
...Жаңа ғана бүр жарған-ды 
Кетті үзіліп өскін гүлің. 

...Әрбір сәтін жеңіс көрер 
Біз бе осы ең үстем Ел?! 
...Аяусыз-ақ ұшты Көкке 
Ең аяулы Періштелер... 

Өмір сүріп Жын-қоғамда, 
Қорланам да, жынданам да?! 
...Өзі-ақ Отқа тастай салар 
Нәлет онда, тұл қоғамға! 

...Жарық Күнім Түнге айналды, 
Шаттық үнім Мұңға айналды. 
Аппақ Арман күлге айналды, 
Үміт, Сенім құмға айналды...

Саян Есжан
Қыздардың қазасына

Өмір деген - ысыраптың дерті ме, 
Өлім деген - ысыраттың өрті ме?.. 
Бір бөлмеде бес гүл қатар өскен ед, 
Ажал келіп көз салыпты көркіне. 

Үй орнында қалды күл мен үйінді, 
Қайран ғұмыр қыршынынан қиылды. 
Бес тағдырдың үзілгені-ай бір түнде, 
Зарлы дауыс жеп барады миымды. 

Пана таппай жұпар атқан өскінге, 
Қорған болмай өтеміз-ау ешкімге. 
Бес періште тәтті ұйқыда жатты да, 
Сыймай кетті тірліктегі бес күнге. 

Қапияда тіл мен жағым байланып, 
Қапаланды қалың елім қайғы алып. 
Жарық нұрды таратумен бес жүрек, 
Жанып тұрды бес шыраққа айналып!.. 

Асылбек Жаңбырбай

***
Астана жақтан келеді хаттар көңілсіз: 

Күн қатты боран дейді, ертең дейді, 
Боранға кешегінің дерті өлмейді. 
Болар ма аяз қатты одан асқан, 
Жүрегің оған неге өртенбейді?! 

Бола алмай шырыл үнге ешкім қорған, 
Будақтап түнге сіңіп көштің бе арман?! 
Бір шарпып жүректерді өтті-ау бүгін, 
Бес сəби - 
Бес күн жалған. 

Ақпанның аза түні нені ұқтырдың, 
Қандайлық қасіретке жолықтырдың?! 
...Көңілсіз хаттар əлі келіп жатыр, 
Қалшылдап тоңып тұрмын... 

Асылан Тілеген