Woman

Шетке кетпей, шегің біл!

Есіңді жый қазақ қызы!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білмеймін Ева ма еді,

Хауа ма еді,

Әйтеуір қазақ қыздар көп әдемі! – деп ақындар бір-бірінен оза жазатын, көп жазса да көңілдері қайтпайтын «Қазақ қызының» бейнесі қашан да сұлу әрі сүйкімді. Тал бойына топталған әсемдік мінез көркемділігімен ұштасып қазақ қызын толыққандырып тұрады.

Ертедегі сал-сері жігіттер қыздардың алма ажарына, қос бұрымына, бұраң беліне тамсанып өз мадақ өлеңдерін, жыр-шумақтарын арнаған. «Бастанғы», «Қыз ұзатуларда» жар-жар айтып, қыз бен жігіт айтысын жасағанда да қыздардың тал шыбықтай әлсіз болғанымен, ерден қалыспас жігерлігіне, қайсарлығына тамсанатын болған. Алайда, той-жиында жарыса сөйлеген ерке қыздар жолда кезіккен ер азаматтарға ләм деп ауыз ашпаған. Анасы берген тәрбиесінің арқасында көп ұятты сөздерден ада болған. Бұл дара жолдың ізін бастаған Ұлжан, Зере, Айғанымдар дана перзенттерді тәрбиелеп, тарих тағылымында қалып отыр. Бірақ, дана апаларымыздың ізін жалғастырушы қазақ қыздарының қазіргі кейіпі өзгерек. Айтпасқа болмас қазіргі күні қыздарымыздың ибалық, инабаттылық қасиеті төмендеп, көше кезген түнгі көбелектер көбеюде. Он бесінде ата-ана разылығын алмай тұрмыс құрып, балалық өмірден шықпай тұрып «балалы» атанғандар молайды. Әкесі бас тартқан жас сәбиді далаға лақтырып, баланы «тастанды» атандырған көкек аналар жыл сайын артып келеді. Онымен қоса сүйдім, күйдім деп шет елдіктің етегінен еріп кетіп жатқан қыздардың ақыл-парасатының қайда кеткеніне аң-таңсын. Өз елінің тепсе темір үзетін батыр бағыландары тұрғанда өзге ұлттың жігітін не істемек? Біздің ата-бабамыздың сан жыл күні-түні кірпік ілмей жау түндігін ортасына түсірмек болғаны дарқан жер үшін және жанындай аялаған қазақ қызы үшін. Қазақ қызы өзге елде күң болу үшін емес, өз елінде күн болу үшін жаралған. Осыны ұмытпағанымыз абзал!

Қазақ халқы қашан да қызды «Ана» деп бағалап, алақанына салып аялаған. Тәуелсіздігіміз алғасын өлім-жітім азайып, еліміз өсіп-өркендеп, халық саны артып келеді деп мақтанамын. Алайда, қазақ қызы өзге ұлт баласын дүниеге әкелуі, өзге ұлтқа кетуі санамыздың өсуіне кері әсерін тигізуде. Қыздарымыздың мұндай жағдайға баруы ұлттық сананың кесірі ме? Ана махаббатының саяздығы ма? Әлде отбасылық жағдайдың төмендігі ме? Түсінбейді адам...

«Бес саусақ бірдей емес». Кей қыздар ел абыройын түсіргенімен, кейбіреуі үйде бесік таянып, бір қолымен баланы, бір қолымен үй ішін тербетіп, шаруасын дөңгелетіп, ата-ене мейіріміне бөленіп жүр. Әке-шешесінің атына кір келтірмей, өзінің де жүзі жарық болып ыстық ұяның қадірлі адамы атанып, тату жанұяның түтінін түтетіп отыр. Міне, нағыз қазақ қыздарына тән қасиет. 

Есіңді жый қазақ қызы! 

Сурет: rgphoto.kz