Экономика

Біз жастарға ақыл айтуды жақсы көреміз

Қазір жастың бәрі кәсіп ашуға құмар. Жеке бизнес жолында ізденуге даяр. Алайда, көп кәсіптің бірі болып қалатын, бизнесі орта жолда тоқтайтындары да аз емес. Керісінше, аяққа тұрып, кәсібін дөңгелетіп ала кететін кәсіпкерлер де қалыптасып келеді. Дегенмен, бүгінде ментор атанып, дәріс оқып жүрген азаматтар кәсіп ашуда адамның өзінің ішкі дайындығы керек деген ойға тоқтайды. Сенбі күні Қызылордаға арнайы келген "Versus" академиясының директоры, белгілі кәсіпкер Мейірбек Бердібайұлы Жұмабекпен осы тақырып аясында тілдестік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақта гендерлік теңсіздік болған емес

– Мейірбек мырза, кезінде "бұл қазақтың қолынан кәсіп жасау келмейді. Нарықты игеріп, сауда жүргізе алмады" деген сыңаржақ пікірлердің болғанын сіз де білерсіз. Бірақ, қазақтың қабілетін тоқсаныншы жылдары қап арқалап, сауда жасаған, "мен әйел екенмін" деп қарап отырмаған қазақ әйелдерінен де бастау алды емес пе? Келе-келе кәсіпке деген көзқарас та өзгерді. Ширек ғасырдан асып барамыз. Жалпы қазақ кәсіпкерлігі қай деңгейде дамып жатыр?

– Рас, қазақтың кәсіп ашуға бейімі бар. Оны тоқсаныншы жылдардағы картинаға қарап та айтуға болады. Әйткенмен, мойындау керек, біз жас мемлекетпіз. Оның қоғамы да, халқы да жас. Сондықтан кәсіпкерлік аса бір керемет дамып кетті деп айта алмаймыз. Еуропамен, Азияның өзге де елдерінің кәсіп­керлігімен салыстырғанда біздікі әлі де төмен деңгейде екенін байқайсың. Әри­не, тоқсаныншы жылдарға қарағанда, бизнес жасау қауіпсіз ғой. Белгілі кәсіп­кер Марғұлан Сейсембаев ағамыз айтпақшы, "біз алғашқы миллиардердің қандай болатынын білмедік қой" деп ой айтқан еді. Сондықтан, кәсіпкерлік мы­на деңгейде деп айтуға әлі ерте секілді.

Қуанарлығы, даму бар. Өйткені мемлекет тарапынан көмек көп. Көмек дегенде де кәсіпкерлерге ақша беру мә­селесін екшеу керек секілді. Мен өзім тәжірибесі жоқ кәсіпкерлерге ақша беруге қарсымын. Себебі тәжірибе болмағаннан кейін, қателікке көп ұрынады. Салынған инвестиция да текке кетеді. Кәсіпкерге кейде ақшаның өзі кедергі болып жатады. Себебі оймен, ойланумен шешетін нәрселерді кейбір бизнес бастағандар ақшамен шеше салады. Оңай жолы солай көрінеді. Бірақ, бизнес деген бір деңгейде тұрмайды ғой. Кейде ақшамен қатар білім де қажет.

– Сонда кәсіп ашуда көп қателіктің болуы білімнің толық жетпегенінен бе? Нақты нендей мәселе турасында сөзіңізді толықтыра аласыз?

– Мен талай рет қомақты қаржы алып, кәсібін жүргізе алмай тастап кеткендерді де, ақшасыз бизнесін жаңа деңгейге шығарған кәсіп иелерін де көрдім. Біз жастарға ақыл айтуды жақсы көреміз, оларды рахаттанып тұрып сынаймыз, бірақ олардың дамуымен ешкім бас қатырғысы келмейді. Университеттен шыққан студенттер жұмыс таба алмай жүр, "бізге тәжірибесі бар азаматтар керек" дейді басшылар, олар тәжірибені қайдан алады, егер біз оларды жұмысқа алмасақ. Тағы бір себеп, "деңгейлері жетпейді" дейді, қайдан жетеді егер оларға ешкім жол көрсетпесе? Университет пен бизнес екеуі әр­түрлі әлемде өмір сүреді, жоғары оқу орындардың дайындап жатқан мамандары бизнестегі компанияларға қажет емес, себеп сол баяғы, тәжірибе, қажет­ті білімнің жетіспеуі. Өзім де кезінде бакалаврды аяқтап, жұмыс іздеп жүргенімде осы кедергілермен көп жолықтым.

Осы мәселе бойынша біршама кәсіпкерлермен сұхбат жүргіздім, сендерге қандай маман керек деген сауал қойдым. Жұмыс берушілер жастардың көбісі "мүлдем қажет емес білім жинап алған, өзінің артықшылықтарын біл­мейді, қатесіз хат жазуды, дұрыс түйін­деме толтыруды, әріптестермен байланыс құруды білмейді" деген себептерді атады. Міне, осы мәселелер кәсібін бас­таушыларға білімнің керек екенін көрсетеді.

Қазір бизнес тренингтер көп, тиісінше ақпарат та аз емес, бірақ "кәсіпкерлік дамып жатыр ма?" деген сұрақ та туады. Ақпарат көбейген сайын практика азайып бара жатыр.

– Сіздер "Versus" академиясы арқылы жастарға кәсіпкер болуға жөн сілтейсіздер. Қазақша қайырғанда, ниеті бар адамдар­ға есіктеріңіз ашық. Ақпарат көп, бірақ практика аз дейсіз. Осыны өзіңіз зерттеп көрдіңіздер ме?

– Біз бастапқыда бизнес ашамын дегендерге тәжірибе үйреттік. Екі ай ішінде үйреткендеріміздің нәтижесі ретінде кәсіпкерлер жеке сайтын, тауар алудың жолын, тіпті алғашқы ақшасын да таба бастайды. Кейін біздің болмасын, өзге де оқу курстарын бітіргендердің 50 пайызының бизнесі жабыла бастайды. Біз не үшін осыншама энергиямызды жоғалттық деп ойланамыз. Зерттей келе, түсін­геніміз, мәселе бизнесте емес, адамның өз-өзін дамытуында екен. Дұрыс мақсат қоюды, сенімсіздігімен жұмыс жасауды, психологиялық тұрғыда ойын өзгертпейінше қанша жерден білім берсең, тәжірибе бермейді. Сондықтан, бизнес ашудан бұрын адамның жеке қабілетін, білімін шыңдауға күш салдық.  Бізге келген адамдардың 70-80 пайызы адамдар өздерінің бизнесін ашты деп айтуға болады. Алайда, курс барысындағы нәтижелер нақты қорытындыны көрсетпейді.

– Ашық айтып отырсыз. Демек, бизнес бастауда Батыс тәжірибесі айтатын психологиялық дайындық, жеңілістермен күрес тәсілдерін қолдану керек пе?

- Білесіз бе, қазір қазақ аудиториясы жаңа білімді меңгеруге дайын. Кітап оқып, тренингке барғысы келеді. Тек ақпарат пен дұрыс жол көрсетуіміз керек. Түрлі форматтағы тренингтердің бәрі Алматыда шоғырланған. Аудандар қалыс қалып жатыр. Осы үшін онлайн формат­қа көштік. Әр ақпарат ауылда отырған адамның алдына жететіндей болуы қа­жет. Бірақ, біз  қинап оқытудан алшақпыз. Бизнес жасауға, өзін-өзі дамытуға ниетті адам әлдекімнің айдауымен емес, өз аяғымен келуі керек.

– Жеке қабілетті дамыту керек дейсіз. Ал, алдыңызға келетін кәсіпкерлерге қажет идеяларды, кейстерді қайдан аласыздар?

- Өз дамуыңа қаражат салу ең ұтымды инвестиция, сенің дүниеңді алып қоюы мүмкін, сен тіпті банкрот болуың мүм­кін, бірақ ешқашан сенің біліміңді, тәжірибеңді ешкім ала алмайды. Сол себепті біз үнемі өзімізді дамытып отырамыз, оның нәтиже беретініне көз жеткіземіз. 

Адамның қабілетін ашудың жолдары көп. Дегенмен, біреу қарымды журналист, біреу әлеуметтік желінің мықты маркетологы болуы мүмкін. Оны кәсіп­кер ретінде тықпалаудың қажеті жоқ. Яғни қабілетіне қарай дамыту схемасын жүргізген дұрыс. Әрине, идеяны шетелге барған сапарлардан да, түрлі әдістерден де табамыз. Меніңше, шетелге шықпағандар көп мүмкіндікті жіберіп алып жатыр. Өйткені көп салаларда ғылыми прогресте тәжірибе жинақтап қалуға мүмкіндік баршылық.

- Уақыт тауып, әңгімелескеңізге алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан Абай ТАҒЫБЕРГЕН