Экономика

Кім кімді алдап жүр немесе «Трансформатор» клубы жайлы

Портнягин кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы он жылдың ішінде елімізде екі бағытта қарқынды даму мен белсенділік байқалды. Бірі – дін, екіншісі – кәсіп.

Дін мәселесі жаппай халық арасында тарап, Ислам дінінің ішінен жүздеген түрлі радикалды топтар пайда болып, әркім өзінің көсеуімен шоқ түрте бастады. Соңы отқа ұласқан діни қақтығыстарға үкімет араласып барып саябырлай бастады. Енді жүріп тұрған бағыт кәсіпке келейік.

«Мотивация», «ментор», «кәсіп», «тренинг», «бизнес», «кәсіп ашу», «тегін мастер класс» деген секілді түрлі терминдерді естіп, көзбен көріп жұрттың құлағы тік тұрды. Жаппай халық кәсіп ашуға, ақша табуға ұмтылды. Алайда, кәсіптің өнер екенін, оның да үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап ететінін ұмытып кетсе керек, арзан ақшаға мастанған кәсіпкерсымақтардың тегін тренингтеріне қатысып, одан ары сабақтарына ақылы жазыла бастаған халықтың көзін шел басты да қалды.

Бірі үйретуге тырысты, бірі мотивация беріп есіктен шығарып салды. Ал оған кеткен ақшаның құнын спикерлер: «өзіңді бағалауға», «өзіңді тануға» кеткен құн деп біл деп ақталды.

Әңгіменің төркініне оралайық. 2018 жылдың 28 сәуірі күні Алматы қаласындағы «менмін» деген The Ritz-Carlton мейрамханасында  елімізге белгілі кәсіпкерлер, бай-манаптар және миллионерлер бас қосты. Кештің басты қонағы ресейлік кәсіпкер –  Дмитрий Портнягин.

Кеш ненің құрметіне өтті?

Дмитрий Портнягин тек кәсіпкер емес, ол кәсіпкерлерді оқытатын ресейдегі «Трансформатор» клубының негізін салушы. Яғни аталған клубтың аясы кеңіп, біздің елге де жетті. Қазақстандағы «Трансформатор» клубының негізін салушылар: Николай Рогонов пен Қайрат Құдайберген мырзалар.

Клубтың елімізде құрылуына байланысты Қайрат Құдайбергеннің Hommes.kz сайтына берген сұқбатында былай дейді:

«Менің Николай Рогонов есімді серіктесім бар. Ол осы идеяны айтып маған келді. Қазір жаңа ұрпақ, жаңа кәсіпкерлер өсіп келеді. Біз айналамызға болашаққа үңіле алатын ең мықты кәсіпкерлерді біріктіргіміз келеді».

Әрине, кәсіпке деген ынтаны арттыруға біз қос қолдап келісеміз. Себебі экономиканың негізін жасайтындар да отандық өнімді арттырып, кәсіппен айналысатын нағыз майталмандар болуы керек. Сонымен кешке қайтадан оралайық.

Кешке келген қонақтардың арасында елімізге аттары белгілі, мүйіздері қарағайдай кәсіпкерлер бар: Марғұлан Сейсенбаев, Арманжан Байтасов, Гил Петерсон, Бейбіт Әлібеков, Әлішер Елікбаев, Ержан Рашев және вайн өнерін жетік меңгерген топ жетекшілері болды. Ал сахнада ән салғандардың ішінде Тимати де көрінді. Жалпы айтқан кезде, кәсіптің дөңгелегін білмейміз, әлеуметтік желі мен хайптың дөңгелегін жақсы дөңгелетіп жүрген жандардың бір тобырын көрдік.

Дмитрий Портнягин бұл кешке келген кезде Қазақстанға екінші рет келуі екен. Екі рет келіп еліміздегі кәсіптің көзін көріп, кәсіпкерлерді дамытуға қызықса керек. Ал оған мұрындық болған жоғарыдағы қос азамат Николай Рогонов пен Қайрат Құдайберген.

Дмитрий Портнягин кім? «Трансформатор» деген қандай клуб?

1988 жылы Ресейдің Амур облысына қарасты Тында қаласында дүниеге келген. Орыс сайттарындағы биографияға үңілсеңіз, жастайынан жартылай жетімдіктің тауқыметін көріп, спортпен айналысып, кәсіпке келген деп жазады.

18 жасында қытайға кәсіп ашу көзін іздеп кеткен студенттің арманы орындалып, арада бірнеше жыл өткеннен кейін Гуанчжоу қаласында «TranistPlus» компаниясын құрады.  2015 жылы Ресейге оралып, өзінің кәсібін дөңгелете бастайды.

Дмитрий Портнягиннің есімі YouTube әлеуметтік желісіндегі «Трансформатор» каналын қосқанға дейін танымал болған жоқ. Видео-блог, видео-ақпараттар арқылы өзінің каналын тұрақты түрде жүргізе бастаған кәсіпкердің есімі ел жадында сақтала бастады.

Трансформатор – бұл кәсіпке баулуға шақыратын, кәсіпті дамытатын, кәсіпкерлерге үміт сыйлайтын клуб. 

Клубқа мүше болғандарға 6 мүмкіндік ұсынады:

1.      Нетворкинг

2.      МЕДИА қолдау

3.      Ең үздік компанияларға экскурсия жасау

4.      Кәсіптің жаңа бағыты мен әдістерін үйрену

5.      «Travel activity» – кәсіпті дамытуға арналған саяхат

6.      Синергия

Клубқа мүше болу құны қанша?

Егер Business таңдасаңыз, 3 800 000 теңге керек. Ал Premium 6 500 000 теңге. Бір сөзбен айтқан кезде, «Трансформаторға» мүше болу үшін кем дегенде үш миллион сегіз жүз мың теңге керек. Сонымен қатар, клубқа тек 100 адам мүше бола алады.

Қайра Құдайберген: «Білімнің және клубтың құны – 10 000 АҚШ доллары. Сізге он мың долларға сатып алып, оның мың есеге өсіру керек».

 

Кім кімді алдап жүр?

Дмитрий Портнягин туралы тек қана жақсы ақпарат ала бермейсіз. Оны «алаяқ» деп айыптайтындар да бар. Неге?

Орыс сайттарында жарық көрген материалдарға үңіліп көрелік.

Дмитрий Портнягин Қытайдан Ресейге тауар тасымалдау үшін ООО «Транзит+» және ООО «Транзит-партнер» мүмкіндіктерін пайдаланады. Ең қызығы қазір бұлардың заңды күші жойылған. Себебі олар клиенттерді алдап келген және финанс жағынан есеп беруден бас тартқан.

Бүгінгі таңда Портнягин ООО «Трназит Групп Лимитед» арқылы тасымал жасайды. 2014 жылы аталған фирма 64 000 рубль жоғалтқан, 2015 жылы есеп беруден бас тартқан, ал 2016 жылы таза табыстары 1 129 000 рубльге тең келді. АҚШ-тың долларына шақсақ 17 000 доллар. Яғни қазақстандық кәсіпкерлердің ауыз толтырып айтып жүрген ресейлік кәсіпкердің 2016 жылғы тасымал арқылы тапқан табысы – 13 000 АҚШ доллар.

«БМ» немесе «Бизнес молодость» деп аталып кеткен көрші елдегі үлкен жобалардың бірінде сұқбат берген Портнягин, Қытайдан келетін жүк тасымалынан 100 миллион АҚШ долларын тауып отырған айтады. Мұның ішінде компанияның таза табысы – 33 410 000 рубль немесе 500 мың долларға жуық ақша.

Сонымен, ресей сарапшыларының айтуынша, біз үміт артып қазақстанға алып келіп, кәсіпкерлерге жол сілтеп отырған Дмитрий Портнягин мырpаның YouTube каналындағы сюжетінен басқа ешқандай бизнесі жоқ. Атымен жоқ.

Михаил Алексеев есімді азаматтың YouTube каналындағы мына видеоға назар аударсаңыздар да болады. Онда Портнягин мырза көрсеткен қытайдағы мекен-жайлардың жоқ екенін, бәрінің жалғаны екені белгілі болған.

Портнягинмен дос болған  Қайрат Құдайберген мырза ше?

Қайрат Құдайберген мырза туралы тек жағымды және керемет сұлу сөздермен өрілген ақпарат оқимыз. Оның қайрымдылығы мен Мұхтар Шахановқа жасаған жақсылығын айта кету керек (темірді қызған кезінде басқан). Ал шындығында Қайрат Құдайберген мырзаның екі дүниесін атап айтуға болады: бірі – Q3 Worlwide холдингі, екіншісі – Алматы қаласының маслихат депутаты. Әрине бұдан бөлек кәсіпкердің «The Group» компаниясы бар екенін де айта кеткеніміз жөн.

Q3 Worlwide деген сөзді қазақшаға аударып көрдік. Q3 әлемдік көзқарас деген мағынан береді. Сайтына кірсеңіз, Q3 Worlwide – компаниялардың біріккен тобы деген жазуды оқисыз. Жасырып қайтеміз, орысшадан аударып отырмыз. Қазақ тілінде ақпарат жоқ.

Холдинг туралы ақпараттың мәтіні мынау:

Біз өзіміздің тарихымызда әртүрлі салаларда үлкен табысқа қол жеткізген жетекші компаниялар тобымыз.

Холдинг басшылығы нақты нәтижелерді алға тартады: бұрын-соңды болмаған жаһандық жобаларды, бизнесті дамытуға инновациялық көзқарасты, әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетеді.

Холдинг жұмысының айрықша ерекшелігі – адамзаттың құндылықтары – құрмет, адалдық, қолдау және өзара көмекке негізделген бизнес-форма мен корпоратвитік мәдениетті енгізу арқылы басқалараға үлгі болуға деген ұмтылыс.

Мәтінді оқып отырып түсінгеніміз холдинг арнайы бір отандық өнімді өндіру немесе жекелеген арнайы бір кәсіппен айналыспайды. Құндылықтарды дәріптей отырып жұмыс жасайтын секілді.

 

Түйін.

Қазақстанның дамуына, елдің өркендеуіне кәсіп пен кәсіпкерлердің қосатын үлесі мол. Алайда, тек көрген фильмдері мен оқыған кітаптарынан елге бірдеңе үйретемін деу, «мотивация» беремін деп жар салу кәсіп ашуға көмектеспейді.

Үйрету үшін алдымен үйретуші тарап жеңілістің де жеңістің де дәмін көргені дұрыс. Содан кейін барып, ақылын да, қателескен тұстарын да салыстара отырып айтып, адамдарға бір нәрсе бере алады.

Қазір кімнің болмасын байып кеткенге дейінгі айналысқан қызметтері мен әрекеттері қызық емес. Тек миллион доллар не теңгені тапқаннан кейінгі әңгімесі халыққа өтімді болып жатады. Бұл үлкен адасу болары еді.

Жоғарыда көрсеткеніміздей «Трансформатор» клубының негізгі мақсаты кәсіпті ашуға және оның пайдасын халыққа беру мақсатында емес, жақсы ақша табу мен жақсы өмір сүруге ғана негізделіп отыр.

Мемлекетке пайда әкелмейтін, тек жеке бастың қамын күйіттейтін бизнестің ғұмыры шектелуі не ашкөздік пен сараңдыққа алып келеді. Пайдасыз ілімнің өзі Құдайға жат.