Hi-Tech

Техниканың тілін 13 жасынан бастап меңгерген қазақ баласы

KazWaste қауымдастығының бастығы Шынболат Байқұлов "- Мұнай бәрібір жақын арада таусылады. Міндетіміз – қалдықты "айналымға енгізу",- деп Қазақстандағы қоқыс өңдеу мәселесін талқылауда атап кеткен болатын. Дәл солай, қалдықтарды айналымға енгізіп, оларға екінші өмір сыйлап жүрген жастар да жоқ емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

13 жасында техникаға қызығып, өз бетінше техникалар құрастырып жүрген Еркебұлан Рахмаш осы сөзімнің дәлелі. Тараз қаласы, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында тұратын бұл жас жеткіншек ең алғаш физика сабағында өткен қысым тақырыбына байланысты машина құрастырған. Осы еңбегі үшін аудандық "Жас инновациялық жоба" байқауынан іріктеліп, Тараз қаласында 3 орынды иеленген. Бензиннен босаған пластикалық қалбырларды пайдаланып маторлы қайықтың кіші макетін жасаған. Осындай қызығушылықпен басталған талабы трактордың кіші макетін жасауға шабыттандырса керек. "Ауылдың бітпейтін күйбең тіршілігін 10 пайызға жеңілдететін бұл тракторды қалдық темірлер, жарамсыз машина бөліктерінен құрастырдым. Қыстың күні шөп пен ауыр заттарды тасуға көп көмегін тигізеді", - дейді Еркебұлан. Бұл тракторға алдағы уақытта жаңалықтар енгізіп, өзгерту жұмыстарын жасауды ойға алып жүргендігін жеткізді. 

Ең соңғы жасаған жұмысы – сары түсті қоқыс жинаушы көлік. Оның ерекшелігі сумен жүретіндігінде. Атмосфераға зиянын тигізе бермейтін бұл көлік ауладағы қоқыстарды жинай алады екен. Бір қызығы қоқыс жинайтын машина да інісінің жарамсыз ойыншық машинасының дөңгелектерінен құрастырылған.

Қазір №10 Күреңбел орта мектебінің 11 сыныбында оқитын Еркебұланның арманы ҰБТ- дан қажет баллды жинап, Астана қаласына конструктор мамандығына оқуға түсу. Алдағы 1-2 жылдың ішінде өзі тікұшақ құрастыруды жоспарлап отыр. "Мен әлемге аспаннан қарағым келеді. Ол тікұшақты жасайтыныма сенімдімін. Пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болатынын ескерсек, қалдық темірлерді шексіз өңдеп пайдалануға болады. " -дейді Еркебұлан.

Алдағы уақытта ауылдағы қажетсіз темір- терсекті жинап, елге қызмет жасайтын дүниелерді жасап шығаруды да ойлап жүр. "Ауылда әрбір үйде кезінде "қажеттке жарар" деп жинап қойған темір бұйымдар өте көп. Не оны темір өткізетін орындарға қимайды. Дымқылда жатып тот басып, жоғалып кетпей тұрғанда, пайдаға асырғанмыз жөн болар еді. Алдағы уақытта осы салада ебі бар жастарды жинап, жаңа жобаны қолға алып, жаңалықтар ашқым келеді" дейді жас өнертапқыш.

Жастар жылы қарсаңында осындай талапты жастарды қолдап, жаңа инновациялық жаңалықтар ашуына жағдай жасасақ, технологияның дамуына қосарымыз көп болмақ. Мектебінің ғана емес, ауылының мақтанышы болып жүрген Еркебұланға сәттілік серігің болсын дейміз.