Weekend

Ер есімі – ел есінде

Ұрпақ аманаты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Заң ғылымының докторы, қоғам қайраткері, профессор, ұлы заңгер ғалым - Салық Зимановтың есімі мәңгі жаңғырмақ. Салық Зимановтың еліміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемелді болуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ірі қоғам қайраткерінің, ғалымның өшпес мұрасы ел тарихынан өзіндік орын алып, бейнесі жүрегімізде сақталады.

Қазақ ғылымының қара нары Салық Зиманұлы ғылыммен ғана айналысып қойған жоқ, Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқияр батырлық пен ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Стратегиялық биіктікті ұстап тұру кезінде дивизион командирі майор Зиманов миномет соққысына төтеп беріп, күші тең емес ұрыста аман қалып, қарсы шабуылға шыққаны туралы оқиғаны біз білеміз. Ол сегіз майданда Отан үшін отқа түсуден еш¬қашан тайсалмаған. Майдандағы ержүректілігі мен батырлығы оның майдандасы подполковник 

Н.Брайконның естелігінен көрініс тапқан. Ол майданда жас қазақ жігіті гвардия майоры С.Зимановның сол сәттегі ержүректік көрсетіп, жаудың күшін әлсірету үшін жасаған амалы және өз басын үлкен қатерге қоюы майдандастарын таң қалдырды. Соғыс кезінде төрт рет жарақаттанған. Екі рет І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, "Кавказды қорғағаны үшін" және "Кенисбергті алғаны үшін" медальдармен марапатталған. ҰОС-тың 60 жылдығы қарсаңында ол Қазақстанның атынан Мәскеуде Жеңістің мерейтойын тойлауға қатысқан ардагерлердің құрамына енгізілді.

Салық Зиманов ата тарихымызды да зерттеумен айналысқан болатын. Бүгінде көзі тірі болғанда 2 сәуір күні 98 жасқа толар еді.  Сіз салған сара жол бар, сіз ашқан ғылым мектебі бар, сіз ұрпаққа ұсынған рухани мол мұра бар. Қазақтың ата заңдарын тынбай зерттеп, басқа бірде-бір халықта болмаған билер сотын әлемдегі ең әділ сот жүйесі, қазақ өркениетінің әлем өркениетіне қосқан дербес, озық үлгісі екеніне алыс-жақынның көзін жет-кізген де сіз едіңіз. Билер: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік – осы төрттің құлы дейді халқымыз.

Қазақстандық құқықтанудың, заң ғылымының, мемлекет және құқық тарихының негізін салушы ретінде ол бүгінгі ұрпақтар үшін терең білімге, жаңа идеяларды тынбастан іздеуші әрі оны жүзеге асыруға табанды ұмтылудың шы¬найы үлгісіне айналды. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының даму тарихына, Заң ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан атақты ғалым заңгерлердің алдыңғы қатарында Салық Зиманов тұр. Осындай ұлы тұлғалардың қарашаңырағымыз ҚазҰУ-ға қосқан үлестері келешек ұрпақққа үлгі-өнеге.

Қазақстанның ғылыми ойының дамуының тұтастай бір дәуірі Салық Зиманұлының есімімен байланысты. Біз бүгінде Салық Зиманұлын, оның еліміздің ғылымындағы жетістіктеріне қосқан теңдессіз үлесін айрықша ықыласпен және терең алғыс сезіммен еске аламыз. Ол жаһандық ауқымдағы шешімдерді іздестіруде қол жеткен жетістіктеріне тоқмейілсіген емес, оны ашу үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктерді таба білді. Оның ерекшелігі – осында. Салық Зиманұлы нағыз азамат, өз елінің шынайы патриоты еді. Ол өзінің бұл қырын қолына қару алып, соғыс кезінде майдан даласында да, Ғылым академиясының мүлгіген тыныштыққа бөленген кабинеттерінде де, Парламенттің биік мінберінде де дәлелдеді. Оның құқықтану ғылымын қалыптастырудағы орасан зор ықпалын Қаныш Сәтбаевтың геологиялық-минералдық ғылымды дамытудағы, Мұхтар Әуезовтің әдебиет пен абайтануды өркендетудегі, Ермұқан Бекмахановтың қазақстандық тарих ғылымын жаңғыртудағы еңбектерімен тең санауға болады. 

Дәуірдің дарабозы болған Салық Зиманұлы аса үлкен ауқымдағы ғұлама ғалым еді. Өмірінің соңына дейін ізденуін тастамады және өзінің білімін өзгелерге үйретумен болды. 2009 жылы, оның 90 жылдық мерейтойынан екі жыл бұрын, оның бір топ шәкірттерінің көмегімен Салық Зимановтың шығармалары мен ғылыми еңбектерінің толық жинағы жарыққа шықты. Мерейтойына дейінгі соңғы екі жылда ғалым бірқатар құнды ғылыми еңбектерін шығарып үлгерді. Салық Зиманұлы өз сөзінде тұрып, жаңа буын ғалымдар үшін еңбектенудің нағыз үлгісін көрсетті. Салық Зиманұлы өзгерістер дәуірінің ойшылы болды. Біздің еліміздің бүгінгі өмірінде өтіп жатқан барлық орасан оқиғаларды өзі арқылы, өз жүрегі арқылы өткізді. Онымен әңгімелесу әрдайым жаңаша ойлап, білім кеңістігін кеңейтуге септігін тигізді. Өзінің 90-ға толған жасында да ол әдеттегідей идеяның бастамашысы болды, ол әрдайым өзекті мәселелерге қазіргі заман ауқымында қарайтын саңлақ еді. Салық Зиманұлының терең білімі оның көптеген еңбектерінде, біздің жылнамамыздың өшпес беттерінде қалатын болады. Оның ғұлама даналығы, адами ерлігі және қайсар жасампаз рухы әрқашан біздің жүрегімізде сақталады.