Авторлық ертегі

Обаны жеңген Омар (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ерте, ерте ертеде... байлығы асып-тасқан, ауызбіршілігі елді таңқалдыратын, тұрғындарының көздерінен мейірім оты ұшқындап тұратын патшалық салтанат құрған екен. Көрші мемлекетті кеудесін ыза-кек кернеген, бір-біріне өшпенділікпен қарайтын адамдар, жаны жауыздыққа жақын Қаһар атты патша мекендесе керек-ті.

Қызғаныш оты ішін жандырып, жауыздығы күн санап артқан патша күндердің күнінде Жақып атты жалшыны сарайға шақыртады. Күнін әзер көріп жүрген Жақып тұла бойы дірілдеп, жүрегі жиі-жиі соғып патша алдына келеді. Басын иіп қарауға дәті бармай отырған жалшыны қара ниет патшаның:

- Әй,Жақып! - деген сөзі селт еткізді. - Әйеліңнің жүзіне күлкі үйіріліп, шаңырағыңнан шаттық үні шығып тұрғанын, дастарханыңда құстың сүтінен басқаның бәрі болғанын қаласаң, саған ұнар ұсынысым бар! - деп қатқыл сөйледі. 

Басын изеуден таймаған жалшы не айтса да орындауға әзір еді. Осылайша, патшаның зілді сөзін, қиын тапсырмасын арқалап, Жақып үйіне жол тартып бара жатты.

Таң қылаңдана бере Жақып арқасына дорбасын арқалаған күйі, күн шапағының сұлулығына таңданып біраз жолды артқа тастады. Кешегі кеште естігені құшағы көркем гүл шоқтарына толы, әрбір ағашы көңіліңнің кілтін тауып, мәз-мейрам ететін алып алқапқа тап қылды. Дүниенің бар екенін ұмытып, көңіл-күйі көтерілген жалшының ойына  тапсырма оралмасы бар ма? Алып бақты аралап келе жатып, кенеттен бір ағашқа көзі түсе кетті. Жапырағы солыңқы көрінетін, діңінен қан ағып тұратын ағаштан белгісіз жемісті жұлып ала берді. Күн төбеге көтеріле берген сәтте дорбасы тола бастағанын сезген Жақып қайтуға таянады. Күн ұясына қонуға таянған, кешқұрым уақытта киіз үйдің есігі сықырлай ашылып Жақып кіріп келді. Екі ұл, екі қыздың алдынан 'әке-әкелеп,  айқайлап шыққаны шаршағанын ұмыттырып,керемет күйге бөледі.Дорбасын кіре беріске қалдырған Жақып, жарына қапшығын патшаға сыйлық деп түсіндірген болатын. Сыйлықтың қандай түрі екеніне қызыққан әйелі дорбаны ашқанда көзі жылтыраған жемістерге түсе кетеді. Бір-екеуін балаларға берсе қайтеді екен деген ойы алға тартып, етегіне орап, тығып қояды.

Келесі күні жалшылық қызметінде жүрген Жақыпты суық киінген әскер тобы желкелей отырып, Қаһар ханның патшалығына алып келеді. Тапсырмасының орындалғанына көз жеткізгісі келген хан жемістерді көріп көңілі тыншиды. "Сен мұны көрші патшалықтың базарына апарып сат"- деген сөзі жалшының тұла бойын тітіркендіріп, бойына үрей сыйлайды. Қарыны аш балаларын, көңілсіз әйелін, мұң-қайғыға толы шаңырағын есіне алып бас изеумен сарайдан шығып кетті.

Ығы-жығы халық, ауызы бір сәтке тынбайтын саудагерлер, арба сүйреткен адамдар арасынан жылтыр жемістерін сатылымға қойған жалшы Жақыпты байқайсыздар. Жаңаны көрмекке дегендей халық дүние жаңалығындай болған жылтыр жемістерге таңдана қарап, жиылып-ақ қалыпты. Дорбасындағы жеміс біткенді тауыса сатқан Жақып мойынынан жүк түскендей қуанып, үйіне асығып жүрісін жылдамдатты. Патша берген уәдесінде тұрып, көп мөлшердегі азық-түлікті жалшының шаңырағына әкеліп берген екен. Шаңырағын шаттық үні кернеген Жақыптың бақытты күндері жалғасын тауып жатты. 

Күндердің күнінде көрші патшалықтың күллі тұрғындары ауруға ұшырап, бірінен соң бірі қырылып жатыр деген қаралы хабар жетті. Қаһардың жүзіне күлкі үйіріліп, жаны жадырап сала берді. Сол сәтте істеген қателігін енді түсінген Жақып көңілін мұң шалып, уайым мен қайғыға бой алдыртты.

Патшаның жарылқауы сол жолы аяқталып, азын-аулақ ауқаты отбасын тойдыруға жете қоймады. Бүтін бір елдің іргесін құлатқан өзін кінәлі санап, күннен күнге жаны құлази берді. Он үш жасар Омар атты үлкен ұлы әкесінің жай-күйін түсініп, аштан өлмеудің қамын жасамақ болып жолға шықпақшы еді. Төсек тартып жатқан Жақып белін тас буған баласын жанына шақырып:

- Мен істеген қателіктің орынын жуып-шай. Ас ауқаттың жөнін өзім табамын. Әкеңді абыройсыз қылма! - деп мойынына міндет жүктейді.

Таудың түкпір-түкпірін аралаған Омар шаршап-шалдығып, бір қарияға тап болады. Ас үстінде жөнін айтқан жігітке ақсақал білгенін айтып, дәрі-дәрмек шөптерін табуға көмектесемін деп уәде етеді. Бірақ өзінің белгілі бір шартын айтып, орындауға уәде еткізеді. Ақсақалды ай туған сайын құбыжық мазалап, зәре-құтын қашырады екен. Әр түскенінде емдік шөптерді тып-типыл етіп, адам баласымен қоректенуді әдетке айналдырған деседі. Әртүрлі шөп дәрілерді даярлаған Омар ақсақалға алғыс айтып, көрші патшалыққа жол тартты. Көңілі кең, мейірбан, қонақжай халықтың қазіргі тұрмысы төмен, халі мүшкіл еді. Халықты бір ортаға жиған Омар әкесінің қателігін айтып, дәрілік шөпті және оның дайындалу жолын көпшіліке ұсынады. Қаншама бейкүнә жан қаза болғанмен, әлгі дәріден соң денсаулықтары біршама түзелген халық Жақыпты кешіріп, Омарды пір тұтатындай жағдайға жетеді.

Басқа да алпауыт мемлекеттерге тараған ауруды емдейтін дәрі сатылымға шығып, саудагерлердің қалтасын қалыңдатқан еді. Ашкөз патша Қаһар ақшаның астында қаламын деген оймен ай туатын күні емдік шөп жинауға нөкерлерімен аттаныпты. Дауысы жер-жаһанды дір еткізер құбыжық жерге түсіп, жайбарақат жүрген патшаны шап беріп ұстай кетеді. Ел білмейтін құзға, биік шыңға тығып қойған патшаға құбыжық былай деп шарт қояды:

- Сені босату үшін маған тұрғындарың әлемдегі ең жылтыр, ең дәмді жемісті әкелсін!

Ел-жұрт жемісті сабыла іздеп жүргенде, Омардың ойына шешесі тығып қалған бес жеміс түсті. Соны алып, үш күнді артқа тастап, шаршап-шалдығып межелі жерге жетіп жығылды. Құбыжықтың демі тұла бойын суытып, орынынан тез тұрғызып алды. Адам жанын шошытатын ұсқынсыз жаратылысқа жемістерді кезек-кезегімен ұстата берді. Дәмі алдамшы, бірақ тез әсер ететін жемісті бірінен соң бірін асаған аждаһа бір уақытта күллі дүниені дүр сілкіндіріп, жер жастана құлай кетті. Қаһар патшаны еліне қайтарып ерлік істеген Омардың есімі ел есінде мәңгілік қалды.

Мейірбандар патшалығынан дана әйел алған жалшы баласы байлыққа кенеліп, батыр ұрпақтардың әкесі атанды. Содан бері оны обаны жеңген Омар деп атайды...