Авторлық ертегі

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам

Өтірік пен Шындық туралы ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күндердің бір күнінде Шындық пен Өтірік жолға шығыпты. Өтірік сондай кербез, көз арбайтын сұлу болыпты. Сонысына қарап тәкаппар екен. Ал Шындық қарапайым, жұпынылау, онша көрікті көріне қоймайды. Сол себепті адамдардың көбіне Өтірік қатты ұнайды екен. 

Алайда Өтіріктің жанарына қарасаңыз жылпылдап бір орында тұрмай сан құбылады, ал Шындықтың жанары сондай мөп-мөлдір, кіршіксіз мейірім мен байсалдылық байқалады. Жол бойында Өтірік пен Шындықтың әңгімелері аса жараса қоймайды. Бір уақытта қарсы беттен бір жолаушы жас жігіт жолығады. Түрінен сонша шаршап-шалдыққаны көрініп-ақ тұр.

- Уа, Армысыздар, қадірменді жолаушылар! Қайда бет алдыңыздар?

- Біз Шындық досым екеуіміз, ханның тапсырмасы бойынша анау тау беткейіндегі алыс аймақтағы халықтың жағдайын біліп келе жатырмыз. Енді соны баяндамаққа кері бет алдық.

- Е-е-е, онда жөн екен. Мен мана жолда қатты қалжырап, мызғып алмақ ниетте тоқтап едім. Керуенімнен адасып қалдым. Біршама алыстап кетсе керек, жолда кезіккен боларсыздар?

- Ә-ә иә, артынып-тартытынып бір керуен келе жатқанын көргеніміз бар,- деп жауап қатады Шындық.

- Олай болса, сол керуненнің қай бағытқа бұрылғанын айтып жібермес пе екенсіздер?

- Әлбетте, ол анаау өзен бойынан асып, солға қарай бет алды,- деп шапшаң жауап қатады Өтірік.

Оған аңтарылып қалған Шындық:

- Жо-жоқ, шатасып кеттің ғой деймін, ол керуеннің оңға қарай бет алғанын екеуіміз де көрдік қой - , дейді.

Жас жігіт екеуіне қарап тұрып ішінен: Мына кісінің (Өтіріктің) түрі келісті, ұқыпты екені көрініп тұр, ал ана кісінің (Шындық) түрі шаршаңқы ма, қалай? Қателесуі мүмкін ғой деп ойлайды.

- Жарайды, рақмет, сіздерді де жолдан қалдырмайын. Алғашқы бағыт бойынша жүріп көрерміз де - , деп Өтірікке қарап жымиды жігіт.

Көз алдында болған алдауға шыдамаған Шындық шырылдап ала жөнеледі:

- Жоқ, бауырым, сен шатасып тұрсың. Сені қалай сендірсем екен. Ол керуеннің оң бағытқа бұрылғанын өз көзіммен көрдім. Көзіме тура қарашы, мүмкін бірдеме сезерсің.

- Ой, достым, сен тағы да сырқаттана бастадың ба, неге сонша шырылдайсың. Бір рет жаңылсаң ештеңе етпес. Ол үшін сені ешкім жазғырмайды ғой - , деп арқасын қаққан болды.

Жас жігіттің алданғанына іші ашып тұрса да бағанадан бері Өтірікпен бәсекелесіп бәсіре таппайтынын түсінген Шындық үнсіз қалды. Оның қазіргі бар ойы одан да маңыздырақ шаруа – халық аманатын ханға ертерек жеткізу еді.

Жігіт қоштасып өз жөніне кеткеннен кейін, Өтірік Шындықтың болмашы алдаудың өзіне қасарыса бастағанына қарап, ол ханның алдына барғанда менімен тіпті де келіспейді ғой деп Шындықты айналдыра бастайды:

- Е-е, Шындық достым, қашанғы осылай шырылдап жүре береді екенсің. Өзің ойлашы, адамдардың көбі сенен көрі неге мені жақсы көреді? Себебі сенің жолың – қиын. Сен киліксең-ақ, кейбірінің арасы ажырап та кетеді. Осыны дұрыстап ойлансаң, шаруамызды көбейтпей-ақ, ханға жағдайды керісінше баяндайық. Өзің де білесің, хан естісе ашуланады, одан уайымға салынады. Жақсы жаңалық естіртіп, жылы қабақпен қарсы алғаны бізге де жақсы емес пе?

- Білесің бе Өтірік, сен қанша тәтті болсаң да – арамсың. Ал мен қанша ащы болсам да – адалмын. Адамдардың арасы сен киліккесін ажырайды дейсің, керісінше сенің титтей де қатысың болмаса менің келгенімнен оларға бәле жуи қоймайтын еді. Мені өзің сияқты көруің бекер-ақ, мен саған бағынбаймын! Сенімен салғыласқанша жылдам жүргенім артық - , деп Шындық алға озып кетеді.

Одан мұндай жауап күтпеген Өтірік тыжырынып қалады. Қамалға Шындықтан бұрын жетудің айласып ойластырады. Шындықтан алға озып, жолына бөгет жасауды ойлайды. Қанша жылдам жүрсе де, әрі кетсе жарты сағаттан кейін Шындықтың жетіп келетінін түсінеді. Осылай ой үстінде келе жатқанда шөп арасынан жылтыраған бірдеңені көзі шалады. Жақындап барса, аңшылар борсыққа құрып кеткен қақпан екен. Іздегенге сұраған деген осы болар деп қуанып кеткен Өтірік әлгі қақпанды Шындық жүрер жолға жасырып қойып кетеді. Көп ұзамай-ақ Шындықтың көмекке шақырған жалынышты даусын естиді. Алайда естімеген кісіше артқа мойын бұрмастан кете барады. Арада үш күн өтеді. Хан Өтірік айтқан жаңалыққа қаныққанннан кейін, Шындықтың кешіккеніне алаңдап Өтірікті жолға жұмсайды. Өтірік алыстан Шындықтың әзер ілби басып келе жатқанын көреді. Алайда Ханға Шындықты шаршадым деп жол жөнекей әр ауылда Құдайы қонақ болып жүр деп жеткізеді. Хан оған ашуланғанымен, Шындықтың бұл қылығына іштей сезіктенеді. Не болса да келуін тосады. Арада он күн өткенде ғана шаршап-шалдыққан Шындық сарайға жетеді.

Хан Шындықтың сөзін тыңдап отырып бейкүнә жанарына зер сала қарайды. Сондай тап-таза, тұнық көздердің жалған сөйлеуі мүмкін емес деп, Өтірікті бар атақ-абыройынан айырып, сарайдан қуып жібереді. «Өтіріктің құйрығы бір ақ тұтам» деген ойлы сөз осыдан қалса керек.