Bugin

Қазақстанда зейнет демалысына ерте шығу мүмкін бе?

Зейнет аннуитеті жүйесі бойынша ерте зейнет демалысына шығу мәселесі жөнінде ақпар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Келмеске кеткен Кеңес Одағының шекпенінен шыққан елдердің арасында зейнетке шығу жасын белгілеу мәселесі Қазақстанда осыдан біраз жылдар бұрын күн тәртібіне өткір қойылып, бұқара халықтың қарсылығына қарамастан биліктің тарапынан бір жақты қабылданды. 

Нәтижесінде ер адамның зейнетке шығу жасы бірден 63 жасқа дейін өсті, ал әйел адамдардың зейнетке шығу жасы 2018 жылдан бастап кезең-кезеңдер бойынша көтеріліп, 2027 жылы 63 жасқа дейін өсіру жоспарланды. Яғни, 1964 жылдан бастап және бертінде дүниеге келген әйел адамдардың барлығы 63 жастан зейнетке шығатын болады.

Аталған зейнет реформасы халыққа ауыр тиді. Себебі жылдап немесе айлап емес, күн санап күнкөрістің төмендеуі, инфляцияның жүгенсіз кетуінің салдарынан бағалардың шарықтап өсуі, өмір сүрудің ең төменгі стандарты адамдардың жүйке жүйесі мен жандүниесі, денсаулығына кері әсер етіп, орташа өмір сүру жасының төмендеуіне алып келді.

Халықтың зейнет реформасына қатысты негативті көніл-күйін ескере отырып, билік заңамалық деңгейде қоғамдағы кейбір азаматтардың зейнетке ерте шығуына мүмкіндік жасағандай болды. Осы мәселе аясындағы ақпараттар ауық-ауық еліміздің бұқаралық ақпарат кеңістігінде жарияланып тұрды.

Бұл қандай мүмкіндік? Неге қоғамдағы кейбір азаматтардың ғана бұл мүмкіндікке қолы жетімді деген сұрақтар әрқайсымызды қызықтыратыны сөз. Ендеше осы жөнінде тарқатып көрсек.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнет жарналарын жинау негізінде зейнет жасы толған соң зейнет демалысына шығаратын дәстүрлі жүйеге балама ретінде бүгінде Қазақстанда қызмет етіп тұрған жүйенің атауы – зейнет аннуитеті деп аталады.

Зейнет аннуитетті дәстүрлі зейнетақы жүйесінің баламасы болғанымен де шын мәніңде зейнетақы жүйесі емес – сақтандыру жүйесі болып табылады. Яғни, бұл жүйемен жекеменшік сақтандыру компаниялары айналысады.

Сақтандыру команияларының зейнет аннуитеті жүйесімен Қазақстан азаматтары дәстүрлі зейнет жүйесі үшін бекітілген зейнет жасынан сегіз жыл бұрын зейнет демалысына шыға алады, нақтырақ айтсақ ер адамдар 55 жаста, әйел адамдар бүгінгі таңда 50 жаста (әйел адамдардың зейнет жасы кезең-кезеңмен өсетінің ескеретін болсақ, әйел адамдар да 2027 жылдан бастап 55 жастан бастап ерте зейнет демалысына шығады). Ол үшін азаматтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақтандыру компаниясына өтуге қажетті өтем сомасы болуы тиіс. Өтем сомасының мөлшері ер адамдар үшін 10 млн. теңгенің көлемінде, ал әйел адамдар үшін 12 млн. теңгеден астам болуы қажет. Байқағанымыздай ерте зейнетке кез келген азамат шыға алмайды, тек қана бақуатты азаматтарға қол жетімді.

Бір қызығы, өтем сомасының мөлшері біржола бекітіліп, қатып тұратын ставка емес. Ол ең төменгі зейнетақы мөлшерінің өсуіне қарай бірге өсіп отырады. Бұл жағдай тағы да зейнетке ерте шығудан үміті бар, алайда қолында қаржысы жоқ азаматтарды көздеген межесінен алыстата түседі. Себебі жүгенсіз кетіп, құтырған инфляцияның кесірінен аяусыз құнсызданған ұлттық валюта – теңгеміз бұқара халықтың әл-ауқатың арттыруға шамасы келетін емес, ал қоғамның әлсіз буыны зейнеткерлер тіптен тұралап кетті. Сондықтан да билік шан қаптырып заулап бара жатқан жүгенсіз инфляцияның соңынан салпақтап, ең төменгі зейнетақының мөлшерін ауық-ауық өсіруге мәжбүр.

Осы тұста шартты түрде есімі Марат деп аталатын азаматтың зейнет аннуитеті жүйесі бойынша ерте зейнет демалысына шығу сценарий мен долбар есебін назарларыңызға ұсынып көрсек.

Марат 2000 жылы дүниеге келген 20 жасар Қазақстанның азаматы. Ертерек зейнет демалысына шығып, шығармашылықпен айналысып, дүниені кезіп, жиһанкез болуды армандайды. Арманыңа қол жеткізу үшін Маратқа тездетіп жұмысқа тұрып, 55 жасқа дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10 млн. теңге көлемінде зейнет жарнасын жинау қажет. Ұлық АЛЛА ғұмыр берсе Мараттың құзырында 10 млн. жинау үшін тұп-тура 35 жыл, яғни 420 айы бар. Ол үшін Мараттың алдында екі жол бар:

- біріншісі, ақшаны молынан табатын кәсіппен айналысып, 35 жыл күтпей айналасы 10-15 жылда 10 млн. теңгені зейнетақы қорына жинау;

- екіншісі, еңбекақысы 238 100 теңге болатын жұмысқа тұрып, 35 жыл яғни 420 ай бойында зейнетақы қорына 23 810 теңге көлемінде зейнет жарнасын жинау.

Біз осы екінші сценариді шынайы өмірге сәйкес деп алатын болсақ, онда Маратқа 238 100 теңге көлемінде еңбекақысы бар жұмысқа тұру керек. Ресми дерек бойынша мұндай еңбекақы еліміздегі орташа еңбекақы болып есептелінеді. Алайда шынайы өмірде орташа еңбекақы 100 000 – 120 000 теңге көлемінде. 238 100 теңге көлемінде еңбекақыны квазимемлекеттік сектордағы ұлттық компаниялар өзінің әкімшілік қызметкерлеріне төлей алады. Осыған орай Маратқа додалы үлкен вакансиялық конкурстарда топ жарып, яки басқада мүмкіндіктерді пайдаланып ұлттық компаниялардың біріне жұмысқа тұруы қажет.

Сонымен қатар, Мараттың көздеген мақсатына қол жеткізуі үшін келесідей қосымша қолайлы факторлар орын алуы тиіс:

-        35 жыл бойына елімізде инфляция - 0 % деңгейде болу;

-        35 жыл бойына 238 100 теңгеден кем емес еңбекақы алатын кәсіпорында жұмыс істеуі;

-        Зейнетақы, соның ішінде зейнет аннуитеті жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістердің орын алмауы.

Жоғарыда көрсетілгендей шарттардан соң, қатардағы қарапайым ғана азамат - Мараттың мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі кемитіні аян.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің айтатын болсақ, қолында ауыз толтырып айтарлықтай қаражаты жоқ қоғамдағы қарапайым азаматқа бүгіндегі билік ұсынып отырған зейнет аннуитеті жүйесі бойынша ерте зейнет демалысына шығу әзірге мүмкін емес. Мұның жарқын мысалын осы саланың мамандарының деректерінен көруімізге болады. Олардың айтуынша бүгінде бәленбай жыл еңбек өтілі бар, зейнет жасына жақындап қалған адамдардың 90%-ның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнет жарналарының салымы 1 млн. теңгені зорға құрайды.

Сонымен, «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп халық даңалғы айтқандай, зейнет аннуитеті жүйесі кез келген азаматтың тісі батпайтын жүйе.

Осындай талдаулардан кейін мынадай ой қорытындылауға еріксіз келесіз. Қолында мол табыстар әкелетін кәсібі бар кәсіпкер бай-бағландарға, яки табысы отбасын еркін асырауға жететін ұлттық компания қызметкерлеріне зейнетке ерте шығудың, сондай-ақ зейнетақыны мемлекет арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнеақы қорынан немесе сақтандыру компанияларынан алудың ешқандай бір мәртебесі, принципиалды ерекшелігі жоқ шығар?

Әрине мұның қыр-сырың осы саланың мамандары жақсы біледі. Сұраққа жауапты сақтандыру компанияларының мамандары жауап берсе деп үміттенеміз.