Авторлық ертегі

Үкінің тапқырлығы (ертегі)

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қалың орман ішінде ақ қоян мен сұр қоян көрші тұрыпты. Екі қоянда бау-бақша өсіреді. 

Күндерін бақша суарудан бастайтын екі қоян бәсекелесіп өмір сүреді екен. Өсіп тұрған жеміс-жидектерімен мақтанып, бір-бірінен асып түсуді көздейді.

Бірде ақ қоянның жеміс суаратын құралы сынып қалып көршісі сұр қояннан уақытша пайдалануға оның суарғысын сұрапты. Сұр қоян «екі қап сәбіз берсең беремін» дейді. Ақ қоян екі қап сәбізге құралды айырбастап алады. Күндер өтіп жатты.

Сұр қоян таң ата бақшасына келді. Байқап қараса, сәбіздері әлі мардымды өнім бермей тұр. Көршісі ақ қоянның бақшасына қарап еді, жайқалып тұр. Іші алай-дүлей, қызғанышы өршіп барады. Белін сыбанып ақ қоянның алдына келді.

-  Сен сәбіздеріңді менің суарғыммен суарғандықтан, жақсы өсіп жатыр. Сенің сәбіздерің енді менікі болуы тиіс, - деді.

-  Қалай сонда, мен қарсымын, - деген ақ қоян қарсыласып бақты.

Даулары төбелеске ұласты. Орман ішін басына көтерген екі қоян әділдік іздеп, орман патшасы арыстанға жүгініпті. Екі қоянның дауына төрелік етуге үкі мен жапалақ қорғаушылар болып сайланыпты.

Екі тарап өз шындықтарын жеткізбекке патша алдына келеді. Алайда ақ қоянның қорғаушысы Үкі мырза кешігіп қалған екен. Ашуланған арыстан патша билікті қолына алып, қорғаушысы келмеген ақ қоянды кінәлі деп таныпты. Сол мәзетте Үкі мырза ұшып келеді.

- Қайда жүрсің, – деген Арыстан дауысы отырғандарды селк еткізді.

- Патшам мен келе жатқан жолда өрт болып жатыр екен, соны өшірейін деп теңізден тесік қалбырмен су тасыдым, – депті Үкі.

- Ей , сен кешіккеніңмен қоймай өтірікші де екенсің, тесік қалбырмен қалай су тасисың, - депті патша.

- Дұрыс айтасыз патшам, тесік қалбырмен өрт сөндіре алмаймыз. Сол секілді тек суырғы құралмен еңбек етпесеңіз өнім де шықпайды. Мәселе құралда емес, еңбекте екенін жеткізгім келді, - деген екен.

Патша үкінің тапқырлығына риза болып, ақ қоянның сәбіздері еңбекпен келгенін мойындап оң шешім қабылдаған екен. Екі қоян татуласып, даласпауға уәде береді.

Нугыманова Камшат Абылгазиновна