Bugin

Қытайдағы торғай соғысы: Миллиондаған құс пен адам қырылған оқиға

Маоның қате шешімі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытай - тарихи тәжірибелер көп жасалған ел. Ал сол шешімдерді қабылдаушылардың көшбасшысы деп тарихта, сірә, Мао Цзэдунды айтуға болатын шығар. 

1958 жылы Мао соғыс жариялады. Бұл жолы ғалымдарға, Чан Кайши мен капиталистерге емес, бұл жолы - торғайларға. Иә, кәдімгі торғай. Ешкімге зияны жоқ кішкентай ғана құсқа. Негізінен Мао төрт зиянкесті жоюға бұйрық берді. Олар: тышқан, маса, торғай және шыбын.

Қытай ғалымдары, анығы Маоны қолдаушы ғалымдар өкілі бір торғай жылына 4,5 келі бидай жейтінін айтқан екен. Олар "егер біз бір миллион торғайды өлтірсек, онда 60000 адамға астық жететін болады" дегенді сөз арасына қыстырып жіберді. Бұл ақпаратты естіген Мао "Ұлы торғай соғысын" бастап кеткен көрінеді. 

Бұл соғысқа еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысуға тиіс болды. 1958 жылы 13 желтоқсанда басталған "төрттікті қыру" науқаның аяғы сұмдық статистикамен аяқталды. Бір ғана күннің ішінде 194432 торғай өлтірілсе, Бейжіңде 3 күнде қытайлар 1,2 миллион торғайды қырып салды. Торғай өлтіру науқаны қызу жүрді. Оқушылар мектепке бармай күні бойы торғайдың артынан қуып, ұшуға әлі құрыған байғұс құсты бастан ұрып өлтіретін. Ағаштар мен үй төбесіне шығып, торғай ұяларын талқандап, жұмыртқаларын сындыратын.

Тіпті, ересектер де бұл жұмыспен айналысуға міндетті саналды. Қала тұрғындары үй төбелеріне шығып, желпуіштермен, даңғазалармен торғайларды үркітіп, қонуға мүмкіндік бермейтін. Сілекпесі шыққан құсты таспен ұруды "Ұлы торғай соғысындағы" бір ерлік санайтын.

Алайда аталмыш науқанның зияны көп болды. Мұндай ақымақтықты адамзат тарихы көрмеген болар. Торғай мен тышқанды қырып салған ел үкіметіне, ендігі таңда тым көбейіп кеткен түрлі жәндіктермен алысуларына тура келді. Шегіртке мен өзге де астыққа зиян келтіретін жәндік түрлері егінді алқаптарды жайпап кетті. 

Оларды жейтін не торғай, не тышқан қалмады. Соның кесірінен Қытайда аштық орнап, 30 миллион адам қаза тапты. 1961 жылы Мао бұл ойдың қателік екенін мойындап, бағдарламаны тоқтатқан сәтте, елдегі 97% торғай қырылып қалған еді. 

1958-1961 жылдары Қытайда 1,96 млрд торғай өлтірілді. Кейіннен бұл құстарды Бейжің КСРО мен Канададан сатып алып, санын көбейтуге мәжбүр болды. Алайда тарих толқыны басшылықтың бір ғана ақымақтық әрекеті осынша миллион адам мен млрд торғайдың өмірін қиғанын ұмытқан емес.