Көзқарас

Ел болам десең, эфиріңді түзе

Теледидардан не көріп жүрміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иә, халық арасында тараған бұл сөз тегіннен шықпағаны анық. Қазіргі таңда эфирден жылтыңдайтын біршама бағдарламалар, шынында, сын көтермейді. 

Бұрындары эфирдегі телебағдарламалар қандай еді?! Айтары бар, берері мол. Қоса қалсаң, қайта өшіруге дәтің жетпейтіндей, өзіне тартатын. Ұрпақ тәрбиесіне тағылымы мол дүние де бере алатын. Ал бүгінгі эфирлер не дейді? Көк жәшікті қоса салсаң, көруге көзің бармай, ұяласың. Бір жағынан намыстанып, кеудеңді өрт шалғандай күй кешесің. 

Журналист ісінің шалалығын, редактор жұмысы сапасының қандай екенін сол телехабар айқындап тұрғандай болады. Бұрынғы уақытта эфирде сөз құдіреті деген дүниені, тілге деген, ұлтқа, салт-дәстүрге деген сыйластық пен құрметті аңғартатын. Бүгінде сол құндылықтардың шұбарланып, тапталып жатқанын көріп жүрміз және ол үйреншікті құбылысқа айналды. Бұрындары анайы сөздерді қолдану былай тұрсын, оның сыпайы түрін пайдалануға ұялатын, рұқсат жоқ болатын-ды. Ал қазір бәрі керісінше. Кім кінәлі? Мүмкін көрермен өзі кінәлі, әлеуметтік желі кінәлі немесе мемлекет кінәлі ме? Анығына келгенде, жазықты ешкім жоқ. Халық сұранысы деп, құтыла салады. 

Мысал ретінде: "Өз ойым", "Қалаулым", "Кел, келінім" сынды атышулы бағдарламалар. Жоғарыда аталғандардың барлығын рейтинг құрбандары десек, артық емес. Тізімде көш бастау үшін, бір-бірінен өтіп, арзан хайп жасап, ерсі қылықтарға барады. Мәселен, "Қалаулым" бағдарламасын алайық. Қатысушылардың әркеттері жаға ұстатады. Төбелес орын алады, ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шығады. 

"Өз ойым" хабары одан қалсын ба? Кейіпкерлері келіп алып, басындағы проблемасын жалпақ әлемге жар салып айтып, отбасын немесе туған-туысын, қайын-жұртын алалап, эфирде отырады. Ұялғансып, бетперде киіп шығатындарын қайтесің? Тіпті, ондағы жүргізушінің жасап отырған қылығы мен әрекеті, айтқан сөздері тым ұят. Ал киім киістері, жүріс-тұрыс... этика, эстетика деңгейінен ақпарат береді. Осы арада толғантатын тағы бір мәселе... Сол бағдарламалардағы қазақ қыздарының тағдыры мен болашағы. 

"Қызға қырық үйден тыю" дегенді олар мүлде ұмытқандай. Сонау ықылым замандағы қазақ қызының бойынан табылатын асыл қасиеттердің ізі де қалмаған секілденеді. Намыс пен тәрбие қайда? Білім іздеп, арман қуып, мақсатқа жетудің орнына күйеу іздеп, тұрпайы қылықтарға барып, "ажырасқанмын" деп дүйім жұртқа жар салып, уақытша жарнаманың олжасы болып отыр. "Атың шықпаса, жер өрте" дегенді ұстанымға айналдырғандай. 

Келешекте ана боламын-ау, бір әулеттің келіні атанамын-ау деген ой оларды толғандармайтын секілді көрінеді. Бұл қашанғы жалғасар екен? Тұсау салар біреу табылар ма екен? Әрине, барлығы уақыт еншісінде. Алдағы уақытта мұны тоқтату үшін телеарналар толықтай мемлекет қарамағына өтсе, сан мен сапаға жауапты тұлғалар тағайындалса, олар өз қызметін дұрыс атқарса, осы дүниеге заң араласса, рейтинг пен ақша мәселесін біржақты етсе екен деген тілек өлмек емес.