Жүрегіңе бастаса жүрегімді - на bugin.kz
Бахаргүл Бердіхан - на bugin.kz Бахаргүл Бердіхан

Асқар Қолғанатұлы

Қалай келгем байқамай сезімді бұл,

Қалай келгем байқамай көзіңді нұр?!

Мәжнүн-жүрек саусағын созды саған

Қаға бердім, ал, менің өзім діріл...


Сарп етуге көндікпей басқа мұңға,

Сезім бе екен оянған қас қағымда?!

Он бесінен туған ай секілденіп

Тұрсың күліп жанымның аспанында.


Бір білерім, көздерің жәудіреді,

Жәудіретті және де мәңгі мені.

Сөздеріңнен айналдым – жыр біледі,

Көздеріңе байландым – ән біледі...


Ішімде өлді қанша өлең тулап талай,

Тағы қайта жаңғырар шумақтап ой.

Саған ауған көңілімнің шағаласы

Көкірегімді, қайтейін, шулатқаны-ай...


Сол шуыңмен қақ жарып түнегімді,

Ақ бақытқа бояйсың мына өмірді.

Бұйра-бұйра шашыңдай бұйра жолым

Жүрегіңе бастаса жүрегімді...

0 Пікір Кіру