Көзқарас

Қай елдің азаматысыз?

«Азаматтық алу» туралы заңға әлі де өзгеріс енгізу керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бір қарағанда, көзге оғаштау көрінетін секілді, иә?! Бірақ шынында да қай елдің азаматымыз? 

ҚР «Азаматтық туралы» Заңының 16 бабына сәйкес: Еліміздің азаматттығын Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар ала алады. Немесе Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде үш жыл тұрақты некеде тұру қажет. 

Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан қабылданатын болады. 

Журналист Есенгүл Кәпқызының «Сөздің шыны» кітабындағы «Қай елдің азаматысыз?» атты мақаласында жазған, мына бір сөзі  ерекше назар аудартады. «Қазақстанның жалпақшешейлігін өзге емес «Азаматтық туралы» заңынан көруге болады. Мәселен, кез-келген мемлекеттің «Азаматтық туралы» заңында қандай да бір мемлекеттен келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам сол мемлекеттің азаматы атану үшін, ең кемінде 5-10 жыл тұрақты тұруы керек, сондай-ақ, сол елдің тарихынан, мемлекеттік тілінен емтихан тапсыруы  қажет. Айталық, Америка азаматы атану үшін онда кемінде 10 жыл тұрақты тұруымен қатар, АҚШ тарихынан, географиясынан және мемлекеттік тілінен емтихан тапсырасың және ең маңыздысы - Библияны ұстап тұрып, АҚШ үкіметіне ант бересің. Ал, Канадада бұндай сынақ түрі 14-ке жетсе, Израиль тек еврейлердің ғана азаматтығын мойындайды екен. Көрші Ресейде орыс тілін білмейтін адамды азаматтыққа қабылдаудан бас тартты» дейді.

2006 жылы жазылған Есенгүл Кәпқызының осы мақаласы билік өкілдеріне толықтай жетпеген болу керек. Біздің «Азаматтық туралы» заңымызға әлі де өзгеріс енгізілмегендігі  байқалады. Біздің заңымыз бойынша кез-келген басқа елдің азаматы оп-оңай біздің азаматтыққа өте алады.     

Мақсат Имандосов еліміздегі демография бойынша өзінің қызықты ойларын Facebook әлеуметтік желісіне салып, айтып жүрген танымал сарапшылардың бірі. Мақсат Имандосовтың айтуынша, «Елден кету – бұл «ақыл-ойдың» кетуі». «Эмиграцияға келер болсақ, көбіне орыс халқы немесе орыс тілді халықтар тұратын өңірлер мен облыстардан шетелдерге қоныс аударып жатқаны белгілі, бұның еш құпиясы жоқ. Оларға украиндықтар, немістер және басқа да еуропалық халықтар жатады. Бұл еліміздің солтүстігі, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстары екендігін ескерсек, статагенттіктің есептері бойынша, соңғы уақытта еліміздің осы өңірлерінен шетелге қарай ең көп қоныс аударылған». 

«Соңғы жеті жылда иммигранттар саны азайып, ал эмигранттар саны өсіп жатыр. Соңғы бес жылда елімізге көшіп келушілерден гөрі шетелге көшіп кетушілер көп. Былтыр Қазақстаннан 37 700 адам көшіп кеткен, ал көшіп келгені 15 мың адам. Яғни, сальдо шамамен 23 000 адам құраған. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, эмиграция өсуі байқалады, биыл оның саны  көбірек болуы мүмкін». 

Қорытындылай келе, еліміздің  «Азаматтық алу туралы» заңдарын өзгертіп, қайта өзгерістер енгізуіміз керек. Есенгүл Кәпқызы айтқандай, «Бәрінен бұрын «Азаматтық туралы» заңға мемлекеттік тіл мен мемлекеттің тарихынан емтихан тапсыру туралы бапты енгізу қажет екендігі сөзсіз». Әсіресе, шетелдік инвесторлардың біздің ана тілімізді меңгеріп, өндіріс орындарында қазақ жұмысшыларының жаңа технология мүмкіндіктерін игеруге айқара жол ашуы тиіс.