Әйел махаббаты - ең күшті махаббат - на bugin.kz
Өтебаева Ұлжалғас - на bugin.kz Өтебаева Ұлжалғас

Әйел махаббаты - әлемнің тұтқасы

Кейде менің әйелді түнгі бөлмеде маздап жанып тұрған шыраққа теңегім келеді. Олай дейтінім, шырақ бүкіл бөлмеге сәуле шашып, нұр таратады. 

Соның жарығымен үй ішінің күндізгі тіршілігі жалғасып,  шаруасы істеліп, реттеліп жатады. Сағат сайын шырақтың майы сарқылып, біткеннен кейін "ал маған риза болындар" дегендей кеудеден ақтық рет дем шығарғандай бір дір етеді де шырақ сөнеді. Ол жан-жағына үздіксіз жарық шашып, қараңғылықты қуалаумен бар өмірін өткереді де, мәңгі өшеді. 

Байқап, барлап қарасақ, әйелдің де өмірі осыған ұқсайтын сияқты. Бой жетіп, босаға өзгертіп, басынан қыз дәурені кеткеннен кейін ол қызметке тұрады, жұмысқа орналасады. Біраздан кейін балалы-шағалы болады. Одан соң қызмет, күйеу және баланың ғана қамын ойлап, бар жанын соларға салып, дедектейді де жүреді. 

Кешке, артынып-тартынып жұмыстан келе сала, білекті сыбанып жіберіп, үй ішіне ас әзірлейді. Көпшілік еркектер түз шаруасы, кеңсе қызметінен келгеннен кейін, жығылып қалмау үшін дөңгелек үстелді жағалаган жас баладай болып, орындықты төңіректейді. Мен мұны ауылдан да көп көрдім, қаладан да байқадым. 

Ал әйел оған мүлде қабақ шытпайды, балаларының бетінен бір-бір иіскеп алып, үй ішін күміс күлкіге толтырып, жайраңдап, жарқылдап жүре береді. Мен осының бәрі әйел жүрегіндегі шексіз махаббатқа байланысты-ау деп ойлаймын. Меніңше, әйел махаббаты - ең күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты. Әйел махаббаты әлемнің тұтқасы. Мен осылай деп түсінемін. 

Әйел махаббатының күші жердің тарту күшінен кем емес-ау деп ойлаймын. Мінеки, әйел деген осындай ерекше еңбекші жұрт. Ол дүниеге өмір таратады, қоғам игілігіне еңбегімен үлес қосады, отбасыға қуаныш әкеледі. Сол үшін ол қарлығаштай лыпып, ешқашан тыныш таппайды. Бұдан басқа тіршілікті ешбір әйел өмір деп түсінбейді. 

Біз де бір  күні отбасы құрып апа-аналарымыздың мәңгілік кәсібіне кірісеміз-ау әлі... Отбасы - мемлекеттің негізі. Біздің мемлекетіміздің - азаттықтың, әділдіқтің, адамгершіліктің Отаны. Отбасыға  адалдықтың үлгілі де елден елге, ұрпақтан ұрпаққа бізден тарауы керек. Сондықтан мен ерлі-зайыпты адамдардың жұптылық салтын, адалдық заңындай ардақтап, бұлжытпай орындауын қалаймын. 

Әйелдің жүрегіне жара түспесе екен, ол әрқашан да бақытты, қуанышты бола берсе екен  деймін. Барлық әйелдің жары ақ көңіл адал болса екен, олар әрқашан әйелдерін қадірлей білсе екен деп тілеймін.


0 Пікір Кіру