Мінсіз түйіндеменің 7 құпиясы - на bugin.kz
Өтебаева Ұлжалғас - на bugin.kz Өтебаева Ұлжалғас

Түйіндеменің сыры неде? Білесіз бе?

1. Тым көп ақпарат 

Тәжірибелі маманның түйіндемесі әдетте ұзақ әрі ақпаратқа бай болып келеді. Шын мәнісінде, бәрін жазудың қажеті жоқ. Тек нақтысын, елең еткізерін жазыңыз. Түйіндеменің мақсаты – көп ақпарат беру емес, көзге түсетін нақты ақпарат ұсыну. Ал қалғанын жұмыс берушімен кездескенде айтып бергеніңіз қисынды. 

2. Лауазымды түсінікті жазу

Өзіңіздің атқарушы не жетекші екеніңізді ажыратып жазыңыз. Жаңа жұмыс орнында жетекшілік қызмет еткіңіз келсе, тапсырманы бұлжытпай орындайтын атқарушылық қабілеттеріңізге тоқталмаңыз. Керісінше адамды қалай басқаратыныңыз, құндылықтарды жеткізе алуыңыз туралы бір-екі ауыз сөз жазыңыз. 

3. Жұрттан ерекшелену 

«Жауапкершілігім мол, тез бейімделемін, адамдармен тез тіл табысамын» деген сияқты жұрттың бәрі жазатын ақпаратты түйіндемеде жазу сізді көптің бірі ететінін естен шығармаңыз. Оданша «көп сөзді емес, нақты істі жақсы көремін», «ұрысқақ емеспін», «анда-санда кешігіп қаламын, бірақ күттіріп қойғаным үшін шоколад сыйлаймын» деп ашығын айтыңыз. 

4. Жеке ақпарат 

Кейбір түйіндемелерде жұмысқа қатысы болмаса да жұмыс іздеуші бәрін жазып қояды. Мысалы, мекенжайы, балаларының жасы, астындағы машинасының маркасы. Бұлардың бәрін жазудың қисыны жоқ. 

5. Фото 

Түйіндемеге фото керек не керек емес деп кесіп айтуға болмас. Мәселе – сапа мен стильде. Түйіндемеге өз фотоңызды қойсаңыз да іскерлік стильдегісін таңдап алыңыз. Тойда, демалыс кезінде түсірілген фотолар жарамайды. 

6. Жинақылық 

Бір түйіндеменің өзінде неше түрлі өлшемдегі, стильдегі қаріптер, жарты бетті алатын адамның фотосы, тым көп баған болады. Мұның бәрі түйіндемені оқуға тартымсыз етеді. 

7. Жетістіктер 

Түйіндемелердің көбісінде жұмыс іздеуші жетістіктеріне мән бермейді. Ал жұмыс беруші оның жетістіктерін көргісі келеді. Қол жеткізген жетістіктері болмағандықтан жұмыс іздеушінің сөйлесуге шақыру алуы екіталай. Жетістікке байқауды жеңу, марапат алуды ғана емес, жаңа білім мен қарым-қабілетті дамытуды да жатқыза аламыз

0 Пікір Кіру