Қоғам

Балаңыздың досын білесіз бе?

Балаларға кіммен емес, немен доссың дейтін уақыт

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Уақыт – тоқтатып қоюға және және кері қайтаруға келмейтін нәрселердің ең бастысы. Қазіргі таңда қоғамға бейімделіп алған ересек адамдарға қарағанда, жас балаларға уақыттың қадірі жоқ секілді. 

Әрине, бала өз бетімен көп нәрсе істей алмайды. Біз балалардың қалыптасуын уақытпен санаспай құрайтындаймыз. Бала дүниеге келіп ата-анасының көп көңіл бөлуін қажет ететін уақыт келгенде, баланы тыныштандыратын көмекші құрал, ата-ана үшін 21 ғасырда таптырмас әдіс «ұялы телефон». 

Әрине оның ішінде «ютубтағы» мультфильмдер баланы алдандырады. Қазіргі таңда кішкентай бала мазасызданса не үшін екенін сұрап, бір әрекет жасау, баламен тілдесу, оған түсінікті әңгімелер айтып уақыт бөлу мүлдем жоқ деуге болады. Алдына жылап келген балаға кімде-кім болмасын телефон ұстатып жібере салады. Лажы болса мазасын алмаса болды. Бірақ осы түсініксіз үнсіздіктің арқасында баланың болашағы қалыптасып жатқанын елеп жатқан жоқпыз. Біздің қоғамда, кезінде 12-13 жасқа дейін телефон сұрамай өскен жастардың өзін қазіргі таңда "ынта жоқ, қызығушылық, идея жоқ" деп айыптап жатады. Қазір туыла салып телефонмен дос болып өсіп жатқан ұрпақтарымызбен, еліміздің болашағы қалай болатыны әзірге ешкімді ойландырмайтындай.

Телефонмен ұзақ уақыт отыру денсаулыққа да ынтасыздыққа да әкеліп соғатынын бәріміз білеміз. Себебі балалардың миында "телефон барлығын жасап береді" деген ой тұрады. Ұялы телефонды жастайынан беруден бөлек, ондағы балалардың үзбей көретін мультфильмдері де психологиялық тұрғыдан зиян. Қарапайым мультфильмдер де қазіргі балаларды қызықтырмайды, оларды орыстың кішкентай қыздарының не істейтіні туралы бейнероликтер көбірек қызықтырады. 

Бала тіпті осыған тәуелді болып қалады. Ауыстырып басқа түсінікті нәрсе көрсін десең баланың қалауы тек осы мультфильмде. Сонымен қатар балалар бір нәрсені 3 минуттан артық қарай алмайды. Оларға телефон ұстатып қойып, мультфильм қосып берсеңіз ол аяғына жетпей ауыстырып жібере береді. Ешқандай мағынасыз, нәтижесін күтпей мақсатсыз телефон қарау да уақыттың қадірін жоғалтып жатқанымыздың дәлелі. Барлық ата-ана дерлік осы жағдаймен таныс. Сондықтан кез келген дүниені құр айтып қоймай, бірінші өзімізден бастайық.