Қоғам

АТУ-да Абай жылы бастау алды

Алғашқы салтанатты кеш

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлы ақынның туған күніне арналған «Абай-дана, Абай-дара» атты білім ордамыздағы алғашқы салтанатты кеш өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылы Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойын бүкіл ел болып, жоғары деңгейде атап өту туралы Жарлығы шыққан болатын. Осыған орай, Алматы технологиялық университетінде де тәлім-тәрбиелік мәні зор көптеген мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ұлы ақынның туған күніне арналған «Абай - дана, Абай - дара» атты білім ордамыздағы алғашқы салтанатты кеш өтті. Аталмыш шараның мақсаты – қазақтың бас ақыны, ағартушы, философтың әдеби мұрасын сақтау және өскелең ұрпаққа насихаттау болып табылады.

Кеш шымылдығы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнімен ашылды. Ал сөз кезегі бірінші болып тәрбие ісі  және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор – Қалтай Батхолдинға берілді. Өз сөзінде ол Абай шығармашылығы әр уақытта да өзекті болып қалатынын атап өтіп, жастарды білім-ғылымға, ақынның қалдырған өсиетіне терең бойлауға шақырды.

Жалпы, концерттік бағдарлама өте танымды және мазмұнды болды. "АТУ music" вокалдық үйірмесінің мүшелері Абайдың танымал әндерінен попурриді нақышына келтіріп орындаса, университетіміздің "Домбыра дастан" оркестрі "Адай" күйін ұсынды.

Қызметкерлер мен студенттер ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айта кету керек, қатысушылар тек мемлекеттік және орыс тілдерінде ғана емес, сонымен қатар ағылшын тілінде өлеңдер оқыды.

Сонымен қатар, шара аясында университетте "Абай әлемі" атты ұлы данышпанның кітаптары қойылған көрме ұйымдастырылды. Осылайша, Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» - деп өзі айтқандай, халқымен бірге мәңгі жасай бермек.