Көзқарас

Пейілдің кеңдігі - Елдің елдігі

Елдік пен ерліктің мәнін, қазақы қасиеттің қадірін данагөй абыз, билерден асып кім айтқан?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біз қандай Елміз?

Заманында Қазыбек би бабамыз былай демеп пе еді:

«Біз, Қазақ деген Ел, мал баққан Елміз;

Ешкімге соқтықпай, жай жатқан Елміз;

Жерімізді жау баспасын деп,

Елімізден  құт-береке қашпасын деп,

Найзамызға үкі таққан Елміз!...

Босағадан кірген жыланның  да басына ақ құйып, өлтірмеген қазақ баласы Ұлы Даланың дархандығын, тауларының асқақтығын, айдын-көл, дарияларының тұнық-тазалығын бойына да, жанына да сіңірген ғой.

Ежелгі замандардан қазақ баласы есігін құлыптамады; абақты тұрғызған жоқ. Жетімін жылатпады. Жесірін қаңғыртпады. Ауыл-аймақты жасы үлкен қадірлі қариялар басқарды. Ата дәстүріміздің заңдық күші болды.

Табиғатпен, қоғаммен, барша айналадағы адамдармен үйлесімді тірлік салтанат құрды.

Бабаларымыз адамның ғұмыр-тағдырының ең алдымен ниет-пейіліне байланысты болатынын баяғыдан-ақ білген.

Ш. Айтматов  пен М.Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» кітабында мынадай бір әңгіме бар. Әңгіменің өзегі - адам тағдырының өз ниет-пейіліне байланысты түзілетіні. Оқиға былай өрбиді. Шыңғыс ағаның балалық шағында болған жағдай. Әкесі Төреқұл Айтматов (Қырғыз Республикасының басшыларының бірі) сталиндік 1937 жылдың қуғын-сүргініне ұшырап, жазықсыз жаладан атылып кеткен. Анасы, бауырларымен елде қиындықтарға тап болған отбасы. Үйдің анасынан  кейінгі ересегі - Шыңғыс. Бір күні қырсық үстіне қырсық жамалып, қаскөй ұры түнде сауып отырған жалғыз сиырын ұрлап  кетеді. Таңертең қораны ашса,сиыр жоқ. Мұны естіген үй іші, бәрінің есі шығып кетеді.

«Ендігі күніміз  не болады?» деп анасы жылап жібергенде бауырлары қосылып жылайды. Ашу-ызаға булыққан бала Шыңғыс үй аралап жүріп біреуден мылтық сұрап алып, ұрланған малын іздеуге шығады. Ішкі жан дүниесі алай-дүлей. Өзі әкесінен қапияда айрылып, қайғырып жүргенде тыңнан қосылған қиянатқа қарсы әділдік іздеген бала жүрегі аласұрады.

Жан дүниесінде алай-дүлей арпалыс,ыза мен кек дауылы өршіген сәтте жалғыз сиырын үптеген қаскөй кездессе,табанда атып жіберер ме еді?

Не боларын кім білсін?

Бағына қарай жолда есек мінген бір қария жолығып,баладан жөн сұрайды.Шыңғыс болған  жағдайды айтады.Сонда ақсақал былай депті:

- Балам, менің ақылымды тыңдасаң, ашуыңды бас,үйіңе қайт. Сен ұрыны таба алмайсың. Оның жазасын Құдай береді. Ал сен ақ пейіліңе орай алдағы өміріңде талай жақсылыққа кезігесің, маңдайыңа баянды бақ қонады; талай сиыр қораңнан өретін болады.Үйіңе қайт,балам,-депті қария.

Сол жол үйінде кезіккен қария Қыдыр атаның өзі емес пе екен? - деп еске алады Шыңғыс аға.

Иә. Сол қадірлі қарияның айтқаны келіп, Шыңғыс Айтматов жазушылығымен әлемге танылды; оның кітаптары мың-мыңдаған тираждармен дүниенің төрт бұрышына түгел тарады емес пе?

Пейілдің ақтығы, кеңдігі дегеннен шығады: сонау отызыншы жылдардың аяғы мен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстанға еріксіз көшірілген қаншама ұлт өкілдеріне қарапайым ауыл адамдары пана болмады ма. Пана болғанда өздерінің қуықтай ғана баспаналарының төрін кіріптар жандарға беріп,онсыз да өздері тұрмыс-тағдыр тауқыметін көріп отырса да, қолындағы барымен бөліскенін тарих ұмыта қойған жоқ.

Тар заманда бүтін құртты бөліп жеп, жарты құртты жарып жеген Елдің бүгінгі « күн көрмей өскен» ұрпақтары біз қандаймыз?

«Күн көрмей өскен» деп отырғаным: бұл заманда көбіміздің күн астында қара жұмыс істеуге құлқымыз жоқ, бәріміз «ауырдың үсті,жеңілдің астымен» жан қинамай, тер төкпей-ақ ақша тапқымыз келеді.

Біздің балалық шағымыз алпысыншы жылдары осынау ақ пейілді, даладай дархан көңілді адамдардың ортасында өтті. Олардың бәріне бір қасиет ортақ еді. Ол - пейілдің кеңдігі.

Бүгінгі заманда  жұрттың  бәрі өзін сауатты, білімді санайды.

Байлар жиған байлығына,астындағы қымбат көлігіне мәз; жарлы халық « солардай бай болсам»  деп қиялға берілгені болмаса, ештеңе өзгерер түрі жоқ; қолынан келер дәнеңе жоқ.

Ең қауіптісі - байда да, жарлыда да пейіл тарылған.

Көрші көршісімен араласпайды, ағайын бір-бірінің үйіне шақырмаса, бармайды. Осыны  көрген болашағымыз -  балаларымыз  қандай  болмақ?!

Қанағатпен, ақ пейілмен өмір сүрген бабалар қандай ақылды еді!

Абай хакім: «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз.Күншіліксіз тату бол шын көңілмен, Қиянатшыл болмақты естен кеткіз»,-дегенде,араздықтың, күншілдік пен қиянатшылдықтың пейілдің бұзылуынан туындайтынын біліп айтқан ғой...

Тарихты ойымызда қалдырып,бүгінгі күннің шындығына ащы да болса бет бұрсақ.

Күні кеше ғана ашық күнде найзағай ойнағандай,аспаннан жай түскендей болған Қордай оқиғасы неден болды?

Қордайдағы қайғылы жағдайларға алып барған  қақтығыстың түп-тамыры неде?

Ең алдымен,ниетіміздің, пейіліміздің, тарылғаны, бұзылғаны соншалық:бірімізді- біріміз  шынайы қадірлей білмейміз; дос көрмейміз;күлгеніміз, қуанғанымыз да, қайғырғанымыз, жылағанымыз да шынайы көңілден,шын жүректен емес...

Дана Абайдың:  «Біріңді,қазақ, бірің дос , көрмесең істің бәрі-бос»,-дегені  шындық екенін  көріп жүрміз...

Осындайымызды көрген өзге  жұрт басқааша ойлайды. Тіпті  өздерін зор, бізді қор санауы да әбден мүмкін.

Екіншіден, Елімізде жалпы тәрбие мәселесі төмендеп кетті. Ұрпақ тәрбиесі, адам тәрбиесі өз деңгейінде деуге болмайды.

Әсіресе, бұл - отбасылық тәрбиеге қатысты. Қай-қай ұлттың  өкілі  болмасын, балаларының бойына адамды құрметтеуді,  қазақстандық патриотизмді сіңіруге міндетті болғанымен, бірақ іс жүзінде бұл міндет өз дәрежесінде орындалмай отыр.

Қордайдағы  қақтығыстың басы өмірде күнделікті болып жататын қарапайым кикілжіңнен басталған жоқ па?!

Тіпті  дұрыс болмаған күнде де жастар үлкенді сыйлауы бірінші орында болуы тиіс емес пе?!  Бұл жерде  ұлттың  қатысы жоқ.  Қай ұлттың қариясы болса да жастардан құрмет күтеді.Үлкенді қадірлеу, қарияны құрметтеу-қай лауазымды адамға да, қай ұлттың өкіліне де ортақ парыз.

Сондықтан бұл істегі басты жауапкершілік қарияны сыйламаған жастарда.Пәленің басы осыдан басталды.

Үшіншіден, Еліміздің мектепке дейінгі және мектептерінде жүргізілетін отаншылдық,мемлекетшілдік тәрбиесі жүйелі мемлекеттік идеяны жүзеге асыратындай деңгейде болмағандықтан,тәрбие тетіктері заманның,қоғамның жедел даму қарқынына ілесе алар емес.

Төртіншіден, жергілікті жердегі басшы қызметкерлер халықтың ортасына бара бермейді; көбіне кабинеттерде және түрлі жиналыстармен уақыт өткізеді.Кабинеттен шықпағандықтан  басқа құрылымдар мен шаруашылық, мәдениет,білім салаларының тыныс-тіршілігін,жалпы алғанда ауыл-аймақтың әлеуметтік-психологиялық ахуалын жете білмейді.Негізінде бүгінгі үлкенді-кішілі басшы қызметкерлердің,әкімдердің басқару деңгейінің көрсеткіші-жастардың, тұрғындардың адами-тәрбиелік сапасымен өлшенуі тиіс деп ойлаймын.

Қай ауылдың балалары тәрбиелі, иманды, мәдениетті, қай ауылдың жастары ұйымшыл,қай ауылдың тұрғындары бір-бірін қолдағыш, сол ауылдың әкімі-іскер азамат болғаны.

Бесіншіден,ең бастылардың бірі-әлеуметтік әділдік. Құқық қорғау,заң орындарының әділдігі.Егер ақшалылар жазадан құтылып,ақшасы жоқ бір байғұс ақшасы көптің орнына сотталатын болса,қарапайым қара халық заң әділдігіне көзі көріп, қолы жетпесе,әділетсіздік  қоғамды жайласа,  болашаққа  деген сенім де әлсіремек. Сенім азайса, асқақ армандар да аласармай қалмайды. Алтыншыдан,  мемлекеттік тіліміздің өмірдің барлық саласында қолданылуы белгілі дәрежеде өзге ұлттар мен ұлыстарды мемлекет құраушы  ұлтқа жақындастыра түседі.

Мемлекеттік  тіліміздің ресми тіл мәртебесі де заңмен бекітілгені дұрыс болмақ. Мемлекеттік  қызметкерлерге де, кәсіпкерлерге де,  әлеуметтік, мәдениет, білім саласы қызметкерлеріне де мемлекеттік тілді білу,мемлекеттік тілде сөйлеу-заңмен белгіленгенде ғана,мемлекеттік тілге деген мұқтаждық болғанда ғана түйткілді мәселелер   шешімін  таппақ.  Қордай оқиғасының кейбір сабақтары осындай.