Қоғам

Жалғанның жетегінен ермейік

Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қаһарлы «тәжвирус» Қазақстанға да келіп жетті. Түп-тамыры Қытай Халық Республикасында көктеп, әлемдік пандемияға айналып отырған бұл індет Бұқара Ақпарат Құралдарының басты тақырыбына айналды. 

Ірі мегаполистердің карантинге жабылуы елді бір дүрліктірсе, табысынан айрылған халыққа берілетін 42500 теңге көлеміндегі көмек мәселесі вирусты ұмыттырып, халықа банктердің алдына жинады.

Дегенімен, менің бүгінгі өзекті мәселе ретінде айтпағым бұл індет емес, осындай қиын тұста жалған ақпарат таратып, халық көңіліне үрей салатын адамдар. Инстаграм жәнеWhat’s appжелісі арқылы онсыз да еріккеннің ермегін жасап жүргендерге коронавирус мәселесі жаңа ойыншықа айналды. Әртүрлі топтарда күн сайын фейк ақпараттарды көріп, ашуың келеді. Ал соған сенген қарабайыр халық жаныңды қынжылтады. Сондай ақпараттардың бірерін талдап өтсек.

«Коронавирустың мұсылман қауымға жоламайтынын түсінген 20 миллион қытай азаматы ислам дінін қабылдапты» десіп, алаңға жиналған қауымның намаз оқып жатқан видеосын белгісіз жандар салып қойыпты. Бұл ақпаратты көргендер барлық әлеуметтік желіге таратып, өзіндік тұжырымдар жасай бастады. Тіпті, мұсылманға қарсы шаққан Қытай өз жазасын алды деп, қуанышпен посттар жазып жатты. Сөз ауыр, дегенімен, мен бұны надандық деп білемін. Себебі вирус ұлт пен дінді таңдамайды. Сақтық шараларын жасамаған, не абай болмаған кез-келген адамның тәнін жаулайды. 

Оған қоса, «мұсылмандарға жоламайтын» бұл вирус Ислам елінде, Иранда не істеп жүр? Бұл ел ең қатты жапа шеккендердің арасында емес пе?! Оған қоса, менің пікіріме Фактчек.кз – фейк ақпараттарды анықтау порталы нақтылай дәлел келтірді. Жоғарыда көрсетілген видео осыдан бес жыл бұрын, ораза айт кезінде түсірілген екен. Намаз оқып жатқандар – Қытадағы мұсылман қауым. Ал 20 миллион қытайдың бұл дінді қабылдауы – өтірік ақпарат.

Халықты ойша дүрліктіріп қана қоймай, жаппай дүкендерге қуған ендігі бір ақпарат –әлеуметтік желілерде бос қалған дүкен сөрелерінің суреті тарады. Бұны көріп, азық-түліксіз қалудан қорыққан адамдар екі күн бойы ірі гипермаркеттерде ұзын-сонар кезекке тұрды. Билік иелерінің сабыр сақтауға шақыруына құлақ асқандар сол сәтте шамалы еді. Кейіннен интернет желісінде бақылау камераларына түсіп қалған келесі бейнеролик жарияланды. Мұнда бір азаматтың дүкен сөресін әдейі босытып, ұялы телефонына фото-видеолар түсіріп, тауарды қайта қойып қойғаны анық көрінген. Ұятын қалтасына тығып қойып, жұртқа өтіріті суша судыратқан бұл адамға іздеу салынды.

Кей адамдар білместіктен, не еріккеннен істер дерсіз. Ал дәрігерге не жоқ? Коронавирус Қытайда тарап жатқанда «Қазақстанда коронавируспен ауырған адам саны 70 мыңға жетті. Халық қырылып жатыр. Мен сол саладағы дәрігермін» деген видео таратқан адам гинеколог дәрігер болып шықты. Артынша әкімшілік жазаға тартылып, халық алдында жалған ақпарат үшін кешірім сұрады. Алайда, сол аралықта ел-жұрт тағы бір дүрлігіп үлгерген еді...

Өтірік – адамның қас жауы, ауыр күнәлардың бірі. Соған қарамастан осындай ауыр жағдайда жалған айтуды тоқтатпайтын адамдардың ниетін әлі де түсіне алмай келемін. Бұл санасыздық па, әлде белгісіз жандардың халық арасына іріткі салу саясаты ма? Не де болса, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Тек халық мұндай арандатушылардың соңынан ермесе болғаны.