Шымкент

Шымкент: 18 мамырдан бастап мешіттер ашылады

Діни басқарма

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша бас имамы Бақдәулет Абдрахманов және бас имамның орынбасары Мұхамеджан Естеміровтың қатысуымен онлайн-брифинг өтті. 

Брифинг барысында төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін қала мешіттерінде атқарылатын шаралар мен Қасиетті Қадір кеші мен Айт мерекесін өткізу туралы, сондай-ақ құлшылық үйіне келуші азаматтарға қойылатын талаптар жайында жан-жақты ақпарат берілді.

- Елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне сәйкес, елімізде 18 мамырдан бастап барлық мешіттер арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады. Карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара. Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешітте болу уақыт ұзақтығы 15 минут және намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек, - деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.

Сондай-ақ бас имам қасиетті Қадір кешін үйде өткізуге шақырды.

- Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 7:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамын. Тәртіпке бағынуды сұраймыз, - деп атап өтті Бақдәулет Абдрахманов.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 106 мешіт бар.