Әлем жаңалықтары

Трамптың "мазағына" тойған халық Джо Байденді қолдай ма?

77 жастағы үміткер екі сөздің басын құрай алмайтын «ебедей» болып шықты.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Би-би-си журналисі Ник Брайант былай деп жазыпты: «Президент сайлауында демократтар тарапынан қолдау күтпеген Джо Байденді түптің түбі халық жақтайды».

Иә, АҚШ-тың демократиялық партиясы кері шегініп барады. Бұл жағдайдың пайдасын көрер біреу болса, ол – Джон Байден. Себебі халық одан қауіптенбейді.

Әрине, Трамптың қатқыл бейнесінен соң Джон Байденнің жұмсақ жүзі қарапайым адамға ұнары сөзсіз. Оның мейірімі талай есіктерді ашады әлі. Ал күлкісі – тұнған философия. Саясат бар жердің бәрі негативке толы: сенімсіздік, жеккөрінішті сезім, үзілейін деп тұрған жүйке талшықтары. Бірақ Байденге қарап негатив жайлы ойлау мүмкін емес. Бұл Америка халқының ойы.

Алайда Айова мен Нью-Гэмпшир қалаларына жолы түскен Ник Брайант Байденнен көңілі қалғанын жасырмады. Себебі 77 жастағы үміткер екі сөздің басын құрай алмайтын «ебедей» болып шықты. Халық алдында сөйлеген сөзі, өзін ұстауы журналиске ұнамсыз көрінді. Тіпті күлкісінен де нұр төгіліп тұрмаған секілді. Әлсін ғана жымиғаны айналасын жадырата алмады.

АҚШ саясаты турасында 30 жыл бойы қалам тербеп келген Ник Джо Байденді әлсіз үміткер деп бағалады. Оның ойынша, Байденнің дәрежесі халықтың қошеметіне бөлене алмаған бұрынғы Флорида губернаторы Джеб Буштан да төмен.

Айова мен Нью-Гэмпширде өткен жабық жиналыстарда соңғы орындардан көрінген Байденді енді саясаттан алшақтайды деп ойлады жұрт. Бірақ ол жарқ етіп шыға келді. Ел арасында абыройға ие қара нәсілді конгрессмен Джим Клайберннің көмегімен Байден Оңтүстік Каролиндегі парймеризде жеңіске жетті. Бұдан кейін сарапшылар Байденнің сырын ашуға кірісіп кетті. Ешқандай кампания өткізбесе де ол қалайша штаттарды жаулап жатыр? Айова мен Нью-Гэмпширден кейін Байденге қарсы мынадай қауесет тарады: Байденді өз көзімен көрген сайлаушылар оған дауыс беруден әсте қашар еді. «Көзге көрінбейтін үміткер» дегенмен жетістікке жетті. Иә-иә, ол жеңіске көзге көрінбей жүріп жетті.

Карантин уақыты үміткерге тіптен үлкен мүмкіндік болды. Бірнеше ай бойы ол Делавэр штатындағы үйінің жертөлесінде күн кешті. Оның оқшаулануы кейбіреуіне жағып та кетті. Мұндай әдісі арқылы ол әйелдерге жақындай алмайды ғой. Былтыр бірнеше әйел үміткердің орынсыз әрекеттерін айтып, шағым түсірген еді. Сонда Байден Твиттерде өз әрекетін «қамқорлыққа» балаған.

«Мен адамдарды құшақтаймын, қолын аламын. Қашан да «Сендердің қолдарыңнан келеді!» деп құлақтарының түбіне сыбырлап жүремін. Ол әйел ме, еркек пе, жас па, кәрі ме – маған бәрібір. Ең бастысы бәріне қамқор болу – менің жауапкершілігім», - деп жазған еді.

Пандемияның кесірі Демократиялық партияны айналып өтпеді. Байден сенатор Берни Сандерспен жеңілдіктер жасамау туралы келісім жасаған: тегін медицина болмайды, жаңа курс та жоқ, қаржылық полицияны қысқартады.

Бұл әрекеті халықты өзінен алыстатары сөзсіз, алайда бәрі Дональд Трамптың да құйтырқы әрекетінен жалықты. «Президент Трамптың басы тағы дауға қалды» деп журналситер де жазғысы жоқ. 2016 жылғы сайлауға қатысты дауды да бұл жолы қайталамауға тырысу керек. Саяси апатқа көп ұшыраған Трампты мүлде сызып тастауға да келмейді. Алайда апттан қалған жараларды жазу керек. Оның үстіне пандемия жара бетін тырнағандай болды. Халық оның дөрекілігі мен «мәденитетсіздігіне» «тойған». Сол себепті Трампты емес, Байденді қолдауға бәрі дайын сияқты.

Ал Джо Байден қарашада өтетін сайлауда жеңіске жетсе, Корей жарты түбегіндегі АҚШ әскеріне деген Вашингтонның позициясы жедел өзгереді деп уәде берді. Яғни, Байден АҚШ-тың дәстүрлі позициясына оралмақ. Солтүстік Корея басшысы Ким Чон Ынмен қарым-қатынастың да өзгеретінін тілге тиек етті. Бұған дейін ол Трамп пен Ким Чон Ынның «жеке қатынастарын» сынға алған.

Жалпы, Джо Байденнің өмірі мұң ұялатарлықтай. 1972 жылы сенаттағы алғашқы сайлауда жеңіске жеткен соң әйелі Нелия мен 13 айлық қызы жол апатынан қайтыс болды. Ал 2015 жылы Бо есімді ұлы ауыр дерттен көз жұмды. Сол себепті ол эмоцияға берілгіш.