Қоғам

«Орысша ойлап, орысша түс көретіндер билікте тұрғанда мемлекеттік тілдің мәртебесі ешқашан көтерілмейді» - қоғам белсендісі

Қоғам белсендісі қазақ тіліне байланысты пікірін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Журналист әрі қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы билікті мемлекеттік тілге қатысты саясатын сынап тағы бір пост жазды, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Оның жазуынша, тіл үйренуге барлық мүмкіндік те, жағдай да, тілдік орта да бар. Тек талап, билік тарапынан қажеттілік жоқ.

«Өзге этностардың мемлекеттік тілді құрметтеуіне, үйренуіне жеткізетін жалғыз жол - Тіл туралы заңнан 7 баптың 2 тармағын – «ресми тілді» алып тастап, барлық іс қағаздарын қазақша жүргізу. Қажеттілік туындаса, бәрі бес айда-ақ қазақша сайрап кетер еді. Тіл үйренуге оларға 30 жыл жетпегені - тілге деген қажеттілікті билік қалыптастырмады. Оған ниеті де болған жоқ. Әйтпесе, 30 жылда ит пен мысығы да қазақша үріп, қазақша мияулайтын еді... Тіл үйренуге барлық мүмкіндік те, жағдай да, тілдік орта да бар. Тек талап, қажеттілік жоқ. Өтініш, арыздарын, құжаттарын мемлекеттік тілде жазуды талап етсінші, өздері үшін қалай үйреніп, біліп кеткенін байқамай да қалар еді», - депті бұл жолы.

Сәуле ханымның ойынша, қатаң талап қойылып, айыппұл салынса барлық этнос қазақша сайраған болар еді.

«Мемлекеттік тілді Президенттен бастап, барлық мемлекеттік қызметкерлерден, бүкіл халықтан қатаң түрде талап етсе, аралас балабақша, аралас мектеп дегендерді жойса, балаға орысша сөйлеген тәрбиешілерге, ұстаздарға, халыққа орысша сөйлеген қызметкерлерге, клиенттерге, пациенттерге орысша сөйлеген қызмет көрсетушілерге орта деңгейде айыппұл кессе, бір-екі жылда-ақ бүкіл Қазақстан, барлық этнос қазақша сайраған болар еді.

Өкінішке қарай, Президенттен бастап, бүкіл мәңгүрт билік өздері орысша ойлап, орысша түс көретіндіктен, мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілгенін қаламайды. Мемлекеттік тілді ресми тілге жығып берген де, қазақты өзге ұлттарға жығып берген де - солар. Олар ұлт жаулары.

Ал тереңіне үңілсек, мемлекеттік тіл де - Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты, мемлекеттік рәміз болып саналады!!!

Тілдік қорқыныш ауруымен ауыратындарды не дейді екен?..

Қазақ тілінен қорқатын билікті, өзге этностарды қазақтілфобиясымен ауыратындар» дейміз бе?..» – деп жазған өзінің фейсбук парақшасында.