Әлем жаңалықтары

Ресей Тұран мемлекетінің боданы болады – Жириновский

Жириновский тағы да пікірін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлеуметтік желілерде Жириновскийдің жанталасып сөйлеп жатқан видеосы тарап жатыр. Оның сондағы сарыуайымы – алдағы 30 жылда орыс халқы баяғыдай мұсылмандарға бағынып, Тұран мемлекетінің боданына ұшырайды екен, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы "Жас Алаш" газетіне сілтеме жасап.

Оның пайымдауынша, түрік-әзірбайжан, Иран-Пәкістан, қырғыз-қазақ бір туған – бәрі мұсылмандар, ертең Арменияны бас салып жер бетінен жойып жібере салатындай қуаты бар екен. Одан кейін Тұран мемлекетін орнатып, орысқа да ауыз салуы мүмкін екен.

"Түркияның армиясы – НАТО блогындағы ең қуатты әскери күш. Миллион сарбазы бар. Германияда, мысалы, 300 мыңдық әскер ғана бар. Ендігі жерде немістер солдаттар емес. НАТО-ның құрлықтық әскери күштерінің негізін түрік сарбаздары құрайды бүгінде. 30 жылдан кейін түріктің саны 150 миллион болады. Біз тек 100 миллион боламыз. Анау Иранның халқы да 150 миллионға жетеді. Ауғанстан мен Пәкістан, тіпті 200 миллион адам болады. 500 миллионнан астам халқы бар өте ірі ислам мемлекеті бұл. Бір дінді ұстанатын 500 миллион халық! Бұл деген баяғы советтік идеология емес, Ленин мен Маркстың портретін іліп қоятын. Бұл – талай ғасырлық дін. Олар бірігіп алса, Арменияны түтіп жей салады. Арменияны Әзірбайжанға қосып береді, керек болса. Иранмен бірігіп, Орталық Азияға баса-көктеп кіреді, Тұран деген ұлы түрік мемлекетін құрады. Түсініңіздер, олардың бәрі бізге, орысқа қарсы қуана-қуана бірігіп алады. Өйткені біз христиан дініндеміз. Олардың бәрі мұсылман. Олардың біріктіретін ортақ тілі бар, түріктің тілі дегеніміз – әзірбайжандар, түрікмендер, өзбек, қырғыз бен қазақтар, татар мен башқұрт. Ол жақта орысша кім сөйлейді?" – деп аттан салыпты Жириновский.

Жындының сандырағы келеді демекші, бұл бекерге байбалам салмауы да мүмкін. Не де болса түрік пен қазақтан, мұсылмандар мен әлі құрылмаған Тұран мемлекетінен бүгінгі орыстың қатты қорқатынын біліп жүретін болдық.