Әлем жаңалықтары

Германия Алексей Навальныйдың "үнін өшірмек"

Алексей Навальный әлеуметтік желіде өзінің ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі алғашқы суретін жариялады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алексей Навальный әлеуметтік желіде өзінің ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі алғашқы суретін жариялады. Сондай-ақ ол өзінің бойында байқалған оң өзгерістермен қатар, денсаулығындағы кейбір кінәраттар туралы да жазды, деп хабарлайды РИА Новости.

Дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас блогердің улануына қатысты жасалған тұжырымдарды сынға алуды тоқтатуды талап етті. Өйткені, Франция мен Швециядағы кейбір тәуелсіз зертханалар да бундесвер мамандарының қорытындыларын растаған. Зертханалар туралы ақпарат құпия болғандықтан, олардың қандай зертханалар екендігі әзірге белгісіз.

Ведомство басшысының тілегі орындалуы да екіталай. Бірақ нәтиженің керісінше болуы да ықтимал, өйткені Алексей Навальный неміс билігіне күтпеген "соққы жасамақ".

New York Times басылымы ГФР қауіпсіздік органының жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасай отырып, Навальныйдың ауруханадан емделіп шыққаннан кейін "өзінің қызметін жалғастыру" үшін Ресейге оралуға ниетті екендігін жазған.

Егер газетте жазылған ақпарат шындыққа жанасса, Навальный үшін қуануға болады. Себебі, дәрігерлер науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, оның жазылып шығатынына толықтай кепілдік бермеген еді.

Жалпы соңғы ондаған жыл ішінде Ресейден көп адам қоныс аударған. Олардың арасында белгілі қоғам және саяси қайраткерлер де бар. Бұған лауазымды тұлғалардың қоғам алдында өз салмағын жоғалтуы, соның нәтижесінде эмигранттардың қатарына қосылып, ешқандай назарсыз қалуы себеп болып отыр.

Кремльмен ымырасыз күресушілер өздерінің нық ұстанымдарымен бірге қаржылық мүмкіндіктерінен де айырылды. Ал ресейлік оппозиционерлер арасында Михаил Ходорковский сияқты байлар аз.

Нәтижесінде, олар не істейді? Қазір олар Прагадағы, Ригадағы немесе Лондондағы қарапайым пәтерлерінде отырып, әлеуметтік желілерге іштегі запыранын төгеді. Болмаса, Петр Павленский сияқты қиын жағдайға душар болуы мүмкін.

Жыл өткен сайын "Мен Ресейден мәңгілікке кетемін, менсіз мақұрым қалсын", деген пікірлер сирек те болса естіліп жатыр.

Алексей Навальный үшін де мұндай жағдай өте тиімсіз болар еді. Себебі, ол Ресейдің ең танымал оппозиционеріне айналып қана қоймай, өз жақтастарынан қаражат жинаудың өте тиімді жүйесін құрды. Ол барлық жағынан өзінің жағдайын жасап алды: мәселен, әрдайым отбасымен бірге шетелдің қымбат курорттарына демалуға барады, қызын Стэнфорд университетіне оқуға түсірді.

Блогердің осы кезге дейінгі барлық тапқан-таянғаны мен жиған-тергенінен өз еркімен бас тартып, екінші Скрипальға айналғысы келмейтіні таңғаларлық жағдай емес. Себебі, Скрипальді британдық барлау агенттіктері ежелгі Солсберидегі жайлы өмірінің орнына әлемнің ең бір қиыр шетіне жіберген еді.  Ал мұның бәрі Скрипальдің бас барлау басқармасының "кісі өлтірушілерінен" құтылу туралы аңыз-әңгімені қолдағанынан басталып еді.

Бұл жерде Алексей Навальныйдың жеке мүдделері мен оның батыс суреттеген ауруының арасында түбегейлі қайшылық бар. Немістер "оның жеке қауіпсіздігі үшін Навальныйдың өз отанына оралуын" қажет деп таппайды. Бірақ блогердің қайтадан Ресейге оралуға деген құлшынысы Ресей билігі тарапынан оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын және улану туралы мәселеге сенбейтінін көрсетеді.

Бір қызығы, неміс тарапы Мәскеуге Навальныйдың диагнозын растайтын кез-келген ақпаратты беруден бас тартып отыр. Ресейдің бас прокуратурасы тексеріс жүргізу үшін неміс әріптестерінен блогердің денсаулық жағдайына қатысты анықтаманы сұратқан еді, ал Берлин тарапы үнсіз. Алайда, блогердің "Шаритэ" клиникасынан өзімен бірге алып келетін анықтамасы негізінде Ресейдің құзыретті органдары біраз жәйттің бетін ашуы мүмкін.

Жалпы Алексей Навальныйдың Ресейге оралуға деген ықыласы немістерді өте жағымсыз және қиын жағдайға душар етуі мүмкін, өйткені оларға өздерінің бірнеше апта бойы айтқан "сандырағын" түбегейлі теріске шығару қаупі төніп тұр.

Осыған ұқсас жағдайды кезінде британдықтар жақсы пайдаланды. Мәселен, Скрипальдың улануына қатысты шоу өзінің ауқымымен, егжей-тегжейлі детальдерімен есте қалды. Бұл ретте, "құрбан" рөліндегі адам да өте сауатты таңдалды: себебі, ол өзінің жетекшілерінің айтқанымен жүріп, айдауына көнетін, ешкімге қызықсыз және қажетсіз бұрынғы тыңшы болатын. Бірақ бұл жерде Лондон Скрипальға ешқашан артық әрекет етуге, тіпті журналистермен немесе дипломаттармен сөйлесуге мүмкіндік бермеген еді.

Ал Алексей Навальныйды бүкіл отбасымен ресейлік оппозиционердің "тәтті өмірінен" өз еркімен бас тартуға көндіру немістер үшін өте маңызды міндет болмай қалуы мүмкін.

Блогер үшін жағымсыз жаңалық, оның Ресейге оралуы Берлинде әзірленген "ботқаға" байланысты күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Сондықтан Ресей бұл түйткілді шешу үшін "сендіру" және "өз еркімен" деген сөздерді қолдануды қажет етпейтін әдістерге жүгіне алады.

Sputnik Қазақстан