Bugin

Мамандық таңдау өз болашағыңның бастауы

Адам болашағым жарқын болсын десе бүгіннен бастауы керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адам ес білген, жасына жас қосылған сайын, оған жүктелген міндеттер де соншалық көбейе түседі. Әсіресе, бұл жауапкершілікті біз мектеп бітіретін сәттерде еске алып жатамыз. Бұл кезде кез келген адамда сан түрлі ой пайда болады.

«Мектеп бітірген соң мен не істеймін? Ары қарай оқуды, жоғары оқу орындарында жалғастырамын ба? Оқуға түсе аламын ба?» осы сынды сұрақтар көкейімізден кетпей мазалап жатады. 11 жыл бойы кітап бетін ашпай, мектепке құр барып келетіндерді де көріп жүрміз.

Солай құры жүргенде 11 жылдың қалай өтіп кеткенін білмей сандарын соғып жатады. Олар мамандық таңдау туралы ойланбайды да. Әйтеуір оқыды деген атақ болса болды, деген ұстанымды ұстап алып, өздері білмейтін, қызықпайтын оқуға түсіп алып, диплом алғаннан кейін, дипломдарын сандыққа салып қойып, құр сандалып жүргендер қаншама? Болашақ жастардікі болса, осындай жеңіл ойлы жастар елге өз үлесін қоса ала ма? Жауабы белгілі...

Адам болашағым жарқын болсын десе, бүгіннен бастауы керек. Бүгін кірпіші дұрыс қаланбаған мақсатты көтеріп жүрсек, ертең қалай құлап жатқанымызды білмей қаламыз. Ең бірінші, адамда мынадай сұрақ болуы керек. Мен қандай іске қабілеттімін? Менің қолымнан қандай істер келеді? Бұл қабілеттер менің жарқын болашағым бола алады ма? Осы сұрақты қойғаннан кейін жауабын түсіну үшін еңбектену керек.

Асығыста осы оқуды оқи салайын, бастысы оқып бітірсем болды деген ойды санадан шығару керек. Сенің таңдап отырған мамандығың – сенің жарқын болашағыңның бастауы. Болашағыңның жарқын немесе қараңғы болуы өзіңе, шешіміңе байланысты.

Өзің қаламаған дүниені ешқашан істемеген жөн. Себебі одан жақсы нәтиже шықпайды. Өзіңнің қабілетің, жан қалауың болған салаға барған дұрыс. Өзің қалап оқыған соң,өз ісіңе деген сүйіспеншілік, құлшыныс арта түседі. Біреу айтты деп те мамандық таңдаған бос нәрсе. Себебі сен ол емессің. Оның қалаған нәрсесін сен қаламауың мүмкін. Оқыған адам жерде қалғанын көрген емеспіз. Ал оқымаған адамдарды күнде көреміз. Басқа емес, қазақтың қыздары, қазақтың ұлдарын 5-10 теңге үшін қара жұмысқа жегіліп, жүргенін көргенде қай-қайсымыздың да ет жүрегіміз езілетіні белгілі.

Алайда олар өз  болашақтарын өздері жасап алған. Ешкім оларды ондай жұмысқа салған жоқ. Өз уақыттарында дұрыс таңдау жасамағанның ақыры соған апарған.

Сондықтан жарқын болашақтың бастауы өзіміздің қолымызда!