Қоғам

Асаба полицей формасында тойға кіріп келіп, жұртты састырды

Қарағанды облысында асаба полицей формасында тойға кіріп келді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қарағанды облысында асаба полицей формасында тойға кіріп келіп, жұртты састырды, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде тараған кадрларға қарағанда, адам толы киіз үйге полицей формасындағы ер адам кіріп, жүргізушіден микрофонын сұрап алады.

"Қайырлы кеш, құрметті қонақтар. Мен де қазақпын, бірақ бұл заң бұзушылық. Елде не болып жатқанын білесіздер. Ұйымдастырушылар қайда? Келіңіздерші, қанша адам отыратынын көріңіз. Бір үстелде 12 адам бар, бәрі бір-біріне жақын отыр, мұнда 20 адам. Неге көңілсіз отырсыздар? Неге қол шапалақтамаймыз?" - деді полиция формасындағы ер адам.

Әрі қарай, ер адам полицей емес, шоумен және жүргізуші екені белгілі болады.

"Шошып кеттіңіздер ме? Жандарым, той құтты болсын ағайын!" - деп жалғастырды шоумен полиция қызметкерінің формасын шешіп.

Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл шараның Қарағанды облысында өткенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бейнематериал жергілікті полиция департаментіне жіберілген.

"Қазіргі уақытта отбасылық іс-шара өткізген адам анықталды. Киіз үй иелері мен оны жалдаған адамнан түсініктеме алынды. Анықтау нәтижелері бойынша ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес шаралар қабылданады", - деді тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі полицей формасын киген ер адамның асаба екенін растады. Құқық қорғау органдары оны полиция қызметкерлерінің беделін түсірді деп санайды.

"Полиция әрқашан әзілге, пародияға және сындарлы сынды жақсы қабылдайды. Бірақ мұндай видеолар ішкі істер органдарының санитар дәрігерлермен бірге коронавирустың таралуын тоқтату үшін жасаған жұмысын құнсыздандырады. Сондықтан асаба полиция қызметкерлерінің беделін түсірді және ұйымдастырушымен бірге тәртіп бұзды деп санаймыз. Белгіленген ережелер мен шектеулерді сақтау өте маңызды. Ал отбасылық іс-шараларды айналасындағыларға қауіп төндірмей, аз адаммен немесе кейін өткізуге болады", - деп түсіндірді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков.

Полиция ҚР ӘҚБтК-нің 675-бабы "Айырым белгілері және (немесе) нышаны бар әскери, арнайы киімді заңсыз кию (пайдалану)" бойынша асабаны жауапқа тарту туралы мәселені қарастырады.