Bugin

Грэмми жүлдегерлері көп шықсын десек..

Қазақ әншілерінен Ерке Есмаханның «Қайда?!» хиты алғашқы болып жүз миллиондық көрсеткішті бағындырса, енді міне диджэй Иманбектің шетел әніне жасаған ремиксі жүз миллионнан асып, Грэмми жүлдесін еншілеп отыр. Бұл – қазақ өнерпаздарының жаңа белесі

Авторларды қолдау орталығы

8 800 004 04 20

Дс-Жм 09:00-18:00

Грэмми жүлдегерлері көп шықсын десек...

Кеңес заманындағы әншілердің арманы Мәскеуді бағындыру болса, егемен ел атанған соң да ол үрдіс өзгере қоймады. «Славян базарынан», Алла Пугачёваның қолынан марапат алу биік мәртебе саналды. Мәскеуде орыстың танымал әншілерімен бір сахнада ән айтып, бақыттан басы айланған Мақпал Исабекованың «Мен Қазақ әншілерін тыңдамаймын» деп сұхбат беріп, әріптестері мен көрерменнің ашу-ызасын тудырғаны есімізде.

Мемлекеті бүтіндей өзге бір елдің (Ресейдің) мәдени ықпалында қалған қазақ шоу бизнесі шығар жолды тойдан тапты. Өмірдің әр сәтін көпшіліксіз, ойын-сауықсыз өткізбейтін халқымыздың игі дәстүрі өнер адамдарын нарықтың, тағы басқа факторлардың қыспағынан алып шықты. Қазақ жұрты пір тұтатын, бір көруге зар болған орыстың Николай Басковынан бастап, Тимати, Нюшаларға дейін қазақ тойында ән салды. Басында оған «Той бизнес» деп айдар тағып, менсінбеген орыс тілді продюсерлер шарасыз күйге түсті. Қайрат Нұртас жиырма мың адамдық стадионды жанкүйермен толтыра алды. Мүлде басқа бағытты ұстанған Ерболат Беделханның «91 тобының» шоу бизнестегі табысы қазақ тілділердің мерейін асырды.

Ғаламтордың жалпыласуы, әлеужелінің бойында таланты бар жандарға сыйлаған мүмкіндігі «Қазақ халқының саны аз, нарықтық индустрияны дамытудың мүмкіндігі жоқ» деген сияқты орныққан көзқарастардың қате екенін көрсетті. Қазақ әнінің жүз миллиондық қаралым жинауы, Иманбектің өзгенің әнін өзінің ойындағыдай етіп өңдеуі – соның айғағы.

Иманбек сияқты Грэмми жүлдегерлерінің көптеп шығуы үшін не істеу керек?! Ол үшін қазақ қоғамы әншілерді оңай табыс табатын шегірткеге теңейтін, шоу бизнесті жеңіл өнер санайтын «Рухани ақсүйектік» күйден арылту керек. Том-том кітабына көк тиын қаламақы алмайтын ақын-жазушылар да әншілерге ұқсап нарыққа бейімделуі керек. Мәдениет саласын басқарып отырғандар жалаң ойын-сауықтық бағытқа ғана мән бермей, әр түрлі стилдегі өнерпаздарға интернетте ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі медиаларда өнерін паш ететін алаң дайындауы керек. Бір-бірінен алаламай, Грэмми сыйлығы сияқты рокерге де, рэперге де, джазменге де, өнер ардагеріне де және жаңа шыққан жас талапқа да жеке жүлде тағайындау керек. Сонда ғана сан қырлы таланттар өзін өгей сезінбей, бағы ашылмақ.

 

Есбол Үсенұлы

Автор ретінде тіркеліп ақша табыңыз