Әлеумет

«Жұртты күлдіремін деп өзі өлді». TikTok-тағы сұмдықтар 

«Сіз неге балаңызды TikTok-қа түсірмейсіз? «Любой» қылықтарын түсіріп сала берсеңізші, «звезда» болып кетеді, ақша табасыздар» деді өткенде қайын інім

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлемде жұқпалы вирус тарады. Оны адамзат түгелдей жұқтырды. Жо-жоқ ол сіз ойлаған коронавирус емес, ол – TikTok.

2016 жылы Douyin деген атпен іске қосылған жүйені алғашында тек қытайлықтар пайдаланды. Онда не салып, не қойғаны бізге маңызды емес. Маңыздысы, Қытайдың байырғы әрекеті ғой, өнімін әлемге тықпалайтын. Ол зиянды ма, сапасыз ба, қауіпті ме, оған қарап жатқан әлем жоқ. «О-о-о жаңалық қой бұл» дейді де ішіне сүңгіп кетеді. Douyin жүйесін аздық еткен Қытай билігі осыдан төрт жыл бұрын оның көшірмесін – TikTok әлеуметтік желісін өмірге әкелді. Бәріміз қосымшасын телефонымызға жазып алдық, жазып алмасақ та әйтеуір қарап отырамыз.

TikTok деген…

«Қысқа мобильді видеоларға арналған ресурс. Біздің миссиямыз (охо миссия – ред.) – адамдардың ең керемет сәттерден ләззат алуы, әлемдегі тапқырлардың басын бір жүйеде тоғыстыру. Идеялары мен эмоцияларын жасырмай қысқаша түрде жеткізуіне септігімізді тигізгіміз келеді».

Осылай делінген TikTok жүйесінің ресми сайтында. Дәл қазір TikTok-қа кіріңіз де, тапқырлардың «ұлы істерін» тамашалаңыз. Қандай «ұлылық» байқадыңыз? Мен де, ешқандай...

Кез келген смартфонға жүктеп аласыз, кіресіз, максимум 1 минуттық видеолар.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Абайдың қымбатқа бағалаған күлкісін бұлар аяққа таптады. Мағынасыз ойындарын, қалжыңдарын әлемге паш етті. Әндері тақырланып, көздері соқырланып, сөздері жетімденіп бара жатқан жастар әйтеуір. Міне, TikTok-тағы 1 минуттық видеолардың сыйқы осындай. Абай айтқан сөзге қарсы жауап қана.

2018 жылдың қарашасындағы статистикаға сәйкес, күнделікті 800 миллион адам жүйені пайдаланады. Ал мұндай жетістікке жету үшін Instagram жүйесі бақандай 9 жылын сарп еткен екен. Желі қолданушыларының көбі – 13-18 жастағы жасөспірімдер.

Бұл жастағы жасөспірімдер үшін не тиімді?

2-3 сағаттық фильм қарағанша, 1 минуттық видеоларды тамашалау тиімді. Күрделі мәселелерді қозғап, ауыр тақырыптарды арқау еткен, ақылыңа ақыл қосар фильмдерден гөрі, миыңызға жүк түсірмейтін, артық ойлануға мүмкіндік бермейтін жеңіл-желпі видеоларды көрген әлдеқайда тиімді. “Жұлдыз” болу үшін не істесем екен, қайтсем атағым шығады деп ойланып жүргендерге тіпті “тамаша” мүмкіндік. Ерсі қылығыңызды өз телефоныңызға түсіре салыңыз да, жариялаңыз. Болды, жұрттың аузында сіздің видеоңыз. Тиімді ғой?

Осылайша TikTok жасөспірімдерді өзіне баурау арқылы миссиясын оп-оңай орындады.

Қаупі қандай?

Өлім челлендждері

«Слабо?». Бұл жасөспірімдерді түрлі әрекеттерге итермелейтін «құдыретті» сөз. TikTok өз қолданушыларын батылдыққа тәрбиелеп жүрміз деп ойласа керек. Түрлі тапсырма орындатады, орындай алмаса, ол – қорқақ.

Мәселен, жуырда ғана Оклахома штатының 15 жастағы тұрғыны желіде кең тараған челленджді орындаймын деп қайтыс болды. Ажалы шығар дерсің, бірақ “TikTok-тағы челлендждің кесірінен көз жұмды” дегеннің өзі құлаққа түріпдей естіледі екен. Ол тапсырма бойынша, “батыл адам” белгілі бір дәрілердің көп мөлшерін қабылдап, галлюцинацияның басталғанын күтуі тиіс. Ол процессті камераға да түсіру керек. Ал қыздың ағзасы әлгі дәрілерді көтере алмай, сылқ құлады.

Ол – алғашқы және (құдай сақтасын) соңғы құрбан емес. Бұл жүйе іске қосулы тұрған шақта, талай құрбанның шығары анық.

Бұған TikTok басшылығы алаңдап қалғандай болды. Челленджді дереу тоқтатудың жолдарына кіріскенін хабарлаған еді. “Мұндай контентті бірден жойып отырамыз” деп сендірді.  

Бұл челлендждердің бергі беті ғана. Бишінің қиын қозғалыстағы биін қайталаймын деп аяғын сындырған жасөспірімдер, өздері флешмоб ұйымдастырамыз деп қару пайдаланған жастардың қайғылы оқиғалары, талып түскенше басты айналдыру, жасанды түрде талып қалу сынды қауіпті челленджердің таусылар түрі жоқ. Сағат сайын жаңасы шығып жатыр.

TikTok-тағы биді қайталаймын деп аяғын сындырған блогер

Алаяқтар үшін күн туды

2018 жылы қолданушылар “You Sure You Wanna Do This, Little Girl?” әуеніне жаппай клип түсіре бастады. Яғни, “дейін” және “кейін” фотоларыңызды жариялау арқылы қалай өзгергеніңізді көрсету  Ол үшін жеке куәлігіңізді пайдалануыңыз тиіс, әйтпесе клип мәнін жоғалтады. Ал жастар қалысар ма, бірінен соң бірі видео түсіре бастады.

Қаупі неде десеңіз, алаяқтар үшін күн туды. “Менің атымнан несие алыпты, пәтер алыпты, алдап соғыпты” деп сан соғып жатқандар қаншама. Ал мұндай клиптер алаяқтардың арбауына түсуге итермелейтіні анық. Сіз бен банк қызметкерлері немесе жұмыс орныңыз ғана білуі тиіс жеке деректеріңізді енді халық білді ғой.

Индонезия TikTok-қа тыйым салды, себебі дөрекі контент пен порнографияның таралуына жол берген.

Үндістан да TikTok-ты жойды. Ел егемендігіне, тұтастығына, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке әрі халқына зияны шаш етектен деді.

АҚШ Tik Tok-қа қарсы болды. “Tik Tok – Қытайдың кезекті құйтырқы әрекеті” деп санады. Америка азаматтарының жеке деректерін аталмыш қосымша арқылы бақылап отыр деді де тыйым салды.

Украина билігі де қарап отырмады. Президентке Tik Tok желісін бұғаттау жайлы ұсыныс тастады. Балалар үшін аса қауіпті деді. Шешім әлі шықпады. Бірақ Зелинский – халықпен санасатын президент, ол құлақ асар.

Бүгіні мен болашағына алаңдайтын кей мемлекеттер TikTok-тың қаупін сезді де, бірден шараға көшті. Нәтижесін берер, ұлы мен қызы әлеуметтік желінің уынан аман қалар. Ал біздің билікке жетем дегенше... Анаға баласын жоқтатпасын, ең бастысы.

TikTok-тың кесірінен...

Трамптың «басына күн туды»

TikTok қолданушылары, әсіресе, жас буын Дональд Трамптың сайлауалды шеруін тас талқан етуге шақ қалған. Оқиға Оклахома штатындағы Талса қаласында орын алған. Шеруге келуді тіпті жоспарламаған жастар жүздеген билет сатып алады. Нәтижесінде, шеруге жиналған халық өте аз болған. Президент штабы ауыздарын ашты да қалды. Тіпті, бір шара адам жиналмағандықтан өтпей қалған.

Бұл – Трамптың қарсыластарының әрекеті екені анық еді. Олар жастарды әлеуметтік желі арқылы билет сатып алуға шақырған. Анықталғандай көбі бұл хабарды TikTok арқылы алған. Тіпті шеруге тіркелу жөніндегі видеолар желіде Macarena әні арқылы таралған

«Қытайды сөксең, зардабын өзің көресің»

Күзде TikTok 17 жастағы Фероза Азиздің аккаунтын бұғаттады. Себебі жасөспірім қыз Бейжіңді “мұсылмандарға қатысты қатігездік” үшін айыптаған болатын.

“Қытай билігі ұйғыр мұсылмандарын ұстап, концлагерьге қамап жатыр. Жазықсыздарды өлтіріп, қинап, зорлық әрекеттерін жасап жатыр. Әлем мұнымен күресе алмады, БҰҰ-ның қолынан келмеді. Әлеуметтік желі қолданушылары, біз үнсіз қалмайық. Мұны тоқтату қажет, қайталануына жол бермеуіміз тиіс. Бәріміз күш біріктрісек, қолымыздан келеді”.

Кейіннен видеосы әлемге таралып, ал қыздың аккаунты бұғатталды. Ол енді желіге қайта қосыла алмайды, тыйым салынған. Себебін TikTok өзге материалдан деп түсіндірді. Видео TikTok-тан өшірілсе де, Instagram-да қалған.

“Қытай ештеңені де еріккеннен істемейді. Бір пайда көздегендері анық. Бүған дейін ешбір стартап TikTok секілді өз жұмысы үшін қомақты қаржы жұмсамаған. Бірақ Қытай жұмсады. Мұнда бір құйтырқылық жатқаны анық”, - деді Ауғанстандағы Ақпарарттық қауіпсіздігі жөніндегі маман Сохраб Гайрат.

TikTok-ты бүгінде үлкені де, кішісі де пайдаланады. Көңіл көтердім, рахатын көрдім, бұл да бір естелік деген ойда қалуы мүмкін. Алайда түбінде Қытайдың интернеттегі философиясы жатқан секілді. “Сенің не істеп жатқаныңды, қайда екеніңді, кім екеніңді көруіміз тиіс” деп тұрғандай.

Одан кейін балаңыз мәнді дүниеге емес, мәнсіз, жеңіл-желпіге қызығатын болады. Мұндайда ата-ананың рөлі зор. Балаға көбірек көңіл бөліп, телефонын анда-санда ақтарып қойған жөн. Бөлмесінде тығылып алуына, телефонға телміріп алуына тыйым салыңыз.

«Ұлымның ойы ұшқыр, тереңге бойлай білетін ақылды бала болып өскенін қалаймын. TikTok кім-кімді де мәңгүрт қылар. Сен де көрме, білімге ұмтыл” деп жеңгелік кеңесімді айттым қайын ініме.