МӘДЕНИЕТ

"Ертегідегідей". || Елизавета мен Филипп патшаның махаббат оқиғасы

|| Елизавета мен Филипп патшаның махаббат оқиғасы ертегі іспеттес. Олар биыл 74 жылдық мерейтойларын атап өтпек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Филипп пен Елизавета патша балалары болғандықтан ақсүйектерше өмір сүрді. Елизавета кішкентай кезінен бері сарайда ата-анасымен әрі сіңілілерімен бірге тұрды. Ол ханшаға сай оқу оқып, сауатты болып өсті. Ханшайымды жақындары еркелетіп Лилибет деп атайтын.

Алайда, Филипптің өмірі ханшаға қарағанда нашарлау болды. Оның ата-анасы кішкентай кезінде ажырасып кетті. Әкесі өзге әйелдермен көңіл көтеріп, отбасы жайлы ұмытты. Ал анасы болса, жүйке ауруына шалдықты. Жағдайы күннен-күнге нашарлағандықтан, жындыханаға жатқызуға тура келді. Екі жақынынан да айырылған Филипп Біріккен Корольдіктегі туыстарының қолына келеді.

Ханша мен ханзаданың арасындағы ең алғашқы кездесу 1934 жылы болды. Олар Марина патшайымның үйлену тойында жолықты. Бірақ, Лилибет ол кезде небәрі 8 жаста болатын, ал ханзада болса 13 жасқа келген еді. Кейіннен үш жыл өткен соң патша өкілдері тағы кездесті. Ол кезде ханшаның әкесі VI Георг Ұлыбритания патшасы болып сайланған болатын. Шындығында, бұл іс-шарада екеуі кездескенімен, бір-біріне тек дос ретінде қараған еді. Алайда, үшінші кездесуде Филипп ханшаның ең алғашқы махаббатына айналды. Он сегіз жастағы жігіттің  сымбаттылығы мен келбеті қыздың жүрегін жаулап алды.

Сонымен қатар, ханзада әзілге жақын әрі тамаққа деген тәбеті жақсы болатын. Жол үстінде ханша жігітті бақылау арқылы тіпті оның қандай тағам ұнататын да біліп алған еді. Бұл жайлы ханшайымның губернаторы Марион Кроуфорд өз естеліктерінде жазған.Ол жерде ханшаның қалай қызарып ұялғандығы әрі ханзадаға тамсана қараған көзқарасы жазылған. Кейіннен екеуінің арасы алыстаса да Елизавета оны ұмыта алмады.Тіпті, бөлмесіндегі сөреде ханзаданың суреті тұрған екен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Филипп британдық флотта қызмет етуге кетеді. Сосын, Лондонға демалысқа келді. Жаңа жылда Виндзор сарайында олар тағы кездескен. Осы сәттен бастап, ханша екеуінің арасында хат алмасу басталған еді. 1946 жылы соғыс аяқталған соң Филипп еліне қайтып оралады. Бұл уақытта, Лилибеттің отбасы ханзада екеуінің арасындағы ұшқынды байқаған еді. Алайда, әкесінің бұл таңдауға көңілі толмады. Себебі, Филипптің жағдайы төмен әрі нашар отбасынан шыққандығы ханшаның әкесіне ұнамайтын. Бірақ, Елизавета өз таңдауына сенген. Сөйтіп, жыл соңына қарай Филип қызға сөз салған, ол ұсынысты қабыл алды. Лилибеттің отбасына көнбеске амал қалмады. Алайда, қыздың әкесі жігітке бір шарт қойды. Қойылған талап бойынша, Елизавета 21 жасқа толғанда ғана ресми  үйленуге хақы болатын. Міне,осы талаптан кейін екі жас 1947 жылы 20 қарашада ресми түрде үйленді.Тойға 2000-ға жуық адам келген.

Жұп өздерінің сезімдерін көпшілік ортада көрсетпесе де, оны Елизаветаның ата-анасына жіберген хаттарынан байқауға болады.Бал айында ханша отбасына жіберген хатта: "Біз бір-бірімізде бұрыннан танитын адамдар секілдіміз! Ол өте мейірімді! Филип – менің періштем!" деп жазған.