Мектеп бітіруші түлектің таңы (сезімге толы эссе)

Өйткені діттеген мұратыңа қол жеткізудің жалғыз жолы - талап беріктігі мен үздіксіз әрекетті үйлестіре білу қабілетінде

Авторларды қолдау орталығы

8 800 004 04 20

Дс-Жм 09:00-18:00

Күтпеген жерден ұялы телефонымның шырылдаған ащы үні мені әп-сәтте тәтті ұйқымның құшағынан айырып, қайта тік тұрғызғандай болды. Дала тас қараңғы. Қап-қара түнек күн түгілі айдың да бетін тұмшалап алған.Тек жымың-жымың еткен көше шамдарының сәл-пәл жыпылықтап қойғаны болмаса, ешнәрсені нақ аңғара алмадым. Осынау көрініске үңіліп қараған сайын қос жанарым тарс жұмылып, қаққан қазықтай мелшиіп бір орнымнан қозғалар емеспін. Құдды, сағат тілі кері бағытта жүріп, таң емей беймезгіл уақытта оятқандай.


Шіркін! Тағы біраз көз шырымын алғанымда ғой! Сірә, бұл дүниеде менен асқан бақытты жан болмас еді-ау. Ол менің дәл осы сәттегі ойыма түскен ең алғашқы сөздер еді. Иә, кез келген мектеп бітіруші түлектің таңы осылай басталса керек. Күн ұясынан шықпай жатып қас қарайғанға шейін оқулықтан басын шұлғи алмай отыратын мендей талапкерлердің саны қаншама. Әркімнің өз алдына қойған мақсат-мүддесі бар-ды. Не дегенмен қиялы көкке, арманы өрге жетелеп тұрғанда адам баласының қолынан келмейтін бірде-бір іс жоқ.


Алайда мақсатыңа апарар жолдан жаңылмаудың сыры неде? Осы сұрақ мені әлі күнге дейін мазалауда. Бір таңғаларлығы, неғұрлым көп еңбектенген сайын соғұрлым жоғарыда айтып өткен сауалыма тиісті жауабын тапқандаймын. 


Өйткені діттеген мұратыңа қол жеткізудің жалғыз жолы талап беріктігі мен үздіксіз әрекетті үйлестіре білу қабілетінде. Мейлі, қазір небір аяқ сүріндірерлік соқпақтарға тап болайын, күндердің бір күні ол да маған өз жемісін бере жатар. Бұл - сенім. Аңсаған арманыма тағы бір қадам жақындата түсетін аса маңызды жайт.

Мінекей, осы жолға бекінген мына мендей жанның артқа қарауға ешбір құқығы жоқ.

 

Автор ретінде тіркеліп ақша табыңыз