Bugin
Бақыт, бақ ұғымы жұмыр жердің бетінде ғұмыр кешкен әр пендені ықылым заманнан бері толғандырмай қоймаған. Бақыт дегеніміз не, бақытқа жету жолында не істеу керек деген сұрақтардың жауабын іздемеген жан жоқ шығар. Осы ретте тағылымға толы философияны дүниеге келтірген асқан ойшыл, Аристотельден кейінгі екінші ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектеріне көз жүгіртсек, көкейдегі сұрақтардың жауабын табамыз.
Бұл жалғанда мәңгілік не бар дейсің, өтеді-кетеді. Атақ, даңқ, дәулет пен бақыт-осының қай-қайсысы да жыл құсы секілді, басына күн орнап, жаның жылығанда ғана ұя салады. Базарың тарқап, күздің суық желі ессе, пыр етіп ұшады да, өзгенің талайына барып қонар.. Бақыттың тұрақтылығы неде, қайтсек бақ құсы басымызда мәңгі қонақтайды? Шешімін әл-Фараби ұстаздың еңбектерінен іздеп көрелік. “Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса адамгершілік ұтады. Ұлы ойшылдың пайымдауына сүйенсек, жылт еткен жалтыраққа қызыққан тұрақсыз көңіл емес, көркем мінезбен ұштасқан ақыл-парасат иесі ғана бақыт сырын аңғара алады. Абайша айтсақ, “… Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек..”
Ары қарай “бақыт”ұғымын Әбу Насыр әл-Фарабидің “Бақытқа жету” еңбегіне сүйене отырып өрбітейік. Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге қол жеткізсе, олар бұл өмірде дүние бақытына, басқа өмірде алыс бақытқа жетер еді. Бұлар теориялық, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер. Теориялық ізгіліктер адамға оқу арқылы санасына сіңетін ілім болса, ойшылдық ізгілік адамға оқыған, өмірде көрген-түйген нәрсесін ой елегінен өткізіп, көкейіне жеткізу арқылы келеді. Жиналған білім-ғылым, тағылым-тәрбиені адам соңғы этапқа сәйкес, өмірде ізгі істерге қолдана алса, бұл төрт түрлі ілім бірін-бірі толықтырып, соның арқасында кемелденіп бақытқа жетеді екен. “… Бақыттың мәні парасаттылықта”,-дейді әл-Фараби философиясы,-“әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында”.
“Бақытқа жету туралы кітап”еңбегіне сәйкес, адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы керек. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек. Бұл жерде салыстыра қарасақ, қазіргі психиологияда, психологиялық тренинг-сабақтарда айтылатын нақты мақсатты көздей отырып жұмыс істеп, бақытқа, көздеген мүддеге жету керек дейтін пікірді әл-Фараби ойшыл X-ғасырдың өзінде-ақ жазып қалдырғанын білеміз. Әбу Насыр әл-Фарабидің айтуынша, адам бақытқа жету жолында бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж. Бұл ұстаз, әлбетте, өзі толық жетілген, бақытқа, мақсатқа жету жолында жеңіске жеткен адам болуы керек. Қазіргі психологияда да осы тактика көрініс тапқан. Көптеген адамдар өз мақсатына жету үшін өзінің үйреншікті, ыңғайлы, бірсарынды өмірден (“зона комфорта”) шыға алмай, белгілі бір психолог ұстаздардың сабақтарына, мастер-кластарға қатысып, ұстазы көрсеткен жолмен мотивация алу арқылы мақсатқа, мақсаттың ар жағында бақытқа жетіп жатады, өмірдің мәнін түйсініп, өзін, өзін қоршаған ортаны ізгі ниетпен өзгертіп жатқандар аз емес.
Екінші ұстаз “білімсіздікті” сынай отырып, мемлекеттің рухын қоғамдағы адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, шынайылық, тұрақтылық, ізгілік көтереді, рухани құндылықтары ғана сақтай алатынын айтады. Әл-Фараби ілімінде “білім” ұғымы Жаратушыны танып, жаратылыс ақиқатын біліп, Жаратқанға деген махаббатты сезінуден басталады. Ұлы Абай философиясына сүйенсек, “… Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті..!” Әл-Фараби пайымдауларынан түсінетініміз мемлекет халықтың, жеке адамның рухани болмысының толыққандылығымен, тереңдігімен нығаяды.
Әл-Фараби ғылымның сан тарауларына құлаш сермеген ғалым. Өз еңбектерінде адам денсаулығы туралы: “Адам денесінің жетілуі- оның денсаулығы, егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек”,- дейді. Бұл жолдардан қазақ халқының “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде”,-деген даналығының астарын аңғарамыз. Әл-Фараби бабамыздың дүниежүзілік медицинаға қосқан үлесі айтарлықтай. Медицина жайында “Жануарлар ағзалары”, “Темпераменттер туралы”, т.б. көптеген еңбектер жазған ғалым адам денсаулығын сақтау шараларын ғана емес, ауруды жою жолдарын да іздеген.
Әбу Насыр әл-Фараби еңбектеріне бойлай берсек, ғылымның сан түрлі тараптарына жетелеп, сансыз сұрақтарға жауап аламыз. Өз заманында ұлы ойшыл, екінші ұстаз атанған ғалым, философия, социология, математика, физика, астрономия, ботаника сияқты көптеген ғылымдарға бел шеше араласқан, зерттеу еңбектерімен айналысқан әл-Фараби еңбектерін салмақтап зерттесек, танып-біліп тағылымын ала білсек, ғылымға бет бұрған әрбір жанға, кейінгі толқынға үлкен бағыт-бағдар болары сөзсіз.
Ғалымның еңбектерін саралап,бағамдай келе,оқырман қауымға әл-Фарабидің сан тарапты еңбектерімен танысуды ұсынамын. Өйткені,ғалым тек бір ғана емес,бірнеше ғылымда өзінің сара жолын қалдырған ойшыл. Ғылымның қай соқпағында болсын келе жатқан адам әл-Фараби ізімен сусындай отырып,өзіне ғылым-білім жолына шамшырақ ала алады.
Әл-Фараби сынды ойшылдар толғанып өткен “бақыт” ұғымын жете түсініп, әр адам қамшының сабындай қысқы ғұмырын мәнді де мағыналы өткізсе, “бақыт” сонда. Менің ұғымымдағы “бақыт”- айналаңа сыйлы болу, әрқашан жанында жақсылардың болуы, ізгілік нұрын шаша білу, жақындарыңның амандығы, Алланы танып, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйе білу. Абайша қорытсақ: “Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!”