Мысықты перзент еткен пенделер - на bugin.kz
Ақбөпе Нұрлыбекқызы - на bugin.kz Ақбөпе Нұрлыбекқызы

Қысқа әңгіме

Жақсы әйел төрге сүйрейді, жаманы көрге сүйрейді. Олардың отау құрғанына отыз жыл болған. Сүйіп қосылды ма, көлденең көк аттыға тап болды ма, ол жағы маған беймәлім. Алайда, ағаның таңдап алғаны таз екенін өзі де, менде білуші ем. Отыз жылдан соң өкініп, бармақ тістеуден не пайда? 

Болары болған, бояуы сіңген. Екі адамның басын қосып шәй бере алмаған әйелден әуелі көңіл қалған, қадір қашқан. Соя салатын мал емес, сата салатын зат емес. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті Алланың берген бір ұлы мен қылықты қызы бар. Адам баласының апофеозы – адал неке, саналы ұрпақ тәрбиесі мен үйдің жылуы емес пе? Бұл шаңырақта жақсы атмосфера соңғы рет қашан болып еді? Он жыл бұрын немесе жиырма жыл бұрын. Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас. "Тілден кезінде қиналдым" деген бәйбіше ұл мен қыздың тәрбиесін ысырып, түрлі курстар мен тіл үйренуді жөн санайды. Бір күн екінші күннің ізімен зулай берді. Таң атып жатты, кеш батып жатты. Аға ұл-қызының қатардан қалмай, таршылық көрмей өмір сүргенін шын қалады. Сол үшін еңбек етті. Қарын тоқ, көйлек көк, бірақ ерді алға,мақсатқа жетелейтін жылулық жоқ. Жылдар жылжып, сәттер сырғыды. Ұрпақ тәрбиесіндегі түймедей іске түйсік тұрмақ, титтей де көңіл бөлмеген ана бауырына перзенттерін емес марғауларын басып ұйықтайды. Шетел асып қыз да кетті ұл да кетті. Уақыт қызық құбылыс. Күтсең өтпейді, асықсаң жетпейді. Қоңырау шалса алмайды, хабарын бермейді. Қарны ашқанда керек қылар масықтар отбасы мүшесіне айналған. Баладан немере жоқ, өмірдің қызығы жоқ. Төккен тердің жемісі. Кім неге лайық, соған тап болады. Кез келген қазақ кемінде екі ақыл айтады. Соның бірін өзі істесе, адам болып кетер еді деген Ғабит Мүсіреповтің сөзінде жан бар. Адам ұрпағымен мың жасайды, ұрпағымен көгереді. Қартын сыйламаған қауымда береке жоқ, үлкеннен өнеге көрмегенде өнеге жоқ. Еркек ез болмау үшін, бойжеткен сөз болмау үшін ұлт тәрбиесі қашанда алдыңғы орыннан көрінсін. Өмір асау дария. Дарияға жіберілгендегі мақсатымыз ағыспен ағу емес, жағаны табу.

0 Пікір Кіру