Bugin

Құралай Раисова, инфобизнесмен : «Бүкіл әлем маркетингке құрылған»  

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Құралай Раисова, 15 жыл тележурналистика саласында қызмет еткен тәжірибелі маман. «Қазақстан - Өскемен», «31 арнада», «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында жұмыс істеген. Қазіргі таңда, Инфобизнес саласында табысты қызмет атқарып келеді.  

- Құралай ханым, ақпараттық бизнеске қалай келдіңіз? 

- Инфобизнес саласына қызығушылықпен келдім. Жалпы, барлық адамның бойында «мен» деген дүние бар. «Мен мынадай дүние жасай аламын», «мен осыны білемін», «менде осы бар» деген. Әр адамның ішкі жан дүниесінде тереңдеп жатқан «мені» күндердің бір күні жарыққа шығуға ұмтылады. Бұл жерде танымал болу, атаққұмарлық емес ішкі потенциалыңды, ресурсыңды пайдалана отырып, өзіңнің меніңді жүзеге асыру. Осы ой барлығымыздың ішімізде бар болғандықтан бір дүние жасауға ұмтыламыз. Менің сенімімде кез келген адам өз ойын жүзеге асыра алады.  

Бастапқыда дәл қазіргі деңгейдегідей талдау жасай алмайтынмын. Осы тұста өзімнің потенциалымды толықтай қолдана алмай жатқандай сезімде болдым. Жұмыстан тыс бос уақытым көп болды. Соңғы 4 жылда 31 арнада дубляж бөлімінің жетекшісі қызметін атқардым. Қарамағымда 50 шақты адам болды. Ол жерде командамен жұмыс істеу не екенін білдім, тәжірибе жинадым. Команда құруды, команда ішіндегі көңіл-күйді сақтауды үйрендім. Одан кейін, SMM-ді, копирайтингті үйрететін курстарды түсіріп,  халыққа сатып, блогерлердің парақшасын жүргізіп жүріп табатын табысым 1 миллионға жетті. Бір жыл көлемінде 1 миллион теңгеден жоғары табыс тапқаныма көзім жеткен кезде тұрақты жұмысымнан шығамын деп шештім.  

Инфобизнеске келмей тұрып әлеуметтік желілердегі орысша парақшаларды қарай бастадым. Олардың әлеуметтік желідегі блоктарына қатты қызығатынмын. Ол кезде орыс тілді блоктардың дамығаны соншалық кішкентай тақырыпты ғылыми жұмыс сияқты жан жақты зерттеп, оқырманды қызықтыра жазып, дайындайды. Бізде үй күтіміне, денсаулық, психология салаларына, адамды дамытуға бағытталған  блогтар саусақпен санарлық қана болды. Көп блогтар #қазақтыңтойыбітпесін деген хэштегпен жүретін. Маған Instagram әлеуметтік желісінің қызықтыра отырып дамуға жетелейтіндігі ұнайды. Қазақ тілінде де осындай блогтарды біреу келіп жасайтын сияқты, күту сәтінде жүрдім. Алайда, уақыт өте келе идеяларымды жүзеге асыру үшін білек сыбана кірісіп кеттім. Сол кезден бастап SMM-ге бет бұрдым. Қазақ тіліндегі әлеуметтік желінің деңгейі мен желідегі мәдениетті көтеру үшін осы салаға келдім. SMM-ді «Блог бастау сабағын үйрету» деген тақырыппен бастадық.  

- Қазір әлеуметтік желіні ақтарсаңыз SMM мамандары көп. Олардың арасынан нағыз SMM маманын қалай анықтауға болады? 

- Маман барлық салада маман. SMM-шінің де өзіндік атқаратын қызметі бар. Оларға деген көзқарас өзгеше болмауы керек. SMM саласы да басқа мамандықтар қатарында болуы керек. Дәрігерлердің арасында да  квалификациясы жоғары, квалификациясы төмені болады. Сауатсыз жазатын мұғалімдер де бар. Сол сияқты SMM саласында да сапалысы, сапасызы болады. Олар сапалы болу үшін басқа мамандықтағы секілді сенімді жерлерден білім алуы керек. Бір курспен тоқтап қалуға болмайды. Instagram желісі тоқтаусыз дамып жатқандықтан, сол өзгерістерге ілесе алуы керек. SMM-ші ай сайын жаңа курс алып, білімін толықтырып отыруы керек. Сол кезде өзіне деген сенімі артады. Нағыз SMM-ші кемі 5-6 парақшамен, 5-6 сала бойынша жұмыс істеп көрген, тәжірибесі бар адам.  

- Инфобизнесмен мен эксперт маманның айырмашылығы қандай?  

- Инфобизнес - ақпарат саудасы.  Ал, ақпаратты өтімді, халық қызығатындай етіп безендіріп сата алатын жандар инфобизнесмендер. Ал, эксперт дегеніміз - белгілі бір саланың маманы. Жас маман өзі таңдаған салада әлі эксперт болмауы мүмкін. Мысалы университетті жаңа бітірген мұғалімнің де үйренері көп.  

Экспертті орыстар кемі 10 мың сағат тәжірибесі болу керек дейді. Яғни, әр эксперттің өз саласында тәжірибесі болуы керек. Мысалы, мұғалімдікті бітіріп бірден курс сатып кеткен емес, сол салада жұмыс істеп көрген, тәжірибесі бар адам. Сапалы білімді жинаған эксперт оны басқаларға ұсына алады. Эксперт міндетті түрде инфобизнесмен болуы шарт емес. Эксперттің басты міндеті өз саласы бойынша білімін жетілдіру, тәжірибесімен алмасу.  

- Қазіргі таңда, кез келген ақпарат қолжетімді. Оны кітапханадан немесе ғаламтордан іздеп таба аласыз. Неліктен қазіргі қоғам білімді түрлі курстарды сатып алу арқылы алады? 

- Курстар туралы айтатын болсақ, адамдар білімді сатып алмайды. Олар ең бірінші маманның тәжірибесін сатып алады. Адамға бірінші оқу үшін стимул керек. Біреуге қызығады, еліктейді, біреудің білімін өзіне алғысы келеді. Ол ауадағы SMM туралы білімнің бәрін тегін алса болады. Алайда, курсты сатып алу өз бетіңмен ауадағы білімді жинағаннан гөрі қолайлы. Себебі, маман білім алушыға өз тәжірибесін үйретіп, білімін жүйелеп береді. Менде «Жазу өнері» деген копирайтерлікті үйрететін курс бар. 10 күн сабақ оқиды. 11-ші күннен бастап клиентпен жұмыс істей бастайды. SMM-ді қанша жыл қатарынан оқып жүрсе де, адам ол салаға кіре алмай жүруі мүмкін. Егер де біреу сабақ үстінде міне дұрысы осы, мен былай жасаймын, сен оны жасасаң көп ақпаратты білетін боласың деп нақты жол көрсеткен кезде жұмыс бастап кету оңай болады. Бүкіл әлем маркетингке құрылған. Өміріміздің структурасына маркетинг қатты әсер етеді.   

- Бұл уақытша құбылыс деп есептемейсіз бе? 

- Есептемеймін. Бастапқыда уақытша шығар деп ойлайтынмын. Дәл қазіргі тенденция, метаәлем, әлеуметтік желілердің өмірімізге түпкілікті енуі уақытша құбылыс емес екендігін дәлелдеп берді. Жалған мамандар ғана уақытша жүреді. Нағыз мамандар инфобизнес саласында ұзаққа дейін барады. Онлайн сабақ беру дамуы мүмкін, бірақ кері кетпейді.  

- Сіз үшін өмірде не маңызды? 

- Өмірде не маңызды болса сол нәрсенің барлығы менде бар. Өзімде бар нәрсені құрметтеймін, сақтаймын, қорғаймын. Өзіме маңызды дүниелерге сай өмір сүремін. Маған шынайылық, адалдық, достық, ұлтжандылық, мақсатқа жету маңызды. Бұлар менің өмірімнің босқа өтіп жатпағанының дәлелі.  

- Соңыңыздан келе жатқан ізбасарларыңызға қандай кеңес бересіз?

- Біріншіден, өзіңнен баста! Өзіңді дамыт! Елмен алыспа! Қазір қандай жағдайда болсаң, сол жағдайға өзің лайықтысың. Дамуды өзіңнен баста! Басқаларға деген талапты азайт! Өзің үлгі бол! Өзің дамы! Өзің өс! Сол кезде айналаңның өзгергенін көресің.  

Екіншіден, сыни ойлауды қалыптастыру. Кез келген жағдайда ақпаратты жұта бермей, өзіңнің жеке сүзгіңнен өткіз. Өзіңнің осы ақпаратқа қатысты сезімдеріңе талдау жасай біл. Кез келген жағдайдан шығар жол бар. Кезіккен кезергіден шығатын жүз жол бар. Біз оның екі-үш жолын ғана көреміз. Басқа жол жоқ деп сол қабырғаға келіп соғыла береміз.  

Үшіншіден, өзіңе адал болу. Өзіңе адалдық - психологиялық саулық. Өзіңді таңдау. Өзін таңдайтын адам ешқашан құрбан болмайды. Адам өзімен сау қарым-қатынаста болса басқалармен де жақсы қарым-қатынас құрай алады. Өзіне адал адам бақытты. Сен өзіңді сатпайсың, сол себепті өзіңе берген уәдеңді орындайсың. Мақсатқа жеткізетін дүние - өзіңе адалдық.