Bugin

Қалмақты қырған қытай мен орыс емес – Гарвардтағы қазақ ғалымының сөзі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жоңғарды қырып, тарих парағынан біржола жоқ қылып жіберген қытай мен орыс емес, қазақтар. Кеңес үкіметінің саясаты бұл шындықты айтпай ұзақ құрсауда ұстады. Орыс тарихшылары да ләм демеді. Өйткені қазақтың ондай шындықты білгенін қаламады. Құлдық психологияны егу үшін, қазақ халқының бұл ерлігін қытай мен орысқа теліп жіберген. 

Осылай дейді қазақ тарихшысы, Гумбольдт сыйлығының иегері, Гарвард университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет. Бұл жайлы Bugin.kz тілшісі жазады. 

Ғалымның айтуынша, Абылай заманында Қытай жерін билеген – біз көріп, біз айтып жүрген қазіргі қытай ұлты емес. Ол кезде Қытай жерін маньчжурлар билеп тұрған. Атақты Цин империясы осылардікі. Маньчжурды қазақтар «шүршіттер» деп атаған.

«Абылай хан мен мәнжүрлердің арасында «жоңғарды қырып, жерін бөліп алайық» деген келісім болған. Абылай бастаған қазақтар жоңғардың шығыс қағанатын, мәнжүрлер батыс жоңғарларды қыруға келіседі. Бөгенбай мен Қабанбай батыр бастаған қазақтар жоңғарларға тойтара соққы бергенін бәріміз білеміз. Қалмақтарды бұрынғы жеріне дейін қуып апарып, қалғанын бала-шағасына, түп-тұқиянына дейін қырып салған. Тіпті, Қожаберген батыр бастаған әскер шүршіттердің шекарасынан өтіп, Үрімші мен соның маңындағы Манас тауларына дейін барып, сонда тау-тауда тығылып жүрген жоңғарларды жер жастандырған. Бұл қанішерлік емес. Қазақтар қалмақтардан 100 жылдық кегін солай қайтарған. Ал батыстағы жоңғарларды қырған – мәнжүрлер, оған талас жоқ», - деп түсіндіреді профессор.

Қалмақтың бас иген, мойынсұнған бір тобын мәнжүрлер қырмай, Цин империясының құрамына қосқан. Олардың ұрпағы қазір Алтай аймағының екі өлкесінде тұрып жатыр.

«Мәнжүр де – көшпелі халық. Кезіндегі қара қытай немесе қидан тайпасының ұрпақтары. Қазіргі қытайға еш қатысы жоқ. Бұл қытайлар 1940-жылдары алғаш рет мемлекеттік алған халық. Өздерін ханзу деп атайды. Қазақ пен мәнжүр арасындағы келісім қазір қытай архивтерінде жатыр», - дейді ғалым.

Профессордың айтуынша, кеңес тарихында қалмақтарды қырған қытай мен орыстар деп оқытып келгені рас. Мұның бәрі саясат қана.

«Қазақтың ерлік тарихы мен өткенін ұмыттыру үшін осындай құйтырқыға барған. Қытаймен шекарадағы жерді қазақтарға орыстар алып берді деген сыңай айтылды. Бірақ көріп отырғанымыздай, оның пұшпағы да байқалмайды. Қазір бұл шындықты көбі білмейді. Нәбиден Әбуталиев атты тарихшының «Ордабасы Қожаберген» деген еңбегінде осы шындықтың беті ашылған», - деп көрсетеді профессор Нұрлан Кенжеахмет.