Bugin
2022 жыл сәуір айының 22-23 жұлдызында Түркістан төрінде Қожа Ахмет Ясауи университетінің 30 жылдық мерейтойына орай «Ахмет Ясауи университеті: 30 жоба – 30 бағыт» идеясының көрсетілімі өтті.
Іс-шараға мәдениет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен жергілікті халық қатысты. Идеяның негізгі концепциясын, мақсатын оқу орнының ректоры Темирбекова Жанар Амангелдіқызы таныстырды. Кейін университет әкімшілігі әр жоба барысына жеке тоқтады.
Бұл идеяның негізгі мақсаты — халық әлеуеті мен әлеуметін көтеру, студентердің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту, Түркістан облысының рухани-экономикалық деңгейін арттыру. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен төл құрдас болып бастау алған 30 жоба мемлекеттік маңызы бар, қоғамға қажетті ең негізгі салаларды қамтиды. Мысалы, IT, медицина, халықаралық қатынастар, білім, туризм, теология және тағы басқа.
Аталған салалар аясында жыл басынан бері біршама жоба өз жұмысын бастаған. Оның ішінде мектеп мұғалімдерінің біліктілігі мен кәсібилік деңгейін көтеруге арналған «Ясауи көктемгі мектебі» жобасы. Көктемгі мектепте Түркістан өңіріндегі орта мектеп мұғалімдері мен жетекшілері педагогика, кәсіп, менеджмент сияқты бағыттар бойынша арнайы курс өтеді. Жоба басшыларының ойынша, педагогтер саналы ұрпақ тәрбиелейтін басты тұтқа болғандықтан үнемі даму және білу процессінде болуы тиіс. Бүгінде университет қабырғасында өткен мектепте 243 педагог маманға біліктілік сертификаттары табысталған.
Айта кету керек, жобалардың көбі Түркия мемлекетімен тығыз байланыста іске асып жатыр. Оның ішінде тұтас Түркі әлемінде денсаулық сақтау саласының деңгейін жоғарылату мақсатында «Ана жұрттан ата жұртқа — денсаулық көпірі» бағдарламасы іске асты. Жоба аясында Түркиядан ең мықты 11 маман келіп алпысқа жуық күрделі ота жасаған. Одан бөлек бірлескен идея негізінде уни¬верситет клиникасы заманауи стан¬дарт-тарға сәйкес жаңғыртылады.
Университеттің 30 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылып жатқан 30 жоба тек оқу орнының ғана емес, еліміздің де, Түркістан облысының да әлеуметтік-экономикалық потенциалын арттырары анық. Мемлекетіміздің дамуы — бәсекеге қабілетті қоғамның қолында.
Ақбота НЫСАНБАЕВА,
Тұран университеті