Bugin

Балаларды қорғау күні балаңызбен қалай уақыт өткізесіз? 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін елімізде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтілуде. Бұл мерекені ата-аналар балаларымен бірге өткізіп, оларға ерекше сәт сыйлауға тырысады. Осыған орай, Bugin.kz порталы, ата-аналар мен балалардан мерекені қалай атап өтетінін сұрап білді.  

Шадай Мақпал, ата-ана, Шымкент қаласы:  

ХХІ ғасырдың анасы болғандықтан балама бей-жай қарамаймын. Тек мейрам ғана емес. Қызымның әрбір күні мереке. Қызымның жанында 24/7 болмасам да уақытын өте тиімді, пайдалы, есінде қалатындай етіп өткізгім келеді. Ал, бүгінгі мерекеде өмірінде бармаған жерлерге бардық. Балабақшасын ауыстырдық. Бұл ең үлкен сыйлық болды, себебі, бұрынғысынан да күшті балабақшаға барды. Зоопаркке апардық. Бір жарым жаста түсінбейді ғой деп емес, түсінсін деп қарағым келеді. 

Сабыржан Мәдиев, ата-ана. Астана қаласы:  

Бала басты байлығымыз. Сол себепті, оларға үнемі көңіл бөліп, қуантып, ерекше естеліктер сыйлауға тырысуымыз керек. Менің екі қызым бар. Қыз әкеге жақын болады деп айтып жатады. Расында, солай. Екі қызым екі қолқанатым. Оларды тек мереке күндері ғана емес, апта сайын қыдыртып, ойын-сауық орталықтарына апарып, үнемі қуантуға тырысамын. Күндіз жұмыста болсам кешкілік міндетті түрде далаға серуендетемін. Оларға айрықша көңіл бөлу біздің отбасының дәстүріне айналған. 

Айнұр Көкібаева, ата-ана, Тараз қаласы: 

Шынымды айтсам, мереке күні ғана баламмен уақыт өткіземін. Басқа күндері таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан толыққанды көңіл бөле алмаймын. Көбінесе әжесі қарайды. Басқа күндері де әжесі қыдыртады, ойнатады. Жыл сайын концерттік бағдарлама болады. баламмен сонда барамын. Кейін саябаққа барамыз. Міндетті түрде сыйлық әперемін. Оны өзі таңдап алады. 

Ал балалар мерекені қалай өткізеді? 

Айша Бақытжан, 7 жаста: 

Мерекені әркезде әрқалай өткіземіз. Таңертең анам жұмысқа кетті, түсте келгеннен кейін саябаққа барып, қыдырдық. Анам бүгін маған өзіме ұнаған күлгін түсті көйлек сатып әперді.  Бұл күн мен үшін ерекше мереке. Маған мерекелерде анаммен бірге қыдырған ұнайды. 

Әділет Еділ, 9 жаста: 

Біз үшін 1 маусым айрықша күн. Біздің құрметімізге осылай бір күн бекіткені үшін қуаныштымын. Себебі, ата-анаммен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік болады. Басқа күндері ата-анам жұмыста, мен сабақта боламын. Ал, жаздың алғашқы күні, демалысымыздың осындай мерекемен басталғаны қандай жақсы. Ата-анамыз, інім Әли мен қарындасым Әсия үшеумізді қуыршақ театрына алып барды, одан шыққан соң жақсылап тамақтанып алып, әрі қарай хайуанаттар бағына бардық. Бұл жылғы мереке біздің есімізде айрықша әсерімен қалды.