Bugin
Алты түрлі кәсіпті дөңгелетіп отырған Арман Тосқанбаев Қазақстан мен шетелдік бизнес-климат туралы сұрақтарға жауап берді.
Арман Тосқанбаев кім? Қайдан келесіз? Қайда барасыз?
Өмірдегі басты қағидаларымның бірі «Өмір біз келгенде қандай болса, біз кеткеннен кейін бұрынғыдан да жақсырақ болуы керек». Қайдан келсек те, кім болсақ та еліміз үшін жақсы іспен айналысқанымыз жөн. Себебі, ондай іс міндетті түрде өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Қазір немен айналысып жүрсіз? Қандай бағытта жұмыс істеп жатырсыз?
Әртүрлі бағытта жұмыс істейтін алты компаниям бар. «Жаңа жасыл технологиялар», «Zertis», «Otan» сағат, «Marine Health», «MePost» агрегатор, «MedCompany» архитектуралық компаниялары. Олар ауылшаруашылығы, сағат, витаминдік қоспалар, архитектура-құрылыс, IT бағыттарында жұмыс жасайды. Бұдан бөлек стартап ретінде жасалып жатқан үш-төрт жобалар бар. Бізде идея бастапқыда тестілеуде болады. Жылына 10 бизнес идеяға дейін тексеремін. Қазіргі таңда, адамдарға әлсіз-мықты тұстарын көрсететін «СанаТест» IT жобасын жасап жатырмын.
Негізгі алты компания өздігімен жұмыс жасай береді. Соның бірі, «Otan» сағат компаниясы. Биыл бұл компанияға жеті жыл толды. Қазіргі таңда, Қазақстаннан бөлек Қызғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінде жұмыс жасаймыз. Ол жақтағы сағаттар басқа брендпен, сол мемлекеттердің елтаңбасымен шығады. Мысалы, Өзбекстанда «Бируни» деп аталады. Осы жылдың күзінде 7 жылдығымызға арнап жаңа коллекция сағат жасап шығарамыз.
Жылына 1000-1500-ға жуық сағат жасаймыз. Олардың орта бағасы 1000 доллар. Сағаттарымыз қымбат болғаннан кейін үлкен партиялар шықпайды. Бізде сатылымдар көбіне корпоративті секторда өтеді. Өйткені, ол жақта компаниялар өзінің логотипімен сұратады. Негізгі тапсырыс берушілер Ұлттық қауіпсіздік комитеті, министрліктер мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Nomad Insurance» сақтандыру компаниясы. 7 жылдың ішінде ең ірі сағат компанияларының біріне айналдық.
Ал, «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясы көбіне құралдар сатады. Аталған компания ауыл шаруашылығы саласы секторында гидропонды қондырғыларды жасаумен айналысқандықтан аса қатты көріне бермейді. Өйткені ол B2B сектор. Ресейге салынған санкцияға байланысты шетелдік қондырғылар келмей жатыр. Көбінесе Ресейге экспорт жасалынып жатыр.
«Zertis» - зерттеу іс деген екі сөзден құралған. Қырғызстанда бірінші мектепті гидропоника бойынша жасадық. Бішкекте бір сыныпқа жөндеу жұмыстарын жасап, гидропонды қондырғылармен лаборатория жабдықтадық. Қазақстанда 26 лабортория жұмыс істейді. Соңғы жобаларымыздың бірі High Tech Academy мектебі. Қазақстан бойынша ең үлкен гидропоникалық биологиялық кабинетімізді HTA мектебінде жасап, дайындадық. Жөндеу жұмыстарын маусым айында бастап тамыз айында аяқтадық.
Осы компаниялардың ішіндегі ең ірісі Marine Health. Marine - «көл», health - «денсаулық». 11 мемлекетте жұмыс жасайтын компаниямызға осы жылы 4 жыл толды. Жапониядан әкелген денсаулыққа арналған қоспаларды сатумен айналысамыз. Қазір Қазақстанда ингредиенттерді өндіретін өзіміздің ең алғашқы цехымызды аштық.
Кез келген табысты адамның соңында мықты команда тұрады. Командаңыз туралы білсек.
«Қандай да бір жоба болмасын, ол жерге мықты команда жинау керек» деген стратегиям бар. Мен ол жерде жұмыс кезеңін басқарумен айналыспаймын. Идея, жаңа ой келген кезде оны жүзеге асыру үшін команда жинаймын. Сосын оны басқаратын бір жауапты адамға барлық жұмысты тапсырамын. Тұрақты түрде жобаның басында жүруге мүмкіншілігім бола бермейді. Себебі 6 жобаның әрбірін басқаруға бір ғана адамның зейіні жетпейді. Соңында үлкен мәселелерге тап болуы ықтимал. Басты мақсатым - мықты команда жинау.
Командаға жаңа адам қабылдайтын кезде неге мән бересіз?
Ең бастысы - адами қасиеттер. Жақсы адаммен алысқа барасың. Кәсібің өрге домалайды. Сонымен қатар, мінезі ашық адам болуы шарт. Міне осы құндылықтарды адам бір-бірінен таба білуі керек деп ойлаймын. Болашақ серіктесіңіз жұбайыңыз немесе досыңыз секілді жақын адам болуы тиіс. Себебі, үштен бір уақытыңызды сонымен өткізесіз. Исламда «Адам жайлы айтпа. Егер ол адаммен кәсіп жасап көрмесең, ақша бөліспесең және ұзақ жол жүрмесең» деген сөз бар. Уоррен Баффет: «Адамда үш қасиет болуы керек. Ол - энергия, интеллект және жақсы адам. Үшінші қасиет болмаса алғашқы екеуі қажет емес» - дейді.
Қазақстандағы бизнес саласында өзгеріс бар ма?
Әртүрлі өзгерістер орын алуда. Қазақстанда бизнес-климат өте тамаша. Өйткені Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де бизнес жүргіземін. Олармен салыстырғанда елімізде кәсіпкерлік жақсы дамыған. Бірақ, кем тұстары да бар. Жылдан жылға салық саясаты азаюдың орнына, көбейіп барады. Ал басқа жағынан алатын болсақ, Қазақстанда жұмыс жасау тиімдірек деп санаймын.
Қазақстандық нарықты бақыламаймын. Басты мақсатым - кәсібімді шетелде дөңгелету. Мысалы, кәсіп саласында шетелде жұмыс істейтін компанияларымның үлесін көбейтіп жатырмын. Бүгінгі күнде компаниялар бойынша толық табысымыз 60% Қазақстанға келеді, 40% шетелге кетеді. Шетелдік компаниялардың бізге әкелетін табысының үлесін көбейтуді көздеп отырмын. Шетелден кәсіп саласына байланысты тәжірибе жинап, тұрақты бизнес жасағым келеді. Мысалы, бір бизнесімізді Түркияда, екіншісін Моңғолиядан ашып жатырмыз. Тағы біреуін 2021 жылы Индияда ашып көрдік. Алайда, коронавирустың өршуіне байланысты қиындықтарға тап болып, елге қайтуымызға тура келді. Алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка аймақтарына бағыт алып, бизнес жүргізуді жоспарлап отырмын. Әрине, неге бұл мемлекеттер деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі нарықтық жаңғыру осы екі аймақта болады деп ойлаймын.
Кәсіп жолында қандай да бір кедергілер немесе дағдарыстық кезеңдер болды ма? Сіз қалай өттіңіз?
Бір емес 2-3 рет дағдарысқа ұшырадық. Ең бірінші 2014 жылы мені өз компаниямнан серіктестерім қуып шықты. Ол кезде компанияның басқарушысы болдым. Компанияны жүргізу әдістерімнің бірі авторитарлық режим болатын. Әріптестерім мүмкін сол режимге шыдамаған болар. Бірақ, одан кейін аяққа тұрып «Otan» сағат компаниясын аштым. Серіктестерім қуып шықпағанда «Otan» сағат компаниясы болмас еді. Күйзеліске түсіп, 6 ай бойы жұмыссыз үйде болғанның арқасында жаңа идеялар келе бастады. Өмірдегі дағдарыстық кезеңдер адамның тәжірибе жинауына, сынбауына, мықты болуына әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан дағдарыс дегеннен қорықпаймын. Бола берсін.. Жеңеміз! Қайтадан аяққа тұрамыз!
Қазақстанда кәсіп бастау үшін нені ескеру керек?
Қазақстан бизнес ашу үшін ең ыңғайлы орта. Қай сала болмасын қиындық жоқ. Бірақ, адамның өзіне байланысты. Біздің мемлекетімізде оңай ма, қиын ба дегенге қарамайды. Бизнес жасауға адам қаншалықты дайын? 15 жылдың ішінде бизнес саласында командамен жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім. Бүкіләлемдік қағидалардың бірі: жалғыз адам жақсы бизнес жасай алмайды. Ол үшін міндетті түрде мықты командаңыз болуы керек. Көптеген кәсіпкерлер жалғыз жасай аламын, себебі табысты кәсіпкерлер өз кәсібінде жетістікке жалғыз жетті деп ойлайды. Алайда, оның артында мықты команда тұр.
Сондай-ақ, көбіне енді ғана кәсіпкерлікті бастағандар бір-біріне сенбейді. Бизнеске келгенде онымен серіктес бола алам ба? Ақшаны бөлісе алам ба? Ертең ұрыс-керіс болса, оны қалай шешемін? Осы секілді түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Сол кезде одан да өзім жасай берейін деген ой келеді. Бұл жерде бастысы адамдармен бөлісуге қорықпау керек. Бүкіл компанияларымда менің үлесім 20-25 пайыздай. Өйткені компанияны 100% өзім басқарып отырған ұнамайды. Маған бөліскен ұнайды. Бөлісу арқылы жақсы серіктестер таба алатыныма сенемін.
Бір емес бірнеше кәсіпті басқарып келесіз. Жалпы кәсіпке идея мен мотивацияны қайдан аласыз?
Өмірлік миссиям - бақытты өмір сүру. Мен үшін бақыт деген не? Ол - сүйікті ісіммен айналысу. Сүйікті істерімнің бірі жаңа жобалармен шұғылдану және нәтижесін көру. Энергияны нәтиже арқылы аламын. Бизнесті іске асырамыз, жасаймыз, топ жинаймыз, соның жемісін көру арқылы қайтадан шабыттанамыз. Бұл бітпейтін процесс. Мен үшін жаңа бизнес ашу табыс табу үшін емес, бақытты өмір сүру үшін.
10-20 жылдан кейінгі Арман Тосқанбаевты қалай елестетесіз?
10 жылдан кейін Арман Тосқанбаев миллиардер, филантроп, инвестор, меценат. 100 миллион доллар қаржы табуды мақсат етіп отырмын. Ол ақшаны Қазақстанның білім саласына инвестициялауды жоспарлап отырмын.