Bugin

«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады.  

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді: 

– «Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды» 

Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің  ауқымды жобасын жалғастырды. Идея жас ұстаздардың «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесуден кейін туған.  Елордада, Өскеменде, Қарағандыда, Алматыда, Павлодарда, Қостанайда бірқатар кейс-сессиялар өтті. 

Алматылық математика пәні мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сөзінше, бүгінгі таңда әр мұғалім цифрлы болуы керек, бұл – сән емес, қажеттілік. Темірбек өзінің шеберлік сабағында әріптестермен пікір алмасты: 

– «Әлемде табысты мұғалімге қойылатын басты жеті талап бар, олардың үшіншісі – цифрлы сауаттылық және оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу». 

Тik-Тоk-та 14 мың жазылушыны есептерді тез шешуге үйреткен және балалардың математикаға деген қызығушылығын қолдаған Темірбектің үлгісі барлық жас мұғалімдерді шабыттандырды. 

Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді.  «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады. 

Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.