БІЛІМ
Фото: bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
Ашаршылық жылдарында қазақ қынадай қырылып жатқанда көмек қолын созған қырғыз азаматы бар. Ол – Жүсіп Әбдірахманов. Bugin.kz порталы оқырман назарына Әбдірахманов туралы деректер ұсынады.
Жүсіп Әбдірахманов 1901 жылы 28 желтоқсанда Ыстықкөл облысының Чиркей ауылында дүниеге келген. Ол – Мемлекет қайраткері, Қырғыз АСКР Халық Комиссарлары Кеңесінің бірінші төрағасы, қырғыз мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі.
Қазақтарды қалай аштықтан құтқарған?
1932 жылдың көктемінде қазақтар көмек қолын созады деген үмітпен Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) келеді. Фрунзе тұрғындары өздері де қиын жағдайда болса да, барын бөліп береді. Аштықтың салдарынан 1933 жылы он мыңнан астам қашқын өлім аузында болған. Сол кезде мемлекет қайраткері Жүсіп Әбдірахманов бір туған қазақ ұлтына көмектесуге шешім қабылдайды. Ол Сталиннің азық-түлік тапсыру жоспарынан бас тартып, ет пен астықты қазақтарға таратуға бұйрық береді. Сталиннің бұйрығын орындамағаны үшін 1933 жылы қызметінен алынып, партиядан шығарылды. 1937 жылы 4 сәуірде тұтқындалып, 1938 жылы 5 қарашада атылды. Қуғын-сүргіннің құрбаны болған Жүсіп "Әли бейіт" деп аталатын жерге жерленген. Оның ұстанымын ұлтшылдық деп бағалаған.
Саяси қайраткер туралы қызық фактілер:
- Әкесі Әбдірахман Балапанов манап, би, үш жыл бойы болыс билеушісі болып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан;
- Ата-анасы қайтыс болғанда Жүсіп пен оның ағасы Доко жетім қалды. Ағайындылар арасындағы жас айырмашылығы 8 жыл болған;
- Жүсіп Әбдірахманов Түрксіб теміржолының салынуына белсенді атсалысқан;
- Мақта дайындау кезінде 97 адамнан тұратын отрядты басқарған;
- Өмірінің 30 жылының 13-н революцияға, партияға, қызметке арнаған;
- 1930 жылдардың басында ол Қырғызстанды автономиялық республикадан одақтас республикаға айналдыру идеясын ұсынған;
- Жүсіп Әбдірахмановтың Гүлбахрам атты әйелі және бес баласы болған;
- Ұлдары – Әнуар, Әлібек, қыздары – Аида, Раиса және Ленина;
- Әйелімен татуласу үшін той ұйымдастыратын болған;
- Әбдірахманов бірнеше жыл бойы жеке күнделік жүргізген;
- Ленина әкесінің күнделігін отыз жылдан аса уақыт іздеген, 1989 жылы партияда қалпына келтірілгеннен кейін алды;
- Күнделікте Жүсіп үйленгеніне қарамастан, сол кезде әйгілі футурист және троцкист Мария Натансонға деген сезімін ашық білдірген;
- Тарих ғылымдарының докторы, профессор А.С.Ормушев пен тарихшы В. Жұмалиева Ж.Әбдірахмановтың өмірі мен саяси қызметіне арналған "Жүсіп Әбдірахманов – Ұлы мемлекет қайраткері" атты ғылыми кітап жазған.
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева