Авторлық ертегі

Жерді кім ұстап тұр? Жер неге құламайды?

Қыр баласы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жерді кім ұстап тұр? Жер неге құламайды? Бұрын адам баласы білімге соқыр күнінде, жердің қандай екенін білмейтін күнінде, жоғарыда айтылған білім жолы жоқ күнде, адам баласы ойлаған: жерді не біреу көтеріп тұр, не жердің астында сүйеніші, таянғаны бар; жерді көтерген көк өгіз, оны көтерген балық (кит), мұны көтерген су, мұны көтерген тағы жер деген.

Ат айналып қазығын тапқан: осы ертегі адам баласы надан-соқыр уақытта шыққан. Не біреу қолымен ұстап тұрмаса, не көк өгіз көтеріп арқалап тұрмаса, жер құлап кетпес пе еді? – деген. Көк өгізге жерді артсақ, айналып жерге келеміз, жер тіреуде дескен. Жөн, жерді тіреу көтеріп тұр дейік. Тіреуді не көтеріп тұр? жер темір білекпен түйреулі дескен. Жөн, жерді темір білек ұстап тұрсын. Бұл біліктің басы қайда жатыр, неге тіреулі? Жер желбауға байлаған көнектей, алтын жіпке байлаулы, аспанға алулы дескен. Енді білім алып танып отыр: аспанда шет жоқ, аспан зат емес, алтын жіпті байлайтын жер жоқ. Жерді кезген оқымыстылар жерді талай қаққан, талай айналған. Бұлар не көк өгізді, не бағананы, не алтын жіпті көрген жоқ. Жерді көтерген өгіз, бағана, жіп көзге түспей қалатын кішкене емес шығар, жер шыр айнала, қай жағынан келсең ешбір нәрсемен қосылмайды, аспанда жалғыз, жалқы, жетім тұр.

Көк өгіз, бағана, жіп неге керек? Жер жығылып кетпеске ме? Жер қайда жығылады? Төменге ме?

Біз жоғарыда айттық: төмен жердің өз іші дедік, жердің тап ортасы дедік. Ал аспан да төмен бе? Ол қайда? Біз көріп тұрған жоқпыз ба: күн, ай, жұлдыз ұшы-қиыры жоқ аспанда тіреусіз, жіпсіз, көк өгізсіз қалқып жүзіп жүргенін? Жер де аспанда осылардай жүр: орын көп, жетерлік! Жермен бірге жүр адам, өзге заттар-дариялар, біз дем алуға ауа ― Жердің киімі.

Ұшы-қиыры жоқ аспанмен істес болғанда жығылу болмайды, құр жүріс қана болады. Шет жоқ болса, асты-үсті, жоғары-төмені бола ма?

Әлихан Бөкейхан

Шығармалары, ХІІ том