Bugin

Қызметтік киім кимеуге тырысады: Мәскеуде орын алған митингтерден кейінгі полицияның жағдайы қандай?

Тәртіп сақшыларын үкімет те қорғай алмайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы уақыттары Ресейде наразылық шаралары күшейгені белгілі. Соңғы үш аптаның өзінде үш бірдей наразылық шарасы өтті.

Мұндай наразылық шаралары акцияға қатысқандардың ғана емес, оған күш көрсетіп, жауыздыққа барған тәртіп сақшыларының да өміріне әсер етуде. Ресейлік БАҚ-тар елде наразылық шаралары күшейгеннен кейін, құқық қорғау органдарына да жұрттың жеккөрініші мен жиіркеніші күшейгенін айтуда. Ел арасында араздық пен арандатушылық тудырмас үшін мәскеулік полицейлер жұмыс уақытынан тыс жерде қызметтік киімдерін кимеуге, форманы асынып жүрмеуге тырысуда. Осыған орай, Мәскеу Полицейлері кәсіподақ кеңесінің мүшесі Михаил Пашкиннің URA.RU сайтына берген сұхбатында былай дейді:

- Азаматтардың көбі шынайы өмірде емес, әлеуметтік желіде отырып, құқық қорғау органдарына қарсы қоқан-лоқы көрсетіп, доңайбат танытады. Шынайы қауіп-қатер әзірше жоқ. Бірақ сонда да қауіптен сақтанып жүрген жөн. Сондықтан қазіргі кезде тәртіп сақшылары қызметтік киімдерін жұмыста шешіп қалдырады да, үйге азаматтық киіммен қайтып жүр. Жұмысқа да солай келеді, - дейді кәсіподақ мүшесі.

Пашкиннің айтуынша, қазіргі кезде тәртіп сақшыларына да оңай болып жүрген жоқ. Өйткені олар биліктен түскен тапсырманы ғана орындауға тиіс, сондықтан кейде аяусыздыққа да баруға тура келеді.

- Ал мен сөйлескен қызметкерлердің көбі мұндай негативтің оларға ауыр екендігін, алайда соған баруға мәжбүр екендігін айтады. Әйтпесе, жеп отырған нанынан айырылады. Тапсырманы орындамаған қызметкерді жұмыстаны шығаруға мыңдаған себеп табылады, - дейді Пашкин.

Тіпті, құқық қорғау қызметкерлерін үкімет те қорғамайды.

- Полиция қызметкерлері – нағыз қорғаусыз қалған адамдар. Басшылық кез келген уақытта оның көзін құртып жіберуі мүмкін. Мұны барлығы да біледі, - деп кәсіподақ мүшесі.

Осы орайда айта кеткен жөн, 10 тамыз күні Мәскеуде өткен рұқсат етілген митингіге тәртіп сақшылары арнайы шлем киіп, жүздерін тұмшалап шыққан болатын. Бұл да халықтан қорғанудың кезекті шарасына ұқсайды. Өйткені жүзі жабық тәртіп сақшысы ашық жүргенге қарағанда әлдеқайда ауыр жазалауға бара алады. Себебі оны танып жатқан ешкім жоқ.