Түркі әлемі

Қазақ билеушісі жар етіп алған қытай қызы кім?

Ол артына ұрпақ қып Шауфу есімді бір қыз туып қалдырған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Б.з.б.141 жылы Хән (Қытай) патшалығына Хән Уди Лю Чы патша болады. Бұл кезде Хән патшалығының солтүстігіндегі ғұндар күшейіп, Хән еліне шабуыл жасап, қауіп-қатер төндіріп отырады. 

Осы жағдайға байланысты Хән елінің белгілі елшісі Жаң Чян патша Хән Удиге мынадай ұсыныс береді: «Қазір Үйсіндер құдіретті елге айналып, ғұндарға бағынудан бас тартып отыр. Бұрын ғүндардың ханы Хұтшеге (Ғұняға) қараған Хыши дәлізі бізге қарағаннан бері иен тұр, үйсіндер шығысқа қайтып, осы өңірге қоныс тебетін болса, ғұндардың оң білегін үзіп тастауға, үйсіндермен одақтассақ, батыстағы Бактрия және т.б. жерлерді де өзімізге тәуелді етуге болар еді», – деп, қытайлар ғұндар мен үйсіндер арасындағы араздықты ұтымды пайдаланып, өз дегеніне жетуді көздейді. 

Бұл пікірді мақұлдаған Уди патша Жаң Чянды Үйсін еліне, Үйсін күнбиі (билеушісі) - Елжауға үш жүз адаммен жібереді. Жол азығы үшін он мыңдаған қой, сиыр айдайды, әрбір адамға мініске екіден ат беріледі, тарту-таралғы үшін сан мың алтын, күміс, торғын, торқа, асыл бұйымдар алып жүреді. Сөйтіп ақыры өз дегеніне жетеді. Яғни, үйсінді пайдаланып, ғұндарды жеңеді.

Осындай жағдайда Елжау Хән патшалығымен жақындай түсуді көздеп, б.з.д. 110–109 жылдары Хән патшасының ханшасы - Шижүн ханшаны айттыруға кісі салады, мың жылқы қалың мал айдатып, құда болады. Хән Уди патша бұны қуанышпен қарсы алып, үйсіндердің жылқысынан он асыл тұқымды тұлпарды алып, Чаң-Ән қаласының маңындағы хайуанаттар паркінде көпшілікке көрмеге ұстайды. Осылайша Шижүн ханша жүздеген нөкерімен Үйсін еліне ұзатылады.

Шижүн ханшаның Үйсін күнбиі - Елжау биге ұзатылуы әдеттегі құдандалық емес, белгілі саяси мақсатты көздеген құдалық еді. Өйткені, тарихи жазбаларда Үйсін күнбиі - Елжау Хән әулетінің ханшасы Шижүнді айттырған кезде жасы жетпістен асып, егде тартқан, немере-шөберелі болған кезі болатын. Шындығында ол ханшаны некелесу үшін емес, екі ел арасындағы дипломатиялық саяси мақсат үшін алғаны айқын.

Үйсін еліне ұзатылған Шижүн ханша үйсін ордасында бес жыл тұрып, б.з.д. 103 жылы шамасында қайтыс болған. Ол Шауфу (Саубу) атты бір қыз туып қалдырды.