Авторлық ертегі

Алып империяның көсемі Әлиханның беделінен үркетін

Алаштың Әлиханы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алаштың көсемі, күллі қазақ елінің мақтанышы һәм «тұңғыш президенті» Әлихан Бөкейхан жазықсыз ату жазасының құрбаны болды. Кейінгі ұрпақ осы күнді есіне алған сайын, Кеңес үкіметінің жасаған қастандығын және ұлт зиялыларының еш себепсіз атылып кеткенін түсінсе дейміз...

Сталин Алаш көсемінің артқан беделінен үркіп, «шұғыл шара» дайындау арқылы оның айналасындағы ұлт зиялыларын халықтың жауы ретінде көрсете отырып, өлім жазасына кесуге тырысты және бұл ойын жүзеге асырды да. Басты себеп, сол кездегі Әлихан Бөкейханның халық ішіндегі беделі еді. Оны «Ұлт көсемі», «Біздің ханымыз», «Тұңғыш президентіміз» деп атай бастаудың астында үлкен мән де жатты. Алаш көсемі халық алдындағы борышын орындай отырып, елімен бірге Кеңес үкіметіне қарусыз майданда (ұлттық идеология) күресу арқылы, ел санасын ояту, елдің тәуелсіздігіне қол жеткізу секілді өте өзекті мәселелерді алға қойды.

Империя көсемі үшін бұл әрекеттер қауіпті болды. Сондықтан Сталин Әлихан Бөкейханның әрбір басқан ізін аңдып, артына шырақ алып та түсті. Ең ақыры өзінің итаршасы Ф.Голощекин арқылы барлық ақпараттан хабардар болып отырды. Мәселен, Әлиханның 1937 жылғы 3-25 қыркүйектегі қорытынды айыптау ісінде «Оның Қазақстанға жасалған әрбір сапары контрреволюциялық белсенді жұмыстардың жандануымен жалғасып жатты» деп көрсетілген.

1925-1933 жылдары Қазақ өлкелік ВКП (б) комитетінің хатшысы болған Ф.Голощекин 1930 жылдың басында «За партию» журналында: «Бұл уақыттары (1920-1925 жж.) партиялық құрылыс талабынан тысқары Алашорданың партия ырқынан ада яғни қожановшылдық, рысқұловшылдық және садуақасовшылдық сипаттағы топтық басымдылық идеологиясын жүргізді. Бұл жылдары басшылық аталған ұлтшыл топтардың қолында болатын... Сол уақытта қандай да бір топқа жатпайтын коммунист-қазақты табу мүмкін еместігіне кәміл сенімдімін»,- деп тізбектеліп көрсетілген негіздемелерге қарамастан, Қыр баласын тұтқындап, жойып жіберуге тәуекел ете алмады.

Алаш көсемін соңғы рет Бутырка абақтысына тұтқындап отырғызу 1937 жылдың шілдесінде болатын. Оның №3640 ордер дәлелдейді. Тұтқындау 1937 жылдың 2 шілдесінде іске асырылды.


Дереккөз: Әлихан Бөкейхан шығармалары.  XII том